Калашников автоматы Алматыда жасалған

АСТАНА . 8 шілде. ҚазАқпарат - 1942 жылы бақайшағына дейiн қаруланған немiс фашистерi ортақ Отанымыз Кеңес Одағының қаласы мен даласын түгел жайпап, елiмiзге тереңдей ентелеп кiрiп келе жатты.

Калашников автоматы Алматыда жасалған

Кеңес әскерi амалсыз шегiнген үстiне шегiне бердi. Бұл олардың қоянжүрек табансыздығынан емес едi, немiс фашистерiнiң мұздай боп қаруланған жендеттерi бет қаратпады. Олардың қаруларының қасында бiздiң жауынгерлерiмiздiң қолдарына ұстағаны баланың ойыншығындай болып көрiндi. Соның салдарынан соғыста шейiт кеткендер көбейген үстiне көбейе берген. Ал, жараланып жатқандардың саны қисапсыз болатын. Олардың көпшiлiгi ауыр жарақат алып, тылдағы әскери госпитальдерге жөнелтiлiп жатты. Осындай әскери госпитальдердiң бiрiне бiр күнi сол жақ иығы мен кеудесiн дәкемен таңып тастаған қарапайым сержант келiп түскен.

Жиырмаға толмаған жас жiгiттiң жүзiнен әлi балалықтың табы кетпеген едi. Сондықтан болар, оның қолындағы шимай-шатпақ жазба-сызбаларына күлiп қарағандар аз болмады. Ал, бұл, шындығын айтқанда, кейiннен әлемнiң барлық түкпiрiне тарап кеткен Калашников автоматының қағазға түскен алғашқы сұлбасы едi. Иығынан жараланған жауынгер емделу мерзiмiнде өзi есейiп, ержеткен Қазақстандағы Жетiсу жерiнiң Матай стансасына келдi. Балалық уызы бетiнен тарай қоймаған Мишаның Матайдағы темiр жол депосында iстейтiн дос-жарандары әлi аз емес едi.

-Тапанша-пулеметке ұқсайтын қолымдағы бұл жазба-сызбалар әлi автоматтың ауылынан алыс нәрсе болатын, қару жасаудың алғашқы қадамдары едi. Оның қару-жарақ құрастыруда өзiндiк маңызы болды. Матай стансасындағы достарымның ортасына келдiм, жап-жас кезiм. Достарым керемет едi. Жаралы болып оралғанда, бiр құшақ қылып өзiмнiң жазба-сызбаларымды ала келгенмiн. Қару жасауға қол беруiн өтiнiп бастыққа бардым. Бәлкiм, бақытыма қарай болар, депо бастығының тегi де менiң тегiммен бiрдей - Калашников болатын. Онымен сөйлесiп көрiп едiм: «Өзiң қарашы, қаншама паровоз қирап келiп жатыр, сен болсаң қайдағыны айтасың» дегендей болды. Бiрақ, шындығында да, темiр жол мен қару-жарақ жасаудың ортасы жер мен көктей едi. Байланыс зат жоқ болатын. Сондықтан, мұны тоқтата тұруға, ұмыта тұруға тура келдi, - дедi, өзiнiң Матайға келген кейiнгi сапарында генерал-лейтенант Михаил Калашников тебiрене.

Бұл кез кәдiмгi құсатар мылтықтан айырмасы шамалы винтовка ұстаған кеңестiк жауынгерлердiң қарудан қиналып жүрген уақыты болатын. Немiс фашистерiнiң қолындағыдай оқ борап, сайрап тұрған қаруға қол жеткiзу бүкiл сарбаздың арманы болды. Өлiм мен өмiр бетпе-бет келген қанды қырғында жауынгерлердiң тағдырын қару күшi шешiп жатты. Ал, бiзде қару-жарақ жетiспейтiн, көп жердi, тiптi, екi адамға бiр қару едi.

Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында, тiптi, қолына қару ұстамай соғысқан да жауынгерлер болған. Солардың бiрi, мәселен, танкiшiлер едi. Жаяу әскердiң өзiн қарумен қамтамасыз ете алмай жатқанда, танкiшiлердiң арасында қолына жеке-жеке қару ұстағандары сирек болды.

-Бiздер ол кезде қару жағынан көп қиындық көрдiк. Басқасын айтпағанда, 1942 жылдың маусым айының айналасында, төбемiзге ұшып келiп, айналып тұрып алатын немiс фашистерiнiң итальяндық барлау ұшағына жеткiзiп тигiзетiн оқ пен қару болмады ғой, - дейдi бұл жайында әңгiме қозғалған тұста, соғыста танкiшiлер тобының командирi болған Ұлы Отан соғысының ардагерi, зейнеткер Мәулен Арыстанбеков.

Майдандағы бүкiл жауынгердiң мұң-мүддесi жалғыз адамның жүрегiнен жай тапқандай болды. Михаил Тимофеевич күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан қалды. Соғыстың қиын да ауыр күндерiн бастан өткерген ол қарудың жеткiлiксiздiгi мен әлсiздiгiне қатты күйзелдi. Бар ойы мен мақсаты қайткен күнде де жауынгерлердiң сенiмдi серiгi болатын қару жасап шығару болды. Серiппесiн бассаң, кез-келген уақытта сөйлеп қоя беретiн қару әрi от пен суға да төзiмдi болса деп ойлаған едi. Қысқасы, бiр оқпен екi қоян атқысы келдi.

