Қандастар атамекенге құлақ түреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының V құрылтайында шет мемлекеттерде тұратын қандастарымыз тебірене сөз сөйледі.

Қандастар атамекенге құлақ түреді

Жарыссөз басталғанда мінбеге бірінші болып Моңғолия ауылшаруашылығы университеті ғылыми-зерттеу орталығының директоры Бекей Ағыпарұлы көтерілді. Ол өзінің сөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қарата бастады.

- Мен Моңғолияның астанасы - Улан-батор қаласында тұрамын. Елден жырақта жүрсек те, атамекендегі әрбір жаңалыққа елеңдеп, құлақ түріп, әрдайым тілектес болып отырамыз, - деді ол сөзінің кіріспесінде. - Айтатыны жоқ, биылғы жыл Қазақстан үшін үлкен бетбұрыстар жылы болды. Сіз небәрі жарты жылдың ішінде елді күрт өзгертетін үш түрлі бастама көтердіңіз. Бірінші - жыл сайынғы халыққа дәстүрлі Жолдауыңыздың биылғы нұсқасында Қазақстанның үшінші жаңғыруын бастадыңыз. Ол - ел экономикасын жаңа салалық деңгейге көтеретін бірегей қадам. Екінші - конституциялық реформалар жасау арқылы саяси жаңғыртуды жүзеге асырдыңыз. Бұл Сіздің ел болашағын ойлайтын кемелдігіңізді танытты. Үшінші - қоғамдық сананы түбегейлі өзгерту үшін рухани жаңғыртуды қолға алдыңыз. Бұл үш қадам Қазақстанның болашағы баянды болатынын көрсетеді. Біз бұған марқаямыз.

- Сыртта жүрген қазақтар қай заманнан да өздерінің ата-бабаларының бейіті жатқан, іздері қалған атамекенін іздейді, - деді келесі кезекте сөз алған Батыс Қазақстан облысындағы «Карповский Северный» ЖШС бас директоры Қайролла Қасенов. - Ресейдің Түмен облысында туып-өскен мен үшін де ұшқан құстың қанаты талатын қазақтың ұшы-қиырсыз даласы ерекше ыстық. Біздің ата-бабаларымыз бір кездері Солтүстік Қазақстан облысының далаларында өмір сүрген екен. Менің өзім осында келгелі қазақ баласы үшін Қазақстанның кез келген түкпірі өзінің туған жеріндей екеніне көз жеткіздім.

Бұдан кейін сөздің тізгінін Миландағы (Италия) Бокони университетінің лекторы, МРА магистрлік бағдарламасының директоры Әйгерім Болатқызы алды.
- Сіздің Жолдауыңыздағы 3 тілде білім беру бағдарламасын өз басым қолдаймын. Өйткені бұл қазақ жастарының XXI ғасырда күн сайын өзгеріп жататын талаптарына бейімдейді, - деді ол Елбасына қарап. - Мен өзім Моңғолияда өмірге келдім, Чехия мен Сингапурда білім алдым. Қазір Сингапур мен Италияда кезек тұрып жатырмын. Әлемнің 7 тілінде сөйлеймін. Ағам Түркияда, інім Ресейде оқып білім алды. Қазір екеуі де Қазақстанда қызмет етеді. Бірақ қайда болсақ та, қазақи болмысымызды, ата дәстүріміз бен ана тілімізді берік сақтап келеміз. Себебі қанымыз қазақ, жанымыз қазақ.

Әйгерім сөзінің соңында шетелдегі қазақ жастары дүниежүзілік стандартқа негізделген Назарбаев университетінде көптеп білім алса екен деген тілегін де жеткізді.

- Мен бір кездері ауа көшкен Алтай қазақтарының ұрпағымын. Біздің аталарымыз Германия жерінде мәңгіге дамылдап жатыр, - деп сөз бастады Парижден (Франция) келген жеке кәсіпкер Мехмед Зенгин. - Қазір Түркия мен Еуропаның қазақтары өздерінің ата кәсіптері - тері өңдеу кәсіпшілігінде жұмыс жасайды. Онда Алтай қазақтарының өз қолтаңбасы бар. Сонымен бірге, Еуропа қазақтары ұлттық дәстүрге айналдырған тағы бір кәсіп түрі бар. Мен осы тоқыма кәсіпшілігімен айналысамын. Біздің фирмалар бүгінде Еуропа мен Африка елдерінде жұмыс істейді. Сол арқылы 150 адамға жұмыс тауып беріп отырмын. Осындай кәсібімді қазақ жерінде де жалғастырғым келеді. Осыған байланысты менің де ұсынысым болып тұр. Биыл Алматыда тоқыма өнеркәсібінің көрмесі өтті. Оған мен де қатыстым. Көрмеден кейін отаныма пайда әкелуге шешім қабылдадым. Бірақ бұл біршама қиын шаруа екен. Біз өзімізге ерекше жағдай жасалуы керек деп есептемейміз. Алайда басқа жұртқа қарағанда, қазақ кәсіпкерлеріне белгілі бір мөлшерде жеңілдіктер қарастырылуы керек деп ойлаймын.

Париждік кәсіпкердің бұл тілегіне Елбасы бірден үн қосты. Нұрсұлтан Назарбаев сол жерде Премьер-министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовті орнынан тұрғызып, Мехмед Зенгиннің елімізде кәсіпшілігін ашуына қолдан келетін барлық жағдайды жасауды тапсырды.