Қалталы азаматтар экономиканы көтеруге атсалысуы керек - Апталық шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада бірқатар маңызды оқиғалар мен шаралар өтті. Солардың бірі бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысы. Елбасы маңызды жиынның барысында бірқатар тапсырмаларды жүктеп, алдағы атқарар жұмыстардың мақсат-міндеттерін атады.

Қалталы азаматтар экономиканы көтеруге атсалысуы керек - Апталық шолу

«Қазақстанда бизнесті өркендету үшін күш-жігерімізді салып келе жатырмыз. Осы бағытта тиісті тапсырмалар беріп, бірнеше рет мораторий жариялап, тексерулер шектелді. Нарықтық экономикаға көшкеннен кейін дамудағы ілгерілеуде бизнеске басымдық берілді. Бизнесті өркендетпей, экономикамызды өсіру мүмкін емес», - атап өтті Президент. Осы орайда Президент шаруашылығы мен активі бар қалталы азаматтар экономиканы көтеруге атсалысуы керектігін қадап айтты. «Тәуелсіздік жылдары сіздерді мемлекет өсірді. Тәжірибелеріңіз жетіспей, сүріндіңіздер, қателескен кездеріңіз болды. Қазіргі кезде мемлекет те көмек жасауға қауқарлы, сондай-ақ сіздер де ішкі инвестициялар есебінен елді көтеруді бастай аласыздар», - деді Президент бизнесмендерге қаратып айтқан сөзінде.

Елбасы еліміздегі шағын және орта бизнес дамуы жауапкершілігін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа жүктеді. «Ол Үкімет тарапынан шағын және орта бизнестің даму мәселелерімен айналысатын басты адам болады. Оның бұл істе тәжірибесі бар, облыста жұмыс істеген. Сіздер үшін бұл зор қолдау болады деп сенеміз», - деді Н. Назарбаев. Президент республикада бизнеске қолдау көрсетудің ауылдық жерлерде шағын несиелелер беру, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бизнеске қолдау көрсету, жобалар бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау, «Жұмыспен қамту» бғдарламасы аясында мемлекет қаржысы есебінен кадрлар дайындау сынды теңдессіз шаралар атқарылып жатқандығын баса айтты.

Мұнымен қоса, Мемлекет басшысының ең басты тапсырмаларының бірі капиталға рақымшылық жасау туралы заң жобасын әзірлеуге қатысты болды. «Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, капиталға рақымшылық жасау туралы заң жобасын 1 маусымға дейін әзірлеп, менің қарауыма енгізуді тапсырамын», - деді Елбасы.

Сонымен қатар отырыс барысында ауқымды несиелерді жинақтаған аграрлық сектордың кәсіпорындарын банкротқа ұшырату мәселесі көтерілді. Президенттің атап өтуінше, жыл сайын егіс науқаны мен егін орағы кезінде аграрлық секторда нашар несиелер жиналады. Барлығы қомақты сома. Борышкер ретінде төрт ірі компания белгілі болып отыр. 800 миллиард теңге төрт компанияға тиесілі екен. «Атап айтқанда, осылардың жартысын банкроттауға болар еді, яғни екі компанияны. Әлемдегі бизнес осылайша жұмыс істейді», - деді Мемлекет басшысы.

Бұндай компанияларға басқа инвесторлар, жақсы менеджмент келуі тиіс. «Бізде осы күнге дейін халық несиені қайтару керек екеніне үйрене алмай келеді. Алайда, қарызды қайтару керек! Бұл заң!», - деп атап өтті Н. Назарбаев. Сөз соңында Елбасы Үкіметке аграрлық саладағы борышкерлер мәселесін шешуді тапсырды.

Айта кетейік, енді зейнетақы қорлары активтерін инвестициялау стратегиясы әзірленбек. Инвестиция үшін ішкі қорлардың бірі жинақтаушы зейнетақы қорларының активтері екендігін баса айтқан Президент: «Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, 1 маусымға дейін қор активтерін инвестициялау стратегиясын, оның ішінде банктерге ұзақмерзімді депозиттер орналастыру арқылы да әзірлеуді тапсырамын», - деді. Осы тұрғыда Ұлттық банктің теңгелік нарықтың қолжетімділігін дамыту үшін қосымша ынталандыру шараларын әзірлеуі қажеттігі баса айтылды. Бұл қаржы секторын доллар тәуекелдерінен қорғайды.

Бұған қоса Елбасы ЭКСПО-мен айналысып жүрген ұлттық компанияға кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп көрме құрылысына бизнестің қатысуы мәселесі бойынша арнайы бағдарламаны әзірлеуді тапсырды.

ҚР Премьері құқық тәртібі күштерінің жаттығуындағы меморгандардың іс-қимылына оң баға берді

Кеше, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету күштерінің қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау даярлықтарын тексеру жөніндегі республикалық жаттығу өтті.

Осындай деңгейде бұрын болмаған жаттығулар елдің 12 облысы мен Алматы қаласында бір мезгілде өтті. Шараға ішкі істер органдары қызметкерлері және ішкі әскер әскери қызметшілерімен қоса, Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызметі мен басқа да бөлімдерінің, көлік және басқа да ұйымдардың қызметкерлері тартылды. Жаттығуға Президент көмекшісі - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қайрат Қожамжаров басшылық етті. Жаттығудың барысын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қадағалады. Жаттығудың діттеген мақсатына қол жеткізілді, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы пысықталды, полицейлердің және апаттан құтқару қызметтерінің техникамен жарақтандырылуына, олардың жұмыс дағдыларына, сондай-ақ белгіленген нормативтік мерзімдерде күштер мен құралдарды қайта топтау жөніндегі практикалық іс-қимылдарға тексеру жүргізілді.

Жаттығулар аяқталған соң барлық күштер мен құралдар өздерінің орналасқан жерлеріне қайтарылды. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, тұтастай алғанда, ІІМ мен жаттығуға қатысқан өзге де мемлекеттік органдардың іс-қимылдарын оң бағалады.

Қазақстан Кедендiк одақта сауда бәсекелестiгi жөнiнен ұтылып жатыр деген пiкiр дұрыс емес

Өтіп бара жатқан бұл аптада Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанның экономикалық мүдделерiне толықтай сай келетінін мәлімдеді. «Мәселен, Кедендiк одаққа енгеннен берi Қазақстанның өңдеушi саласына құйылған инвестицияның көлемi екi есеге артты. 2012 жылы оның көлемi 3,4 млрд. теңгеге жеттi, 2009 жылы ол 1,8 млрд. теңге шамасында тiркелген. Сонымен қатар елiмiзге тартылған тiкелей шетел инвестициясының көлемi 34 пайызға артып, 28 млрд. долларға өстi. Бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырды», - дедi ол. 2013 жылы Қазақстанның Ресей, Беларусь елдерiмен арадағы сауда айналымы 24 млрд. теңгеден асып отыр.

Вице-премьердiң сөзiне қарағанда, Кедендiк одаққа енгеннен берi Қазақстанда көлiк, қара металл, пластмасса, резеңке, қағаз өндiрiсiнiң көлемi өсiп отыр. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан экономикасы үшiн үлкен пайдасын бермек.

Сонымен қатар ол Қазақстан интеграциялық үдерістер аясында өзінің ұлттық валютасынан бас тартпайтынын атап өтті. «Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірыңғай ұлттық валюта туралы әңгімелер қайдан тарап отырғанын білмеймін. Атап айтқанда, біз бұл мәселені талқылаған емеспіз. Қазақстанның ұлттық валютасы теңге осыған дейін болды және алдағы уақытта да болады»,- деп қадап айтты Б. Сағынтаев.

