Кальянды заңдастыру бюджетке 50 млрд теңге түсіруі мүмкін - министр

АСТАНА. KAZINFORM — Кальянханаларды лицензиялау Қазақстан бюджетіне 50 млрд теңгеге жуық қосымша кіріс әкелуі мүмкін. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев мәлім етті.

Мәди Такиев
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Оның айтуынша, ведомство кальян кәсіпорындарын лицензиялау идеясын қолдайды.

— Бүгінде елімізде кальянға тыйым салынған, сондықтан олардың нақты санын айту мүмкін емес. Бірақ оларға лицензия беру керек деген ұстанымдамыз, өйткені олар әлі де жұмыс істеп жатыр. Сондықтан лицензиялық төлемдер арқылы олардан бюджетке табыс алған жөн болады, - деді М. Такиев Парламент мәжілісінде тілшілер сұағына жауап бере отырып.

Министр кальянды заңдастыру және лицензиялау туралы заң жобасы әлі де пысықталып жатқанын еске салды.

— Осы бағытта жасалған есептеуге қарағанда, осы норма қабылданған жағдайда, қосымша кіріс шамамен 50 млрд теңгені құрайды, - деді ведомство басшысы.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 20 мыңға жуық кальянхананың қызметі заңдастырылуы мүмкін екені айтылған.