Қамдансаң қапы қалмайсың
АНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат /Кенжеболат Жолдыбай/ - «Мен әрбір адамның капиталист болуын, әрбір адамның меншігі болғанын қалаймын». «Тэтчеризмнің» түп қазығы осы.
Осы мақсатқа төрт жыл ішінде (1984 - 1988 ж.ж.) толығымен қол жеткізілді. Акциясы бар британдықтардың саны үш еседен аса өсті. Акцияны сату табысты ұлғайтып, өнімнің өзіндік құны едәуір арзандады. Инфляция екі-үш есе төмендеді. Миллионнан астам британдықтар үйлі болды.
«Темір леди» атанған Маргарет Тэтчердің премьерлігі тұсында жүзеге асқан бұл шараға білікті сарапшылар кезінде осылайша баға берген болатын. Мұны еске алуыма Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылдан бастап Ұлттық компаниялар акцияларының бір бөлігін ІРО арқылы сатуды қамтамсыз етуді атқарушы билікке міндеттегені және оны қалың бұқараға тиімді болатындай ұйымдастыруға нақты тапсырма бергені себеп болып отыр. Қазір бұл жұмыс қолға алына бастады. Мәселен, Премьер Кәрім Мәсімов таяуда өзінің Twitter торабында үстіміздегі жылдың 1 маусымына дейін республика үкіметіне акцияларды бастапқы орналастыруды жүзеге асырудың жоспары берілетінін хабарласа, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басшысы Тимур Кұлыбаев шілде айынан бастап бағдарламаның түбегейлі жоспарының дайындалуының аяқталып, оны кеңінен насихаттау жұмыстарының жүргізілетінін және соның арқасында қазақстандықтар «халықтық ІРО», яғни аудармасында акцияларды бастапқы орналастыру жәйлі толық ақпаратқа ие болатындарын атап өтті.
Иә, қалың бұқараны көтермелейтін осынау бір игі шараның мән-жәйі төңірегінде салиқалы әңгімелер керек-ақ. Кез келген жаңа істің айналасында түрлі пікірлердің орын алатынын ескерсек, Ұлттық компаниялар акцияларын қарапайым халыққа сатудың тиімділігіне күмәнмен қарайтындардың да бар екендігін айтуға тура келеді. Бұл жөнінде республикалық «Айқын» газетінде экономика мәселелері тұрғысында өте сауатты әрі төгілдіре отырып жазатын ғалым-экономист Жұмабек Жанділдиннің «Акция сатып алу қиын емес» атты мақаласында (07.04.2011) жан-жақты айтылады. Атап айтқанда, ол кісі кейбір лауазымды тұлғалардың «акцияларды сатып алу тәуекелі мол қадам» деп түсіндіретінін, енді біреулерінің «бұл акциялар заңмен қорғалмайды» деп халықты шошындырғылары келетінін тілге тиек ете отырып, осы тұрғыдағы тұжырымдардың негізсіз екендігін, керісінше бұл акциялардың ешқандай да құнсызданбайтынын және олардың жарқын болашағын нақты дәйектермен дәлелдеп шыққан. Сөйтіп, дүйім жұртшылықты мүмкіндік беріп тұрған кезде акцияларды сатып алуға үндей отыра, бұл акциялар кешегі Кеңес заманының «кемелденген социализм» кезінде де жөнді игілік көре алмаған шөл-шөлейт даладағы, темір жол торабынан алысқа орналасқан «аты шулы» отыз аудан тұрғындарының қолына тисе, дұрыс болар деген ойымен өзінің мақаласын түйіндейді. Осылай болған жағдайда азаматтар өз қаржыларын көбейтіп қана қоймай, ұлттық компаниялар мен ірі кәсіпорындардың акцияларының иелері ретінде бұл құрылымдардағы басшылықтың тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға бақылау деңгейін көтеруге, сондай-ақ корпоративті басқару мен корпоративті мәдениеттің жаңа стандартын қалыптастыруға да оң септігін тигізері даусыз. «Халықтық ІРО» сонымен қатар инвестициялық ахуалды жақсартуға, қор нарығын дамытуға серпін беруге және елдің экономикасын әртараптандыруға да игі әсер етері сөзсіз.
