Канадада әуекомпания қызметкері жолаушыдан хиджабын шешуді талап етті

АСТАНА. KAZINFORM — Канадада Flair әуекомпаниясының рейсінде жұмыс істеген қызметкер мұсылман әйелден хиджабын шешуді талап етіп, бұл әлеуметтік желілерде және құқық қорғау ұйымдары тарапынан үлкен наразылық тудырды, деп хабарлайды Анадолы.

хиджаб
Фото: Анадолы

Анасына қатысты оқиғаны баяндап берген Афсара Райда қызметкердің хиджабты шешуді талап еткенін, оның себебі әйелдің төлқұжаттағы суреті хиджаб кигенге дейін түсірілгенін айтқанын жеткізді.

Райда анасының бет-әлпеті құжаттағы суретке толық сәйкес келгенін айтты. Әкесі наразылық білдіргенде қызметкер суретті жаңарту керек екенін айтқан.

— Бүгін Flair Airlines анамның құқығын бұзып, оны Торонтодағы Пирсон халықаралық әуежайында көпшілік көзінше қорлады. Біз бұл оқиғадан кейін үнсіз қалмаймыз, — деп жазды Райда Facebook-тегі парақшасында.

Райда бұл жағдайдың исламофобияның көрінісі екенін атап өтті.

— Бұл дін бостандығын және негізгі адам құқықтарын бұзу болды. Ал бұл оқиға әртүрлілікке, инклюзивтікке және сыйластыққа басымдық беретін ел Канадада болды, — деді ол.

«Анадолы» агенттігінің сауалына жауап берген Flair Airlines өкілдері аталған адам жерүсті қызметтерін көрсететін AGI компаниясының қызметкері екенін хабарлады.

AGI компаниясы Райданың отбасынан кешірім сұрап, аталған қызметкердің әкімшілік тексеру кезінде міндеттерінен босатылғанын мәлімдеді.

Flair Airlines компаниясының бас директоры Мачей Вилк барлық серіктестерінен құрметпен, кәсіби деңгейді көрсетіп, кемсітушіліксіз жұмыс істеуді талап ететінін айтты.

Канада мұсылмандары ұлттық кеңесі (NCCM) оқиғаға байланысты алаңдаушылығын білдіріп, адвокаттардың іске араласқанын хабарлады.

— Канададағы әуежайларда және әуекомпанияларда исламға қарсы көзқарасқа орын болмауы тиіс, — делінген мәлімдемеде.

Бұдан бұрын Франция Ішкі істер министрі ЖОО-ларда хиджаб киюге тыйым салуды қолдағанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар