Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығындағы 39 бала Қонаевқа көшті

  АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қонаев қаласындағы жаңа орталық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілерін қабылдады. 

Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығындағы 39 бала Қонаевқа көшті
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Алматы облысы білім басқармасының мәліметінше, Алматы қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығынан Қонаев қаласына 39 бала келді.

Барлығы жеке инвестордың қаржысына салынған жаңа ғимаратқа орналастырылды. Келгендердің барлығы — бейімдеу орталығының тәрбиеленушілері, балалар үйінен ешбір бала жоқ.

— 2022 жылы Алматы облысы әкімшілік тұрғыда бөлінгеннен кейін бейімдеу орталығы уақытша Алматы қаласындағы № 1 балалар үйінің базасына орналастырылған еді. Жаңа ғимаратқа көшу тәрбиеленушілердің келісімімен және мамандардың сүйемелдеуімен жүзеге асырылды, — деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, бүгін Алматыда орналасқан облыстық Балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаев қаласына көшуге наразылық білдірді.

Президент тапсырмасымен «Бағанашыл» балалар үйі Алматыдан Қонаевқа көшірілмейтін болды.

Соңғы жаңалықтар