Қанат Бозымбаев ТКШ-ны жаңғырту қарқыны бойынша көш соңында қалған өңірлерді атады
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қазақстанның коммуналдық саласындағы жөндеу маусымы мәреге таяп қалды. Алайда бірқатар өңір бекітілген жұмыс кестесінен қалып келеді.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы (ЭКСЖ) Жобалық кеңсесінің отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жобаларды іске асыруды жеделдетуді талап етіп, әкімдіктерді олардың нәтижесі үшін дербес жауапкершілік болатынын ескертті.
ЭКСЖ-ны іске асыру қарқыны бойынша антирейтингке Шымкент қаласы, Ұлытау облысы, Алматы қаласы, Түркістан және Алматы облыстары кірді.
Ал Қарағанды облысын Бозымбаев керісінше, өзге өңірлерге үлгі ретінде атап өтті. Биыл мұнда жалпы құны 85 млрд теңгеден асатын ЭКСЖ жобаларын жүзеге асыру жоспарланған.
– Жөндеу маусымы өте қысқа. Үкімет деңгейінде барлық қажетті шешім қабылданды. Оның ішінде жобалық-сметалық құжаттаманы сараптамадан өткізуді жеделдету шаралары да бар. Енді негізгі міндет әкімдіктерге жүктеледі. Әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарлары Ұлттық жобаның іске асырылуын жеке бақылауда ұстауы тиіс, – деді вице-премьер.
Құрылыс жұмыстарын уақытылы бастау керек
Бағдарламаның ауқымы расында да бұрын-соңды болмаған деңгейде. 2026 жылы Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық секторына шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды. Оның 791 млрд теңгесі ЭКСЖ жобаларына тиесілі. Қазір 328 жоба іске асырылып жатыр.
Жалпы құны 457 млрд теңге болатын тағы 257 жоба конкурстық рәсімдерден өтіп жатыр. Оның 228 нысаны бойынша мердігерлер анықталған.
Жобаларды қағаз жүзіндегі рәсімдерден нақты құрылыс жұмыстарына көшіру жылдамдығы отырыстың негізгі мәселелерінің біріне айналды.
Бозымбаевтың айтуынша, кейбір өңірлер әлі күнге дейін жобаларды ұсынуға немесе конкурстық рәсімдерді өткізуге үлгермеген. Ал құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге берілген уақыт шектеулі.
– Қарағанды облысы, ең алдымен, қарқынды бәсеңдетпеуі керек. Бұл – инфрақұрылым нысандарының басым бөлігі 50–60 жыл бұрын салынған өнеркәсіптік өңір. Жылумен, сумен және электрмен жабдықтау желілерінің жекелеген учаскелерінің тозуы жүз пайызға жуықтап отыр. Сондықтан әлі жұмыс басталмаған нысандарда биылғы жылы жоспарланған барлық жоба бойынша жұмысты жеделдетілген тәртіппен бастап, жыл соңына дейін аяқтауды қамтамасыз ету қажет, – деді Қанат Бозымбаев.
Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, өңірлер дайын жобалық-сметалық құжаттамасы бар жобалар бойынша жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін бастауы тиіс. Сонымен қатар қалған нысандар бойынша құжаттаманы әзірлеу үдерісін жеделдетіп, 2027 жылға жоспарланған жобаларды қаржыландыруға өтінімдер беру қажет.
Қарағанды көш бастап келеді
Осы тұрғыдан алғанда, Қарағанды облысы жобаларды іске асыруға ең жоғары деңгейде дайын өңірлердің бірі саналады.
2025 жылдан бері ЭКСЖ электрондық платформасына облыста жалпы құны 134 млрд теңге болатын 30 жоба енгізілген. Олардың аясында жалпы ұзындығы 420,6 шақырым инженерлік желіні жаңғырту көзделген.
Қазір 14 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалардың жалпы құны – 83,4 млрд теңге. Жаңғыртылатын инженерлік желілердің ұзындығы – 151,3 шақырым.
Жалпы құны 45,3 млрд теңге болатын тағы 12 жоба 2027 жылы іске асыру үшін платформаға енгізілген. Олардың жалпы ұзындығы – 84 шақырым.
Алайда жаңғырту көлемінің ұлғаюымен бірге тағы бір маңызды мәселе туындайды: барлық қаржылық жүктемені тұтынушылардың мойнына түсірмеу.
