Қала әкімі Қарағандының «Бесоба» шағынауданындағы үйлерді бұзып, жаңасын салуды ұсынды

ҚАРАҒАНДЫ. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласының әкімі Бауыржан Әбдішев «Бесоба» тұрғын үй кешенінде бір бөлігі опырылып құлаған 5 қабатты үйді толығымен сырып, жаңасын салу қажет деп есептейді.
None
None

Бұл туралы қала басшысы бүгін брифингте айтты.

Қала әкімінің сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта №7 үйдің бірінші блогы мен «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі өзге де үйлер бойынша кешенді сақтандыру шаралары әзірленді. Жұмыстарды 3 кезеңмен жүргізу ұсынылуда. Қала басшысы атап өткендей, сақтандыру іс-шаралар суды шығару, конструкцияларды бекіту және аралық қабырғаларды қайта монтаждау жұмыстарын қамтиды.

«№5,6,7 үйлер апатты жағдайда деп танылды, бірақ адамдардың ол жерде тұруына еш қауіп жоқ. Дегенмен, сақтандыру шаралары көп шығынды - 1 млрд. теңгені қажет етеді. Билік өкілдері бұл жұмыстардың атқарылуын жөн санайды. «Біз бұл ақшаны тапқанмен үй құламай, аман қалады деп ешкім кепіл бере алмайды. Сондықтан да мен облыс әкімдігіне ұсыныс жасадым, бұл жерде жаңадан үй салу үшін Үкіметтің резервінен қаражат бөлулерін сұрау керек», - деді Б. Әбдішев.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта қарағандылық билік өкілдері бұл мәселені Үкіметте көтермек.

Алдын ала есептеулер бойынша, жаңа үйдің құрылысына шамамен 2 млрд. теңге қаражат керек. Әкім сонымен қатар үйінен айырылғандарға баспана беру мәселесі шешіліп жатқандығын айтты.

Әкімнің сөзіне қарағанда, зардап шеккендерге баспана жаңа ипотекалық үйден беріледі, үй мамыр айының соңында пайдалануға берілмек.

Соңғы жаңалықтар