Камчаткада соңғы бір тәулікте 120-ға жуық афтершок тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — 30 шілдеде болған жойқын жер сілкінісінен кейінгі бір тәулікте Камчаткада магнитудасы 3,5-тен 6,7-ге дейін жететін шамамен 120 афтершок тіркелді, деп хабарлайды ТАСС.

Ресейдің Камчатка өлкесі бойынша Төтенше жағдайлар жөніндегі бас басқармасының мәліметінше, жергілікті елді мекендерде кейбір дүмпулер 5 баллға дейін сезілген.
— Соңғы тәулікте 120 афтершок тіркелді. Олардың магнитудасы 3,5 пен 6,7 аралығында. Елді мекендерде кейбірі 2-ден 5 баллға дейінгі күшпен сезілді, — делінген ведомство хабарламасында.
Сейсмологтардың айтуынша, өңірдегі сейсмикалық белсенділік біртіндеп төмендеп келеді, алайда әзірге жоғары деңгейде қалып отыр. Мамандардың болжамынша, 30 шілдедегі магнитудасы 8,8 жер сілкінісінен кейінгі афтершоктар бірнеше айға дейін жалғасуы мүмкін.
Қазіргі таңда Петропавловск-Камчатский қаласы мен Елизово ауданында уақытша орналасу үшін екі қабылдау пункті ашылған. 1 тамыз таңертеңгі мәлімет бойынша, онда 190 адам уақытша тұрып жатыр. Аталған азаматтармен Ресей ТЖМ-ның психологтары жұмыс жүргізіп жатыр.
Еске сала кетейік, 30 шілде күні Камчатка жағалауында қуатты жер сілкінісі болды. Бұл — 1952 жылдан бергі ең күшті сілкініс ретінде тіркеліп отыр. Билік өкілдерінің мәліметінше, оның магнитудасы 8,8-ге жеткен.
Аталған зілзала Тынық мұхитында цунамидің пайда болуына себеп болды. Цунами қаупіне байланысты Жапония, АҚШ және Филиппин билігі дабыл қаққан болатын.