Қала мен аудан әкімдерінің жұмысы KPI көрсеткіштері бойынша бағаланады – ШҚО әкімі

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде қала мен аудан әкімдерінің қызметін бағалау рейтингі нәтижелері бойынша меморандумға қол қою рәсімі өтті. Бұл бағалауда KPI көрсеткіштерінің орындалуына басты назар аударылады. 

Қала мен аудан әкімдерінің жұмысы KPI көрсеткіштері бойынша бағаланады – ШҚО әкімі
Фото: ШҚО әкімдігі

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасы бойынша іс-шараларды сапалы жүзеге асыру және әрбір әкім үшін сандық немесе пайыздық мәндегі негізгі тиімділік көрсеткіштерін (KPI, Key Performance Indicators) анықтау мақсатында облыстық жұмыс тобы қала мен аудандарды аралады. 

Қала мен аудан әкімдерінің жұмысы KPI көрсеткіштері бойынша бағаланады – ШҚО әкімі
Фото: ШҚО әкімдігі

KPI құрамына 2025 жылға арналған қалалар мен аудандардың ірі әрі маңызды жобалары енгізілді. Бұл жобалар экономиканың өсуіне, жұмыс орындарының құрылуына және салық түсімдерінің артуына елеулі үлес қосады. 

– Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қалалар мен аудандар әкімдерінің қызметін бағалау рейтингінің қорытындысын шығару механизмін өзгерту бойынша ұсыныс енгізу қажет. Бұл рейтингте KPI көрсеткіштерінің орындалуына басымдық берілуі тиіс. Әр әкімге 2025 жылға арналған салық түсімдерінің өсуін қамтамасыз ету және төрт нақты жобаны жүзеге асыру бойынша көрсеткіштер белгіленген, - деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Меморандумға облыс әкімімен қатар Өскемен, Риддер, Алтай қалаларының, сондай-ақ Алтай, Самар, Үлкен Нарын, Марқакөл, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха аудандарының әкімдері қол қойды.

Соңғы жаңалықтар