Қаладағы тірліктен қырдағы қиын жұмыс әлдеқайда қызық – жас отбасы
ОРАЛ. KAZINFORM – Ерлі-зайыпты Өркен мен Шәрипа Базарбаевтар Орал қаласынан 2020 жылы Тасқала ауданы, 2-Шежін ауылының Жаңауыл деген қыстақ-жайлауына көшіп, қазір сонда тұрып жатыр. Олардың қаладан қырға көшуінің себебі неде, осы жөнінде Kazinform тілшісі жас отбасыдан сұрап, білген еді.
— Өркен Анарбекұлы, Шәрипа Жұмабайқызы, қаладағы жақсы жұмыстарыңызды тастап, қырға, атакәсіп — мал бағуға көшу жөніндегі ойға қалай келдіңіздер?
Өркен:
— Мен тұңғыш ұлдан сүйген алғашқы немере болған соң, 9 айлығымнан бастап ата-әжемнің қолында өстім. Балалық шағым қазір біз тұрып жатқан Жаңауыл, бұрынғы Крушный каналда өтті. Қазір ол жерде біздің екі үйіміз ғана қалса да, кезінде үлкен ауыл болды. Атам — өңірге, елге еңбегі сіңген атақты шопан. Сақман уақытында қой төлдетуден облыс чемпионы атанып, талай марапатқа ұсынылған. Сөзіме үйдегі ескі басылымдарда жарық көрген, атам туралы жарыса жазылған мақалалар дәлел.

— Сөзіңіз аузыңызда, атаңыз Базарбай Ғиметдинов емес пе? Кезінде талай жазып едік, газет бетінен түспейтін?
— Дөп түстіңіз! Өзім ес білгелі сол атамның жанында жүріп, біраз нәрсені үйрендім. Мені ауыл шаруашылығына баулып, атакәсіпке деген қызығушылымды оятқан атам. Балалық шағым ауылда өтті. Мектеп жасына жеткенде, қалаға әкеліп, мен анамның жанына бардым. Дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы № 11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатына оқуға түстім. Сабақты жақсы оқыдым. Бірақ мектепте оқып жүріп те, демалыс сайын ауылға асығып жүретін едім. Тоқсан қашан бітеді деп сарыла күтіп, үш ай жазғы демалысым бітпесе екен, ауылда тағы қала тұрсам, Крушныйдың кең даласында көк атыммен шапқылап, жүре берсем дейтін едім. Кейін мен бастауыш сыныпты бітіргенде, әкем мен анам атам мен әжемді қалаға жіберіп, өздері ауылға кететін болды. Ол кезде ауыл деген аты ғана. Бәрі көшіп кеткен. Жапан далада жалғыз үй ғана қалды. Әкем мен анам да жоғары білімді педагог. Бір күнде жұмысын тастап, солай ата-әжемнен қалған азын-шоғын малмен кәсіпті кеңейтеміз деп шешті.
Әңгімеден әңгімеге ауысып жатырмын, айып етпеңіз. Мен солай мектепте оқып жүргенде де, мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түскенде де бір бүйрегім ауылға бұрып тұратын. Бұны әдет дейміз бе, ауылға деген сағыныш па, әйтеуір не керек, оқу бітіріп, мамандықпен жұмысқа орналасқанда да бәрібір ауылды аңсап тұратынмын.
Шәрипа:
— Өркеннің әңгімесін жалғай кетейін. Жолдасымның жоғары білімі, жақсы жұмысы бола тұра, есіл-дерті үнемі ауыл, мал болатын. Мереке, еңбек демалысы сайын «Шәрипа, жинал, ауылға кетеміз» деп, асығып жолға шығамыз. Содан байқаймын ғой енді, ауылға барғанда көңілі жайланып, ауылдың тірлігіне беріліп, жүгіріп жүріп жұмыс істейді. Қалаға тіптен қайтқысы жоқ. Жолдасым болғасын, бәрін қас-қабағынан байқаймын. Оған қаладағы тірліктен қырдағы қиын жұмыс әлдеқайда жеңіл әрі қызық. Содан бір күні өзі келіп айтты: «Менің көңілім қалаған жұмыс — мал бағу, жүрек қалауым — атакәсіпті жалғастыру. Қырға қайтамын деп шештім. Сен де оқыған-тоқыған қызсың, жұмысың бар. Сені қыстай алмаймын. Бірге барамын десең, қуанамын, бармаймын десең, ата-әжемен бірге қалада қалып, жұмысыңды жалғастыр. Келіп-кетіп тұрамын», — деді. Ата-анаммен ақылдасып, өзім де бәрін ой таразысына салып, ерімнің соңынан еріп қырға бірге баратын болдым.
— Бастапқы кезде қандай қиындықтарға тап болдыңыздар? Қазір үйренген шығарсыздар?
Өркен:
— Маған бұл тірлік таңсық емес. Басында айтқанымдай, бала күнімнен көріп-біліп, жасап жүрген жұмысым. Шәрипаға қиын болмаса, білмеймін ал.

Шәрипа:
— Шынымды айтсам, басында маған оңай болмады. Негізі, мен ауылда өскен қызбын. Ата-анамның 6 жыл зарыға күткен тұңғышымын. Әкем еркелетіп өсірді. Өзі ауыл имамы. Арқасына мінгізіп алып, ауылдың бүкіл қонақтығына апаратын. Өзім кішкентайымнан пысық болып өстім. Қонаққа барғанда, ауылдың батагөй қариялары, ақ жаулықты апалары «тақылдап тұрған торғай қыз» келе жатыр деп күлетін. Неге Торғай қыз? Негізі мен Торғай топырағының перзентімін. Сәби күнімде Батысқа көшіп келіп, осы жақтан, дәлірек айтқанда, Жәнібек ауданы Қамысты ауылынан құтты қоныс тапқан жандармыз. Сөйтіп ауылдың үлкендері мені қызық көріп, өлең оқытып, бата бергізіп, жатқа білетін сүрелерімді айтқызатын. Сөйтіп әкем мен анама, тұтас ауылыма еркелеп өскен қызбын ғой. Өркен жақсы оқыдым деп жатыр ғой. Мен де Өркен сияқты мектепті «Алтын белгіге» бітірдім. Облыстық, республикалық «Абай оқуларының» жеңімпазы, Мұқағали Мақатаев, Махамбет оқуларының жүлдегерімін. Әкем «Қызым журналист болады, оны көп мазаламаңдар» деп үй тірлігіне араласқанымды құптамайтын. Қыз күнімде үй тірлігіне мүлде араласпадым.
Сосын да шығар, тұрмысқа шыққанда маған оңай болмады. Бірақ, мен қарт пен кемпірдің қолына келін болып түстім. Олар «келін» деп емес, немере деп көрді мені. Сол кісілердің қолдауымен, үлкен енемнің (әжемнің) көрегенділігімен келіндік өмірдің алғашқы жылында-ақ біраз нәрсені үйрендім. Десе де, қаладағы тірлік пен қырдың жұмысы жер мен көктей. Қырға көшіп келген жылы не от жаға алмаймын, не сиыр сауа алмаймын. Әрине, қиын болды. Өте қиын болды. Әсіресе, не электр желісі тартылмаған, не газ жүргізілмеген, жарық жоқ, газ жоқ, байланыс жоқ жерде қалай отырамын деп іштей қатты қиналдым. Жарық күн батареясымен. Бұлтты күндері жарықты үнемдейміз. Тек кеште ғана жағамыз светті. Күн шыққанда қуанамыз. Әйтеуір бір сағат болса да теледидар қарап аламыз ғой деп. Тұрмыстық техникадан тек теледидарды ғана қоса аламыз. Басқа біреуін де көтермейді. Тоңазытқышты тек жазда ғана қосамыз. Кейін бір жылдан кейін Өркен ауылға интернет орнататын болды. Оған қалай қуанғанымды білсеңіз. Ой, төрт жылда қиын да, қызық та күндер өтті ғой, қайсыбірін тізіп отырайын. Бастысы, үйрендік қой әйтеуір.

— Мал шаруашылығын дамыту бағытында қандай жоба-жоспарларды қолға алмақшысыздар? Мемлекет тарапынан қолдау бар ма?
Өркен:
— Бүгінгі таңда бизнес пен бәсекеге қабілетті адамдар санының көбеюі қуантады. Олар халықтың әл-ауқатын арттырып, ел экономикасының дамуына да зор үлес қосады. Осы орайда мемлекет еңбек етемін, кәсіп бастаймын дегендерге біраз мүмкіндік беріп отыр ғой. Тек ниет болса болғаны. Қазір мемлекет тарапынан қаржылай қолдау тауып, шаруасын дөңгелетіп отырған жас кәсіпкерлер өте көп. Бірақ біздікі атакәсіп. Талай жылғы маңдай термен, адал еңбекпен жиналған мал. Бірақ бұйырса, кәсіпті кеңейту мақсатында өркениет бар жерге, аудан орталығына қарай жақындап, сол жерден бір іс бастамақшымыз. Әзірге тек құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, жоспарымызға сай жұмысымыз үйлесіп жатса, мемлекет ұсынған бағдарламаларды да байқап көреміз.
— Қырда отырып, балаларыңызды қалай тәрбиелеп жатырсыздар?
Өркен:
— Отау құрғанымызға биыл 6 жыл болады. Аллаға шүкір, бір ұл, бір қызымыз бар. Аудан орталығында үйіміз бар. Ата-анамыз қазір сонда немерелерімен бірге тұрады. Ата-әжесінің тәрбиесін көріп өскен бала жаман болмайды, өзім де қарт пен кемпірдің баласымын ғой.
Екеуі де әлі кішкентай болғасын ба, тентектеу, ерке. Бірақ бала біздікі болғасын, жауапкершілік те біздің ғана мойнымызда. Сондықтан бала болса да, кішкентайынан тәртіпке шақырып, балаға дұрыс бағыт беру керек деп ойлаймыз.

