Камчаткадағы жер сілкінісінен кейін Чилиде цунами қаупі жарияланды

БУЭНОС-АЙРЕС. KAZINFORM —  Камчаткада болған күшті жер сілкінісінен кейін Чили Әскери-теңіз флотының Гидрография және океанография қызметі елдің жағалауында цунами қаупі бар екенін ескертті. Бұл туралы Оңтүстік Америка елінің Төтенше жағдайлармен күрес жөніндегі ұлттық қызметінің директоры Алисия Себриан мәлімдеді, деп жазды ТАСС.

Камчаткадағы жер сілкінісінен кейін Чилиде цунами қаупі жарияланды
Фото: Pixabay.com
— Чилидің бүкіл жағалауына, соның ішінде Чили Антарктикасына да цунами қаупі жарияланады, — деді ол баспасөз мәслихатында.

Чилилік мамандардың мәліметінше, цунами сәрсенбі күні жергілікті уақытпен сағат 14:51–де (Мәскеу уақытымен 21:51) ел жағалауларына жетуі мүмкін.

— Біз табиғи апаттар кезінде қауіп-қатерлерді басқару жөніндегі комитеттерді шұғыл түрде шақырамыз. Бұл жағдайды бақылауға және эвакуация процесі туралы азаматтарды ақпараттандыруға мүмкіндік береді. Уақыт бар, толқын бірден жетпейді, — деді Себриан.

Сәрсенбі күні таңертең Камчаткада магнитудасы 8,7 болатын жер сілкінісі тіркелді. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жарақат алғандар бар, жедел жәрдем шақырулар саны артқан. Жергілікті билік органдары қызметтердің жұмысын үйлестіру үшін өңірлік штаб құрды.

30 см биіктіктегі цунами толқыны Жапония жағалауларына жетті. Сахалин облысында Солтүстік-Курильск порты мен балық өнеркәсібі кәсіпорны су астында қалды.

Соңғы жаңалықтар