Тарифтердің негізсіз өсуіне жол берілмеуі тиіс
ЭКСЖ жобаларына жұмсалған қаражат ұзақ мерзімді перспективада тарифтер есебінен қайтарылады. Сондықтан өңірлерге жаңа жобаларға өтінім қалыптастыру кезінде тарифтік жүктемені алдын ала ескеру тапсырылды.
– 2027 жылға жоспарланған жобалар бойынша өтінімдерді толық көлемде ұсынуды қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте өңірдегі тарифтердің негізсіз өсуіне жол берілмеуі тиіс. Егер тарифтерді өзгерту қажеттілігі туындаса, әкімдіктер бейінді министрліктермен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеу үшін тұрғын үй көмегі тетігін пайдалануы қажет. Бұл құрал бұрыннан бар, алайда оны жаңартып, халыққа барынша түсінікті ету керек, – деп тапсырды вице-премьер.
Бозымбаевтың айтуынша, негізгі міндет – инфрақұрылымды жаңғырта отырып, коммуналдық кәсіпорындар мен тұтынушылардың мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау.
Ескі есептегіштерден цифрлық ТКШ жүйесіне дейін
Отырыста цифрландыру мәселесіне де айрықша назар аударылды. Үкімет коммуналдық саланы кезең-кезеңімен ресурстарды толық цифрлық есепке алу жүйесіне көшіруді көздеп отыр. Алайда, Бозымбаев атап өткендей, алдымен негізгі мәселені шешу қажет, яғни барлық тұтынушыны есептеу құралдарымен қамтамасыз ету керек.
Мұнда әңгіме тек есептегіштерді орнатумен шектелмейді. Деректер бірыңғай стандартқа сай форматта жиналып, тұтыну көлемін есептеу, желілердегі шығындарды бақылау және кейіннен цифрлық технологияларды енгізу үшін пайдаланылатын тұтас жүйе қалыптастыру қажет.
– Бастапқы деректеріміз болмаса, жасанды интеллектіні қалай пайдалана аламыз? Бірінші кезектегі міндет – барлық тұтынушыда есептеу құралдары болуы керек. Ақпараттық жүйелер мен нақты есепке алу тетігін енгізбейінше, біз алға жылжи алмаймыз, – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
1 қыркүйекке дейін бейінді ведомстволарға коммуналдық ресурстарды өндірістік және коммерциялық есепке алуға қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеу тапсырылды. Олар көрсеткіштердің сапасы мен алыну мерзімділігінен бастап, деректерді беру форматына дейінгі талаптарды қамтиды.
Сонымен бірге билік бұл бағытта отандық өндіріске басымдық бермек. Алғашқы кезеңде есептеу құралдарындағы қазақстандық қамту үлесі кемінде 70 пайыз болуы тиіс. Кейін бұл көрсеткішті одан әрі арттыру көзделіп отыр.
Әлеуметтік норма және дербес жауапкершілік
Үкіметте коммуналдық ресурстарды тұтынудың әлеуметтік нормасын енгізу тетігі де пысықталып жатыр. Белгіленген норма шегінде бір тариф, ал белгіленген көлемнен асқан жағдайда жоғары тариф қолдану көзделіп отыр. Мұндай тәсіл тұтынушыларды коммуналдық ресурстарды ұтымды әрі үнемді пайдалануға ынталандыруы тиіс.
Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік осал азаматтардың мүддесін қорғау. Үкімет тұрғын үй көмегін көрсету тетігін автоматтандыруды жоспарлап отыр. Бұл азаматтардың қажетті құжаттарды қайта-қайта жинап, өтемақы алу үшін тиісті органдарға жүгіну қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге ЭКСЖ көрсеткіштерінің орындалуына нақты мемлекеттік қызметшілер дербес жауап беретін болады.
– Ұлттық жобаның әрбір индикаторы бойынша мемлекеттік қызметшілерге дербес жауапкершілік жүктелген. Сондықтан барлық көрсеткіштер мен нәтижелерді мұқият қарап шығыңыздар. Кейін «мен білмедім» деген сөз болмауы керек, – деп ескертті вице-премьер. Жыл қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштер нақты нәтижелермен салыстырылады. Бозымбаев атап өткендей, бекітілген индикаторлардан қалып қоюға жол берілмейді.
Бұған дейін Қанат Бозымбаев Қарағанды облысы жылыту маусымына 15 қыркүйекке дейін дайын болуы керектігін ескертті.