Калачи және Красногорск елді мекендерінен көшірілетін тұрғындар үшін жаңа үйлер салынуда - Ақмола облысы (ФОТО)

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Екі сағатқа созылған кездесу барысында өңір басшысы «ұйқылы ауыл» атанған елді мекен тұрғындарының сауалдарына толыққанды жауап берді. Бүгінгі күні калачиліктерді «ұйқы ауруы» емес, облыстың өзге елді мекендеріне қоныс аударған кезде сол жақтағы баспаналарын жекешелендіру мәселесі толғандырып отырған көрінеді. Дегенмен, тұрғындардың сауалдарына құлақ түрген облыс басшысы бұл мәселені шешу жолдары қарастырылып отырғанын айтты. Бүгінгі күні Калачиден барлығы 63 отбасы көшірілген. Оның ішінде көшкендердің біразына баспана қайтарымсыз жекеменшігіне берілген. Ал кейбіріне шаруашылықта 3-5 жыл тұрақты жұмыс істеуіне тура келіп отыр.
Еске сала кетсек, бүгінгі күні аудан орталығы Есіл қаласында екі көпқабатты 73 және 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл үйлер келешегі жоқ Калачи және Красногорск елді мекендерінен көшірілетін тұрғындарға арналған. Мұндағы 73 пәтерлі үйді қыркүйек айында тапсыру жоспарланған. Сонымен қатар Жарқайың ауданының орталығы Державинск қаласында да 75 пәтерлі тұрғын үй қалпына келтірілуде. Бұл үйді тамыз айында пайдалануға беру жоспарланса, тағы бір үйдің жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде.