Қалалық мәслихат депутаты кеден қызметкері болып контрабандалық жолмен келген көліктерді заңдастырған
АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Семейде қалалық мәслихат депутаты мен «Ауыл» кедендік бекетінің қызметкерлеріне қатысты шырғалаңға толы қылмыс тергелуде. Олар алдын ала өзара келісе отырып, жалған кеден құжаттары арқылы бірнеше рет контрабандалық жолмен әкелінген автомобильдерді заңдастырған.
Бұл мәселе жөнінде бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның мәліметтеріне қарағанда, бұл депутат тарапынан жасалып отырған жалғыз ғана қылмыс емес көрінеді. Қазіргі таңда оның осы тектес өзге де бірқатар қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. «Шенеуніктердің лицензияланатын өнімдердің заңсыз айналымына себепкер болуы бір бұл ғана емес, Ақтөбе облысының «Мұғалжар» кедендік бекетінің бас маманы «Қандыағаш» стансысындағы «КНПЗ Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі шикі мұнайды бірнеше рет ресми құжаттарға «композит» деп көрсетіп берген. Осы әрекеттің нәтижесінде мемлекетке 29,5 миллион теңге шығын келді. Қылмысты ұйымдастырушы қамауға алынды», - деді ресми өкіл.