Қанат Бозымбаев: Біз Аралды құтқару қорының реформасынан зор үміт күтеміз

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Астана халықаралық форумында Қазақстанның су шаруашылығын дамыту бағытындағы саясатты қалай үйлестіріп отырғанын баяндады.

Бозымбаев
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Вице-премьер Қазақстан Аралды құтқару халықаралық қорының аясындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударатынын атап өтті. Ресми Астана ұйым аясында мойнына алған міндеттемелерді берік ұстанатынын айтқан ол қордың құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын одан әрі жетілдіру бағытындағы бастамаларын қолдайтынын айтты.

форум
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Біз Аралды құтқару халықаралық қорын реформалау бағытында келешек уағдаластықтардан зор үміт күтеміз. Бұл Орталық Азиядағы маңызды ұйымға мүше елдердің бәрінің мүддесін ескере отырып, тиімділігін арттыруға бағытталған, — деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Премьер-министрдің орынбасары су саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын атады. Қазақстан 42 жаңа су қоймасын салып, қолданыстағы 30 су қоймасын реконструкциялауды, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам суару арналарын жаңғыртуды жоспарлап отырғанын мәлім етті. Бұл шаралар суармалы жер көлемін арттырып, төтенше жағдайларға төтеп беруге және экономиканың түрлі салаларын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні де айтылды.

Қанат Бозымбаев су секторын цифрландыру бағытында бірыңғай су кадастрын түзген Hydro.gov.kz цифрлық платформасы құрылып жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, елордада Астана халықаралық форумы өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар