Қаланы түтін тұмшалады: Өскемен тұрғындарына ескерту жасалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемендіктерге қаладағы экологиялық жағдайдың нашарлағаны туралы ескерту жарияланды.
Қазіргі уақытта Өскемен көшелерін қою тұман басқан. Бұған ылғалдың жоғары болуы, түнгі жауын-шашын мен температураның күрт өзгеруі себеп болып отыр. Бұл туралы ШҚО Ақпарат орталығынан хабарлады.
— Тұман салдарынан жүргізушілерге жол дұрыс көрінбейді. Сондай-ақ автокөліктер мен өнеркәсіптік кәсіпорындардан шығатын қалдықтардың бір жерде шоғырлану деңгейі артуы мүмкін, — делінген мәліметте.

Айта кетейік, 23 қазанда шаһар бойынша 2-дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдай жарияланған.
ШҚО Экология департаментінің мамандары ауа сапасына аспаптық өлшеу жұмыстарын жүргізу үшін бірнеше өндіріс орнына жолға шықты.
Еске салсақ, Өскеменде биыл 60-тан астам күн жел соқпай, қаланы түтін басып тұрғаны хабарланған.
Ботакөз Кенжеханқызы