Қамауда отырған Статистика агенттігі төрағасының орынбасарлары мен кәсіпкерлерге тағылған айыпты толық тоқтату үшін 1млн. 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара ұсынған азамат ұсталды - Қаржы полициясы

АСТАНА. Шілденің 1-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Маусымның 16-сында Қаржы полициясының тергеу басқармасының бастығына мемлекет қаржысының 758 млн. 200 мың теңгесін жымқырды деген айыппен қамауда отырған Статистика агенттігі төрағасының орынбасарлары Н.Баянов пен Б.Меңдібаев және «КИІК» ЖШС-ның басшылары А.Нисанов пен С.Тұржановқа тағылған айыпты толық тоқтату үшін 1 млн. 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара ұсынған азамат ұсталды.
None
None

  Бұл туралы бүгінгі өткен апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Алғашқыда ол азамат өзінің аты-жөні Шіркенбаев екендігін айтып,  «КИІК» ЖШС басшысы С.Тұржановтың өкілімін деп таныстырған. Ол барлық айыпталушылардың айыптарын жеңілдетіп, істі жемқорлық қылмыс санатынан, ауырлығы төмен экономикалық заң бұзушылық санатына өткізіп бергені үшін  тергеу басқармасының бастығына   600 мың АҚШ долларын беретіндігін айтқан және сол күні 100 мың доллар қаржыны   оған   қызметтік бөлмесінде қолына тапсырады.

 «Ал қылмыстық істі толығымен қысқарту туралы шешім қабылданған жағдайда Шіркенбаев параның сомасын 1 млн. 100 мың АҚШ доллары көлеміне дейін жеткізетіндігін айтқан. Аталған факті бастан аяқ жедел топтың қадағалауында болып, Шіркенбаев лауазымды тұлғаға аса ірі пара берді деген айыппен қамауға алынды. Тергеу жалғасуда», - деді М.Жұманбай.

 Еске сала кетейік, 2009 жылғы ақпан-наурыз айларында Қазақстан Республикасында Ұлттық халық санағын өткізуге мемлекеттік бюджеттен 1 млрд. 144 миллион теңге бөлінген болатын. Қаржы полициясы аталған бюджет қаражатын мақсатты пайдалану бойынша жедел-тергеу іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде Статистика агенттігінің лауазымды тұлғалары бөлінген қаражатты талан-таражға салғандығын, ысырап еткендерін анықтады. Ұлттық халық санағы шын мәнінде 379 миллион теңгеге өткізілгені, ал қаражаттың 764 млн. 800 мың теңге мөлшеріндегі бөлігі лауазымды тұлғалар мен жеке кәсіпорындардың басшылары тарапынан ысырап етілгені белгілі болды. Лауазымды тұлғалар өздерінің қылмыстық пиғылдарын жүзеге асыру мақсатында санақ жүргізу құрал-жабдықтарын бір жерден сатып алу туралы шешім қабылдаған. Ол - жоғарыда аталған «КИІК» компаниясы. Нәтижесінде Агенттіктің бюджеттік сұраныста артық көрсетілген 764 млн. 800 мың теңгесі ысырап етілген, оның 497 млн. 800 мың теңгесі жалған кәсіпорындардың есепшоттары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Бүгінгі күні барлық кәсіпорындарда кешенді тексерулер жүргізілуде, олардың есепшоттарының жұмыс істеуіне тыйым салынды. Жоғарыда аталған бюджет қаражатын талан-таражға салуға қатысты деген күдікпен осы күні сондай-ақ Статистика агенттігі төрағасының орынбасары Бірлік Меңдібаев пен «КИІК» ЖШС-ның бас директоры Александр Нисанов қамауға алынды. Оларға бюджет қаражатын ұрлауға ықпал етті деген айып тағылып отыр.

Соңғы жаңалықтар