Бұған қоса вице-премьер Қазақстан Ресейге салынуы мүмкін санкциялардан шығудың жоспарын пысықтап жатқандығын сөз етті. Батыстың Ресейге енгізуі мүмкін экономикалық санкциялары Қазақстанға қалай әсер етуі ықтимал деген сауалдар бар. Бірақ әзірге ол көрініс тауып отырған жоқ. «Себебі ол санкциялар тек жекелеген адамдарға қатысты жасалуда. АҚШ, Еуроодақ одан арыға бармауда. Қазіргі кезде олар мұнай бағасын түсіріп тастауы мүмкін деген жорамалдар көп айтылуда. Ондай болса, Қазақстан ғана зардап шекпейді, мұнай өндіруші елдер көп. Негізгі ойыншылар болып табылатын Араб елдері, ОПЕК ондайға барар алдында жүз рет ойланады», - деді ол.

Қашағанды игеруге кететін шығын 200 млрд. доллардан асып жығылуы мүмкін

Бұл аптаның басында Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Қашағанды игеруге кететін шығын 200 млрд. доллардан асып жығылуы мүмкін екенін айтты. Министрдің атап өтуінше, Қашаған жобасына Шелл, Тоталь, ЭксонМобил, Инпекс, ҚазМұнайГаз компаниялары қатысушы болып табылады. Өткен жылы КонокоФилипстің орнына қытайлық CNPC компаниясы қосылған болатын. «Бұл жоба қорының көлемі 2 млрд. тоннадан астам. Сонымен қатар, өзінің технологиялық қиындықтары бойынша бірегей екендігін атап өткім келеді. Әлемдік мұнай қоғамдастығында біздің Қашағанды тек Бразилиядағы Тупи деген кен орнымен салыстырады. Оның қоры біздікіне жақын. Мамандардың пікірі бойынша ол шамамен екі жүз млрд. доллар шығынды қажет етеді. Ал кейбір болжамдарда Қашағанда одан да мол болатындығы айтылуда. Сол себепті Қашанған жобасын іске асыру үшін өз кезінде жетекші әлемдік мұнай компаниялары тартылған болатын», - деді ол.

Сәуірде Қашаған құбырының теңіз бөлігіндегі 25 нүктесінде зерттеу жүргізіледі. Өткен жылдың күзінде ғана мұнай өндіріле бастаған Қашаған кен орнының құбыр инфрақұрылымында біраз проблемалар анықталған. Оларды жою мақсатында екі мыңнан астам дәнекерленген жік тексерілген. Алты мың метрден астам құбырға ультрадыбыстық диагностика жүргізілген. Алынған мәліметтер мамандандырылған шетелдік зертханаларда анықталатын болады.

Оның сөзіне қарағанда, кен орнында мұнай ойдағыдай мөлшерде өндірілетінін өткен жылдың күзі көрсетіп отыр. Ұңғымалар қалыпты жұмыс істеуде және тұтастай алғанда ауқымды кешеннің жұмыс істеп тұрғанына да көз жетті. «Құбырлардағы ақаулар басқа жүйелерге әсер етпеуі тиіс деп ойлаймыз. Кен орнының қиын және қауіпті екенін ескере отырып, асығыстық жасау орынсыз деген пайымдамыз», - деді Ұ.Қарабалин.

Атап айтқанда, Қазақстан әлемнің 30 еліне мұнай жөнелтеді. 2013 жылғы мәліметтер бойынша экспорттың ең мол көлемі Италияға - 27, Қытайға- 17, Нидерландыға - 13, Францияға - 9, Австрияға 7 пайыз жіберілді. Сонымен қатар министрдің атап өтуінше, өткен жылы мұнай тасымалдау Каспий құбыр консорциумы бойынша 28,7 млн. тоннаны, Атырау-Самара бағытында 15,4 млн. тоннаны, Атасу-Алашаңқай бағытында 11,8 млн. тоннаны құрады, Ақтау порты арқылы 6,3 млн. тонна мұнай тасымалданды. Орынбор газ өндіру зауытына 856 мың тонна газ конденсаты жонелтілді. Тағы 9 млн. тонна темір жолмен жіберілді. «Өткен жылғы маңызды оқиғалардың бірі Атасу-Алашаңқай бағытын жиырма млн. тоннаға дейін кеңейту болды. Ол учаскенің экспорттық қуатын екі есеге арттыруға мүмкіндік береді», - деді Ұ.Қарабалин.