Ең бастысы, қолға алынған бұл шараның қазақстандық компанияларға инвестиция көлемін барынша ұлғайтуға қосымша мүмкіндік туғызатынын әрі Қазақстан азаматтарын осы инвестициялық үрдіске мейлінше тартуға жағдай жасайтын тетіктердің үкіметтің тарапынан қарастырылып жатқанын айтқан жөн. Мұндай бастаманы мен өте маңызды деп білемін, өйткені оның алдағы 5-7 жылдар ішінде үдемелі индустриалды-инновациялық стратегияны жүзеге асыруға ықпалы молынан болатынына кәміл сенемін. Өйткені, жалпы құны 46 миллиард долларды құрайтын индустриалды-инновациялық бағдарламаны қаржыландыру бүгінгі күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе болып отыр. Әрине, қаржы көздері жоқ емес, бар. Дегенмен, бұл жерде жақсылап ойлану керек. Мәселен, мүмкін деген қаржы көзінің бірі - Ұлттық қор. Бірақ, біз бұл Қорды келешек ұрпақ игілігі үшін құрдық емес пе? Өкінішке қарай, Қордан әлемдік қаржылық дағдарыс кезінде 10 миллиард долларды алып, жұмсауға мәжбүр болдық. Сондықтан, ендігі жерде оған тиіспегеніміз абзал.
Қаржыландырудың қайнар көзі бюджет екені белгілі. Алайда, бюджет негізінен ТМД елдерінің ішінде ең ауқымды болып есептелінетін әлеуметтік бағдарламаны қаржыландыруға бағытталып отыр және оның мөлшері ешбір қиыншылықтарға қарамай жылма-жыл өсу үстінде және өсе де бермек. Осы орайда, Достастық шеңберіндегі бір де бір елдің өз тұрғындарына, бюджет саласындағы қызметкерлеріне, зейнеткерлеріне Қазақстандағыдай пәрменді түрде қолдау көрсете алмай отырғанын қаперде ұстау игі. Ендеше, бюджетке иек арту аса құптарлық шаруа емес. Қаржыландырудың маңызды тетіктерінің енді бірі сырттан қарыз алу. Біздер соңғы уақытқа шейін үлкен көлемдегі қарыздар алып келдік. Әсіресе, банк секторының әлемдік дағдарысқа дейінгі қарыз алу деңгейі ішкі жалпы өнімнің 40-50 пайызына дейін жетті. Тек қайта құрылымдаудың нәтижесінде банкілердің бұл қарыздары бүгіндері барынша азайтылды. Яғни, бұл банк дағдарысынан барлығымыз сабақ алуымыз керек. Олай болса, қарыз алу мәселесінде де аса сақ болғанымыз жөн.
Инвестиция тартудың тағы екі маңызды бағыты бар. Олар - шетелдік тікелей инвестициялар және ІРО тетігі арқылы мүмкін болғанша көп көлемде капитал тарту. Бірден айту керек, өзге елдердің тәжірбиелеріне қарағанда, қаржыландырудың бұл көздері мейлінше тиімді болып табылады. Сондықтан да жұмысты осы бағытта өрбіткен дұрыс. Ізденістер де жоқ емес. Мәселен, шетелдік инвестициялар тартуға тоқталсақ, қазір Қазақстанға инвесторлар тарапынан құрмет жоғары. Себебі, біздің ел Грекия, Исландия және тағы басқа бір елдердегідей қаржылық тәртіпсіздікке жол берген жоқ. Мемлекет жарты жылдың ішінде банк секторын толықтай тәртіпке келтірді, банктер айналасындағы жағдайды реттеді, ашық диалог құра келе, кредиторлармен өзара келісімге келді. Бүгін кредиторлардың көңілдері тоқ, банктер де аман есен, қаржы секторы даму жолына түсті. Бір сөзбен айтқанда, мазасыздануға ешқандай негіз жоқ. Ал инвестор тек тұрақты, сенуге болатын елге келетінін ескерсек, сол инвесторлардың келуіне барлық жағдай туғызып отырған біздің Үкіметтің, Ұлттық компаниялардың алымды жұмысын, шешім қабылдаудағы нақты саяси ерік-жігерін бағалау керек.
