Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қанат Бозымбаев: «Ауыл аманаты» қаражаты жобаны тиімді іске асырып жатқан өңірлерге қайта бөлінеді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысына арналған республикалық көшпелі кеңес өтті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

в
Фото: Үкімет

2023–2025 жылдары жоба аясында Түркістан облысында 4 223 жоба қаржыландырылып, 4 635 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар 593 жылыжай салынды, 76,8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы малы сатып алынды, 79 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды. Жоба аясында жыл сайын шамамен 80 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілуде. Жобаны іске асыру нәтижесінде облыстың 441 тұрғыны атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатынан шықты.

Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 583 жоба қаржыландырылып, 1 234 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

в
Фото: Үкімет

Премьер-министрдің орынбасары төрағалық еткен кеңесте Үкіметтің ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын, оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасын жүйелі түрде жүзеге асырып жатқаны атап өтілді.

Сонымен қатар кейбір өңірлерде бюджет қаражатын игеру деңгейінің төмен екені атап өтілді. Атап айтқанда, Ақмола, Атырау және Жамбыл облыстарында бұл көрсеткіш республика бойынша ең төмен деңгейде қалып отыр.

– Егер бұл жағдай өзгермесе, тамыз айының қорытындысы бойынша жобаға жауапты саяси мемлекеттік қызметшілерге қатысты тиісті шаралар қаралатын болады. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне қаражатты игеру деңгейі төмен облыстардан жобаны сапалы әрі тиімді іске асырып жатқан өңірлерге қайта бөлу мәселесін қарастыруды тапсырамын. Ал облыс әкімдіктері 2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаражаттың ағымдағы жылдың тамыз айына дейін толық игерілуін қамтамасыз етуі тиіс, - деп қорытындылады кеңесті Қанат Бозымбаев.

Айта кетейік, Шардарада 31 мыңнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз ететін топтық су құбыры пайдалануға берілді.