Қала мен ауыл тазалығы: елді мекендердің цифрлық паспорты енгізілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай депутаты Айжан Сқакова «Таза Қазақстан» аясында қоршаған ортаны қорғау мәселесін көтерді.

Айжан Сқақова
Фото: facebook.com/skakova.aizhan

- Ресми деректерге сәйкес, тек 2025 жылдың өзінде шамамен 7 млн адамның қатысуымен 1294 экологиялық іс-шара өтті. Нәтижесінде, 1 млн гектардан астам аумақ тазартылып, 844 мың тоннадан астам қоқыс жиналды және шамамен 3 млн ағаш егілді. «Әділет» партиясы үшін экологиялық мәдениеттің қоғамдық орындардың жай-күйіне деген жауапкершілік сезімімен ұштасуы өте маңызды. Осыған орай, партия фракциясы вандализмнің алдын алуға, келтірілген залалды өтеуді қамтамасыз етуге және қоршаған ортаны ластағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық бастама көтерді, - деді А. Сқақова Құрылтайдың жалпы отырысында Экология министрлігіне жолдаған сауалында.

Осы орайда ол бұл бағытта жұмыс жалғасып жатқанын, бастама қолға алынғалы бері шамамен 10 000 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі жойылып, 7 млн-ға жуық ағаш егілгенін және 2 000-нан астам волонтерлік жоба жүзеге асырылғанын айтты. TazaQazBot арқылы азаматтардан 57 000-нан астам өтініш келіп түсті.

— Бұл – ауқымды әрі маңызды жұмыс. Енді тек атқарылған іс-шараларды қадағалаумен шектелмей, олардың нәтижесін бағалауға көшу өте маңызды. Нақты қалалар мен ауылдар қаншалықты таза бола бастады? Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылды ма? Аулалар мен қоғамдық кеңістіктердің қандай жағдайда? Егілген көшеттер сақталды ма? Қоқыс жинау және оны қайта өңдеуге қажет инфрақұрылым бар ма? Осы тұрғыдан алғанда, Тазалықтың ұлттық стандартты әзірлеу – дер кезінде қолға алынған шара, – деді тап өтті депутат.

«Әділет» партиясының фракциясы әрбір елді мекен үшін Тазалықтың ұлттық стандартының негізгі көрсеткіштерін қамтитын цифрлық паспортын жасауды ұсынды. Бұл көрсеткіштерге аумақтың жай-күйі, қоқыс жинау және қайта өңдеуге өткізу орындарының болуы, көгалдандыру мен қоғамдық кеңістіктердің жағдайы, сондай-ақ жауапты органдар мен қабылданған шаралардың нәтижелері кіруі тиіс. 

— Мұндай паспорт қала немесе ауылдың нақты жағдайын бағалауға мүмкіндік береді, — деді Айжан Сқақова.

Айта кетейік, Президент тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеуді тапсырды.