Қанат Бозымбаев қазақ күресі федерациясының құрметті президенті болып сайланды

«Ол (Қ. Бозымбаев - ред.) федерация құрылған сәттен бастап қолынан келгенше жәрдем беріп келеді. Оның қолдауымен 2013 жылы «Еуразия Барысы» халықаралық турнирі өтті. Жарыс үш рет ұйымдастырылып, оған 12 елден палуандар келіп қатысты. Павлодарда 35 елден келген палуандардың қатысуымен «Әлем Барысы» жарысын өткізді. Осыған байланысты федерация басшылығына мұндай адамдардың келуі ұлттық күрестің одан әрі дамуына ықпал ететін болады», - деп атап өтті А.Шораев.
Еске салсақ, «Қазақстан Барысы» даму қоры» қазақ күресі бойынша жалпыұлттық турнир өткізу үшін 2010 жылы құрылған.
Басты мақсаты - қазақ ұлттық күресін мемлекеттік деңгейдегі бұқаралық спорт түрі ретінде дамыту. Басқаша айтқанда, жоба ұлттық спорт өнерін өркендету арқылы жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеуге ықпал етеді.
Федерацияның құрметті президенттігіне сайланған Қанат Бозымбаев Федерацияның атқару комитетіне алғыс айта отырып, артқан үміт пен сенімді ақтауға дайын екендігін білдірді. Сондай-ақ, өз жұмысының бастамасы ретінде биылғы жылы қазан айында Астана қаласында қазақ күресінен Әлем Чемпионатының ұйымдастырылатынын хабарлады. Сонымен бірге, «Expo-2017» бүкіләлемдік халықаралық көрмесі аясында қазақ күресінен кезекті «Әлем Барысы» турнирінің өткізілетіндігін жария етті.