Калифорниядағы байларға салынатын салық миллиардерлердің штаттан кетуіне себеп болуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Кремний алқабының бірқатар технологиялық миллиардері Калифорнияда ұсынылып отырған байлыққа салынатын 5 пайыздық салықтың енгізілуіне қарсы шығып, бұл бастама қабылданған жағдайда штаттан кетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Fox Business хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, Қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің халықаралық кәсіподағы мен Батыс өңірдегі денсаулық сақтау қызметкерлерінің бірлестігі Калифорния тұрғындарының активтері 1 млрд АҚШ долларынан асқан жағдайда, біржолғы 5 пайыздық салық енгізу жөніндегі ұсынысты қолдаған. Бастаманы қолдаушылар бұл қаржы федералдық деңгейде қысқарып жатқан денсаулық сақтау шығындарының орнын толтыруға көмектесуі мүмкін екенін алға тартады.
Алайда бұл шара әзірге штат бойынша дауыс беруге шығарылу сатысында тұрғанымен, Кремний алқабының ең танымал өкілдерінің бірқатары аталған салық компания негізін қалаушылар мен ірі капиталдың сыртқа кетуіне әкелуі мүмкін екенін ескертіп отыр.
Қорғаныс технологиялары саласындағы Anduril стартапының тең құрылтайшысы Палмер Лаки бұл салықты төлеу үшін өзі секілді компания негізін қалаушыларға бизнестегі ірі үлестерін сатуға тура келетінін айтты. Ол бастаманы «алаяқтық, ысырап және бұл ұсынысты алға тартып отырған ұйымдарға жасалған саяси қызмет» деп атады.
– Мен алғашқы компаниямнан табыс тауып, жүздеген миллион доллар салық төледім. Қалған қаражатқа алты мың адам жұмыс істейтін екінші компанияны құрдым. Енді маған және әріптестеріме миллиардтаған долларды қолма-қол табудың жолын іздеуге тура келеді, – деп жазды Палмер Лаки X әлеуметтік желісінде.
Егер бұл шара жалпыұлттық дауыс беруге шығарылып, сайлаушылар тарапынан қолдау тапса, салық 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Калифорнияда тұрған барлық резидентке қатысты қолданылады. Мәселен, активтері 20 млрд долларды құрайтын тұрғын біржолғы 1 млрд доллар салық төлеуі тиіс болады.
Инвестор-миллиардер Билл Акман Калифорния мұндай шешім қабылданған жағдайда «өзін-өзі жою жолына түседі» деп бағалады.
Бұған дейін америкалық әнші Бейонсе ресми түрде миллиардер атанғаны туралы хабарланған болатын.