Сондай-ақ, жоғарыда атап өткеніміздей Үкіметтің «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен бірлесіп, осы холдингке кіретін Ұлттық компаниялардың акцияларын отандық ІРО сатылымына шығару бағытында қолға алып жатқан көңілге қонымды тіршіліктерін де оң бағаласақ орынды болар еді. Солардың кейбіріне жалпылама ақпарат беру мақсатында тереңірек тоқтала кетсек. Ең алдымен, акцияларды бастапқы орналастыру бірнеше сатыда өтетініне назар аударған жөн. Мәселен, сынақ ретінде биылғы жылы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру», яғни тікелей мұнай және газ өндіретін бөлімшелердің акцияларын сатуға шығару көзделіп отыр. Нақтырақ айтқанда, бұл өндірістік кәсіпорын акция құны 500 миллион доллар тұратын өз акцияларының 5 пайызын сатуға шығармақшы. Шарт бойынша әр қолға 50-ден артық емес акциядан сатуға рұқсат етілетін болады, ал бұл акцияларды сатып алу «Қазпошта» мекемелері арқылы жүзеге асады. Мұнда кез келген адам келіп, акциялар құнын біледі де, оларды сатып алған соң, ол Қазақстандағы ең ірі мұнай компаниясының қосарлы иегеріне айналады. Сәл кейін қазақстандық азаматтардың КЕГОК-тың, «Қазпоштаның», «Қазақстан темір жолы» мен мүдделі энергетикалық компаниялардың қосарлы иегерлері атануға мүмкіндіктері бар. Осылай бірте-бірте барлық ұлттық компаниялардың акциялары орналастырылатын болады. Бұл туралы 2011 жылғы 28 ақпанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Мен қазірдің өзінде «Қазмырыш» басшылығымен сөйлестім, олар дайын. «Қарметкомбинат», ENRC және «Қазақмыс» кәсіпорындары да бұл акцияға қатысады ғой деген ойдамын», - деп атап өтті. Қазақстан азаматтары сатып алғаннан кейін қалған акциялар біздің зейнетақы қорларына сатылатынын да ескергеніміз жөн.
Ендігі басты мәселе нарық жағдайында акция дегеннің не екенін және оның қалай бағаланатынын түсініп, үйренуге тірелетіндей. Яғни, «Қап..!» деп қалмау үшін, әркім ойланып барып нақты шешім қабылдауы керек. Айталық, сіз «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының акциясын сатып алғыңыз келеді делік. Ол үшін бұл компанияның қанша тұратынын білуіңіз қажет, мәселен оның құны 10 миллиард долларды құраса, акциясының бір пайызы қанша тұрады, дегендей. Мұның сыртында, түрлі жағдайлардың да орын алуы әбден мүмкін. Мысалы, сіз бүгін 50 мың теңгеге 50 акция сатып алдыңыз. Дәл осы мезетте сіздің акцияларыңызды сатып беруді ұсынатын алыпсатарлар мен сатармандар табыла кетуі, сөйтіп барлық акциялардың бір қолға қайта көшуі әбден мүмкін. Ал, негізінде акция сатып алған әр адам не брокер арқылы, не тікелей өзі акциялардың құнын бақылап отыруы тиіс. Егер сіз төзімділік танытып, бақылауыңыздың нәтижесінде бір-екі жылдан кейін акцияңыздың құны мейлінше өскенін көрсеңіз, оларды тиімді етіп сатып мол пайдаға кенелуге болады. Сайып келгенде, бұдан екі жақ та ұтады. Өйткені, ұлттық компаниялар инвестиция түрінде халықтың ақшасын алса, ал адамдар өз ақшаларын пайдалы негізге жұмсайды. Бүкіл әлемде осылай жасалады, сіз де бұл игі шарадан сырт қалмауға қазірден бастап қам-қарекет етіңіз.