Шәрипа:
— Осы сәтті пайдаланып, алдымен ата-анамызға рахмет айтқым келеді. Күн демей, түн демей, немерелерінің асты-үстіне түсіп, бағып-баптап отырған сол кісілер. Үлкенін 9 айында, кішісін 1-жасқа келгенде, бауырларына басты. Екеуі бала болса да, бәрін түсінеді. Ешкімді бөліп-жармай, «ата-әжені де, папа-маманы да жақсы көреміз» деп бізді алдап қояды. Екеуі де бөбекжайға барады. Ата-әжесі өздері апарады, өздері әкеледі. Мерекелік шаралар, ата-аналар жиналысына да әжесі екеуміз алмасып барамыз.
Қыста қырдағы үй салқын, сондықтан қыста қырға көп әкелмейміз. Көктем шығысымен, бір апта, 10 күнге демалысқа алып келеміз. Көбіне ұлды әкелеміз. Ер бала ғой, далаға шығып, әкесінің жұмысын көрсін, көзі үйренсін, шынықсын деген ниетте. Қой айдап келуге жарап қалды. Рамазанның әлеужеліге қой бағып жүрген видеосын салып едік, 3,5 миллион қаралым жинап, отандық арналардың біразы хабарға шақырған. Онымен ата-әжесі «Балаларды салмаңдар, шығармаңдар, көз тиеді», деп рұқсат етпеді. Үш ай жазда толығымен қырда болады екеуі де. Әкесі айтқандай, екеуі де ерке. Кейде күлеміз, қазір мал бағып отырмыз ғой, бірақ бала баққаннан мал баққан әлдеқайда оңай екен деп. Мен үшін ең қиын жұмыс — бала тәрбиелеу сияқты. Ұлымыз ұлықты, қызымыз қылықты болсын деп ата-әжесі бар, әкесі бар, төртеуміз барынша тәрбиелеп жатырмыз енді.
— Алдағы арман-мақсаттарыңыз қандай?
Шәрипа:
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін «Ақжайық» телеарнасында қызмет атқарып, елге біраз танылып қалдыңыз. «Атырау» телеарнасында да жұмыс істедіңіз. Журналистикаға қайта оралғыңыз келмей ме?

Өркен:
— Арман деген көп белес, біріне шықсаң, бірі бар дегендей, армандау тегін болған соң, армандай береміз. Бірақ бәрі бос арман болып қалмасын деп алға қойған біраз мақсаттар да бар. Қазір соған жету жолында тынбай еңбек етіп жатырмыз. Бәрі өзіміз үшін, балаларымыздың болашағы үшін ғой. Далада ешкім еріккеннен тұрмайды. Осыны Шәрипаның құлағына күнде құйып отырамын. Әйтпесе, әріге бармай-ақ қояйық, айналадағы алыс-жақын ағайынның өзі кейде: «Екеуі де оқыған, тоқыған, керемет жастар. Мал бағып кеткені несі?», деп аяп жатады. Мен ондай сөздерге мән бермеймін, әйелім кейде көңіліне алып қалады, сол кезде «Бізде де бір арман бар», дей сал, ақталма», деп қоямын.
Шәрипа:
— Өркен екеуміздің арманымыз бір. Ата-анамыз бізді мақтан тұтатындай, ұрпағымыз біз үшін ұялмайтындай, өзіміз де өкінбейтіндей мәнді де сәнді ғұмыр кешу. Ешкімге қиянатымыз тимей, адал тұрып, адал жүріп, адал еңбек ету.
Ал журналистік жұмысыма қатысты айтарым, біраз адамның қоятын сауалы осы. Қазір әлеужеліде блог жүргіземін. Инстаграмм, тик-ток желісіне салатын видеоларым миллиондап қаралым жинап, мыңдаған адам лүпілін басып, жүрекжарды лебізін жазып жатады. Ол жақтағы оқырман да «Жұмысыңызға ораласыз ба?» деген сұрақты жиі қояды. Мен қысқа қайырайын. Сәті келгенде, жарқырап эфирге шығамын, бұйырса. Бірақ қашан, әзірге белгісіз. Бәрі өз уақытымен, өз орнымен.
— Әңгімелеріңізге рахмет. Қазақтың жастары өздеріңіздей еңбекқор болсын!