Қақтығыс жағдайында әлемде жаппай қырып-жоятын қаруды пайдалану қаупі бар — Роман Василенко

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір әлемде геосаяси шиеленіс күшейіп келе жатқан кезеңде ядролық қарудың адамзат үшін үлкен қауіпі бар. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәлім етті. 

Роман Василенко
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

— Астана халықаралық форумында Президент тоғыз елдің арсеналында жалпы саны 13 мың ядролық оқтұмсық бар екенін атап өтті. Бұл жағдай баршамыз алаңдатып отыр. Осы қару түрін біреулер қателесіп немесе қақтығыс жағдайында пайдалану қаупі бар екенін ұмытпау керек. Әлемдегі ауқымы бойынша төртінші арсеналдан бас тарқан және Семей ядролық сынақ полигонын өз еркімен жапқан ел ретінде адамзат осы қарудың қатеріне үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс деп санаймыз, — деді Роман Василенко Астана халықаралық форумы кезінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда ол Қазақстан ядролық қарусыз әлемді құруға ерекше мән беріп отырғанын, бұл процесте елімізде белсенді түрде үлесін қосып келе жатқанын еске салды.

— Сондықтан Қазақстан Президенті қазір әлемде геосаяси шиеленіс күшейіп келе жатқан кезеңде барша адамзат үшін осындай үлкен қауіп бар екенін қадап айтты. Осы орайда жаппай қырып-жоятын ядролық қаруды таратпау ұстанымы өте маңызды, — деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында еліміздің ядролық сынақтардан шеккен зардабына тоқталды

Соңғы жаңалықтар