Канада азаматтарына Францияға барғанда сақ болуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — Канада «террористік қатердің жоғары деңгейін» ескере отырып, өз азаматтарын Францияға барған кезде аса сақ болуға шақырды, деп жазды Анадолы агенттігі.

Канада үкіметінің ресми сайтында жарияланған саяхат туралы ескертуінде Париждегі Канада елшілігінің телефон желілері ажыратылғаны хабарланған.
Ескерту мәтінінде Канаданың азаматтарына Франциядағы жоғары террористік қатерге байланысты «аса сақ болу» қажет екені айтылып, келесі мәліметтер келтірілген:
- Соңғы бірнеше жылда Францияда бірқатар кездейсоқ және әдейі жасалған шабуылдар болды. Бұл оқиғалардың салдарынан көптеген адамдар қаза тауып, жарақат алды. Жаңа шабуылдар болуы мүмкін, - делінген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Францияда түрмелерге шабуыл жасаған 25 адам ұсталғанын жазған едік.