Михаил Тимофеевичке Матайдағы жерлестерi көп көмектестi. Күн сайын соғыстан қирап ағылып келiп жатқан паровоздарды қайта жөндеудiң қиындықтарына қарамай, олар үлкен ерлiк жасады. Бұл ерлiктiң аты - сенiм едi. Арнайы ешқандай бiлiмi жоқ, қарапайым сержанттың көкейiндегi арманнан бәрi де үмiт күттi. Соның арқасында Матайда алғашқы мылтық дүниеге келген едi. Мылтық дей салғанмен, ол қарабайырлау пулемет-тапанша болатын.

-Мен емделу мерзiмiнде жүрген болатынмын. Қару-жарақ жасауға кiрiсiп кеткеннен кейiн менiң уақытымды ұзартты. Матайда бiз екi ай бойына қару жасаумен айналыстық. Осы жерде, тура депоның өзiнде атып көрiп, сыннан өткiзiп жүрдiк. Бөлменiң iшiне, терезенiң астына құм толтырылған қап қойып, соған атып байқап көрдiк. Бiрақ, оның даусы өте қатты шығатын едi, сондықтан кейiннен айдалаға барып ататын болдық. Онда ешкiм болмайтынын бiлемiз. Мұның бәрiн басқалардың жұмыс iстеуiне кедергi болмас үшiн түнде iстейтiнбiз. Себебi, бiз ата бастасақ, қызық көргiсi келген жұрт жұмысын тастап, келiп жататын болды. Сол үшiн бiз сынағымызды түнгi уақыттарда жасайтынбыз, - дейдi, сөз арасында өзi де қызыға еске алып Михаил Тимофеевич.

Калашников автоматы қолға тигенде, жауынгерлер жоғалтқанын тапқандай болды. Қорғаныс үшiн таптырмайтын ең үлкен бiр берiк қамалдай болды. Олардың қуаныштарында шек жоқ едi. Фашистерге өштенген олар сенiммен, қаймықпай қарсы тұра алатын болды.

-Бұл автоматтың бiр кереметi - судың iшiнен шықса да, тоқтап қалмай атыла бередi. Соғыс кезiнде оның көмегi өте көп тидi. Әсiресе, ең алда жүретiн жаяу әскерлерге ол үлкен, сенiмдi серiк болды. Қыстың қақаған суығында да, жаңбырлы күндерi де, батпақ пен суға малынып жатқан қолайсыз сәттерде де автомат сартылдап жұмыс iстей бередi. Тот басу, тоқтап қалу дегендi бiлмейдi, өте сәттi ойлап табылған, - дейдi соғыстағы танкiшiлер командирi Мәулен Арыстанбеков.

Алғашқы қарабайыр нұсқасы жасалып бiткен соң, Михаил Тимофеевич айналасындағылардың айтуымен әскери комиссариатқа алып барып көрсетедi. Iстiң байыбына барып үлгермей жатып, «заңсыз қаруды тығып ұстап жүрсiң» деп, олар бiрден қамап тастаған. Михаил Тимофеевич онда үш күндей жатып шығуға мәжбүр болған. Кейiннен барып жоғарыдағы басшылар көмек көрсете бастайды.

-Алдымен, қару-жарақ жасаудың бүкiл тарихы 1941-1942 жылдардағы қасiреттi дүмпулерден басталғанын айтқым келедi. Нағыз қанды қырғын соғыс жүрiп жатқан. Мiне, сондай жауапты шақта қолы таңылған жай ғана сержантқа сенiм артылды. Бiздiң өткенiмiздi, көбiне, жоққа шығарып жатады. Шындығын айтқанда, Алматыдағы Қорғаныс өнеркәсiбiнiң хатшысы көп көмектестi. Ол кезде сондай қызмет бар болатын. Қазақстан Орталық Комитетiнiң Қорғаныс өнеркәсiбi хатшысы Ахметжан Қойшығұлұлы Қойшығұлов едi. Сол кiсiнiң қабылдауында болғанымда, Алматыға көшiп келген Мәскеу әуе жолдары институтының жанындағы шеберханада жақсы үлгiсiн жасап шығаруға болатынын айтты. Мiне, солай көмектескен адамдар болды, оны қалайша ұмытуға болады. Өзiмнiң кiтаптарымда мен оларды, сондықтан да, ерекше iлтипатпен атап өттiм, - дейдi Михаил Тимофеевич Калашников.

Барша әлем мойындаған бiр қарудың тарихы осындай. Ол қазiр әлемнiң 60-қа жуық елiне тараған. Жақсы ниеттегiлер де, арам пиғылдағы қарақшылар да бұл автоматқа үлкен құрметпен қарайды. Өйткенi, ол әбден уақыт сынынан өткен. Өкiнiшке орай, оның қазақ топырағында туғанын бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi. Ал, ол ең алдымен, Қазақстанның қарапайым ғана елдi мекенi - Матайда қарапайым мылтық болып туып, Алматыда автомат болып жасала бастаған. Оны ойлап тапқан алтын қолдың иесi - Михаил Калашниковтың өзi де бiздiң елдiң түлегi, Матайға кейiнгi келген сәтiнде, оны сол кездерi Матайда қызмет еткен, бүгiнгi Алатау ауданының әкiмi Бағдат Мәнiзоров күтiп алып, ерекше сый-құрмет көрсетiп, тiптi, үстiне қазақтың қасиеттi шапанын жапқан болатын. «Жақсы жақсының қадiрiн жақсы бiледi» деген осы, деп жазады журналист. Әнуарбек Әуелбек «Алматы ақшамы» басылымында.