Қамауға алынған Филиппин вице-президенті Сара Дутерте кепілмен босатылды

АСТАНА. KAZINFORM – Филиппин вице-президенті Сара Дутертеге мемлекеттік қаражатты мақсатсыз пайдаланды және президент Фердинанд Маркосқа ашық түрде қоқан-лоқы көрсетті деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Anadolu.

Қамауға алынған Филиппин вице-президенті Сара Дутерте кепілмен босатылды
Фото: Анадолу

Филиппин президенті кіші Фердинанд Маркос пен оның жақындарына «кісі өлтіремін деп қоқан-лоқы көрсетіп, қастандық жасауға әрекеттенді» деп айыпталған вице-президент Сара Дутертені қамауға алу туралы ордер 4 қыркүйекте берілген. Кейін ол кепілмен босатылды.

Дутертенің адвокаттарының бірі Пол Лоуренс Лим вице-президенттің үш түрлі ауыр қоқан-лоқы көрсету айыбы бойынша 5 740 доллар көлемінде кепіл төлегенін мәлімдеді.

Маниладағы Кесон қаласының бірінші сатыдағы аудандық сотынан шыққан Дутерте жақтастарымен кездесіп, оларды құшақтап, қамауға алу туралы ордердің күшін жою жөніндегі сот шешімін көрсетті.

Вице-президент Сара Дутерте мемлекеттік қаражатты мақсатсыз пайдаланды, сондай-ақ президент Маркосқа, оның жұбайы Лиза Аранета-Маркосқа және өзінің немере ағасы, Өкілдер палатасының спикері Мартин Ромуальдеске ашық түрде қоқан-лоқы көрсетті деп айыпталған.

Дутерте өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр.

Айта кетейік, бұрынғы президент Родриго Дутертенің отбасы мен одақтастары Маркос пен оның әкімшілігін экс-президентті заңсыз ұстап, Халықаралық қылмыстық соттың қамауына берді деп айыптайды. Оның қызы, вице-президент Сара Дутерте де қазіргі президенттің ең өткір сыншыларының бірі.

2025 жылғы шілдеде Филиппиннің Жоғарғы соты Сара Дутертеге импичмент жариялауға тыйым салған еді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Филиппиндегі жемқорлықпен байланысты жанжалдың соңы жаппай наразылыққа ұласқанын жаздық.

Сондай-ақ былтыр наурызда Филиппиннің экс-президенті Родриго Дутерте Гаагада қамауға алынған еді. 

Кейін Халықаралық қылмыстық сот Филиппиннің экс-президентін босатудан бас тартты.