Қандас болуға 7 мың өтініш: көші-қон картасындағы жаңа үрдіс

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдауға арналған Migration.enbek.kz порталы белсенді түрде дамып келеді. Министрлік мәліметінше, портал арқылы 2025 жылы жалпы 18 639 өтініш өңделді, ал пайдаланушылардың жалпы саны – 18 303.

Мемлекет басшысы: Қазақстан азаматтығын және қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

– Migration порталында көрсетілген санаттар бойынша тіркелген пайдаланушылардың ішінде Қазақстан Республикасының резидент еместері – 12 032, Қазақстан Республикасының резиденттері – 5 378, заңды тұлғалар – 881, жергілікті атқарушы мекеме – 12 пайдаланушы, – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Kazinform тілшісінің ресми сауалына берген жауабында.

Порталдың ең танымал қызметтері қатарында этникалық қазақ мәртебесін алу, ішкі қоныс аудару, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелері бар.

– Ең көп сұранысқа ие қызметтер қатарына мыналар жатады: «қандас» мәртебесін беру – 6 928 өтініш, оның ішінде 3 859-ы мақұлданған; еңбек шартына қол қою ниеті туралы келісім – 5 508 өтініш; қоныс аударудың өңірлік квотасы – 1 856 өтініш; көшу бойынша субсидия төлеу туралы өтініш – 1 330 өтініш, – деп нақтылады ведомства өкілдері.

Портал заманауи цифрлық шешімдер арқылы мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылды оңтайландырады, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған бизнес-үдерістерді іске асырады.

Еске сала кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасының жобасын әзірледі.

Соңғы жаңалықтар