17:52, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қала әкімдігінде Төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы өтті
АСТАНА. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крыловтың төрағалық етуімен Төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы өтіп, онда төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны жою бағытында 2008 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы және 2009 жылға арналған міндеттер талқыланды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жұмабай Ескендіровтың атап көрсеткеніндей, 2008 жылы 35 мыңнан астам нысанның өрт-техникалық қауіпсіздігі тексерілді. Салынып жатқан және қайта жөндеуден өткен 357 нысан тіркеуге алынып, 590 азамат пен лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Сондай-ақ кәсіпорындарда 706 тексеру жұмыстары жүргізіліп, оның барысында 2619 нысанда 10 мыңнан астам бұзушылық анықталып, нұсқамалар берілді. Нәтижесінде тағы 552 адам жауапкершілікке тартылды. Төтенше жағдайларда әрекет ету барысында барлығы 229 адам құтқарылып, 2,7 мыңнан астамы қауіпсіз жерге көшірілді», - деп баяндады ол. Өткен жылы төтенше оқиғалардың саны 2007 жылмен салыстырғанда 1457-ден 1003-ке қысқарды. Зардап шеккендер 762-ден 593-ке, қаза болғандар 200-ден 130-ға және материалдық шығындар 91,3 миллион теңгеден 34,2 миллионға дейін азайды. Өндіріс орындарында ірі апаттарға жол берілген жоқ. Өрт саны шаруашылық обьектілері мен тұрғын үй секторларында да азая түскенімен, тілсіз жау 7 адамның өмірін қиып кеткен. ТЖД жоғарыда аталған кемшіліктерді ескере отырып, тұрғын үй-коммуналдық құрылымдар мен денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет басқармалары, энергия қадағалау, ветеринарлық және санитарлық эпидемиологиялық қызметтер мен «Астана су арнасы», «Астана жылу транзиті» мекемелерінің алдына үстіміздегі жылы атқарылуы тиіс бірқатар міндеттерді жүктеді.