Қандастар қоныстану өңірінде міндетті түрде жұмысқа орналасуы тиіс — бұйрық жобасы

АСТАНА. KAZINFORM — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларына өзгерістер енгізбек.

Былтыр Қазақстанға қанша қандас көшіп келді
Коллаж: Kazinform

Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланған бұйрық жобасы қоныс аудару бағдарламаларын іске асырудың тиімділігін арттыруға және азаматтарды қоныстандыру өңірлерінде бекітудің қажеттілігіне байланысты әзірленген. Қағидаларға қоныс аударушының немесе қандастың жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуы бөлігінде өзгерістер енгізіледі.

Ведомство мәліметінше, ресми жұмысқа орналасудың болмауы азаматтардың өңірлерде бекітілу деңгейін төмендетеді. Қайта көшуге ықпал етеді және жергілікті бюджеттерге түсетін жүктемені арттырады.

— Осыған байланысты қоныстану өңірінде міндетті түрде жұмысқа орналасу талабын белгілеу, сондай-ақ жұмыспен қамтылғандығы фактісін әлеуметтік аударымдарды жүзеге асыру арқылы растау көзделеді, — деп түсіндіреді министрліктен.

Бұған дейін жыл басынан бері 3,3 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алғанын жазған едік.