Қандастармыз дайындаған «Футбол әні» жастарды спортқа үндейді — шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Шолу
Фото: Алтай ақпарат

Өзбекстанда электромобиль сатылымы екі есеге жуық өсті — ӨзА

Өзбекстанда электромобильдерге сұраныс жыл сайын артып келеді. Бұл туралы Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығының деректерінде айтылды.

Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.

ы
Фото: Repost.uz

Мәліметке сәйкес, 2026 жылғы сәуірде республика бойынша 8,1 мың электромобиль сатылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық жоғары.

Сарапшылардың бағалауынша, электромобильдер сегменті елдегі жеңіл автокөлік нарығында ең жоғары өсім қарқынын сақтап отыр.

Сатылым көлемі бойынша Ташкент қаласы көш бастап тұр. Мұнда 5,56 мыңнан астам электромобиль сатылып, бұл ел нарығының шамамен 70 пайызын құраған.

Хабарламада айтылуынша, өңірлер арасында Ташкент облысы мен Ферғана облысы жоғары көрсеткішке ие болды. Аталған аймақтарда тиісінше 573 және 464 электромобиль сатылған.

Сонымен қатар, жылдық есеп бойынша электромобиль сатылымы республиканың барлық дерлік өңірінде өскен. Тек Самарқанд облысында нарық белсенділігі өткен жылмен салыстырғанда 34 пайызға төмендегені байқалды.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Азия әйелдерінің II форумында Бұхара декларациясы қабылданды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Бұхара қаласында «Әйелдерге инвестиция — тұрақты өсімнің негізі» тақырыбында Азия әйелдерінің II форумы өтті. Іс-шараға 20-дан астам мемлекет пен халықаралық ұйымдардың жоғары деңгейдегі өкілдері, парламент депутаттары, сарапшылар мен дипломаттар қатысты.

Шолу
Фото: ӨзА

Шавкат Мирзиёев форум қатысушыларына құттықтау жолдап, оны Президент әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева оқып берді. Танзила Нарбаева Өзбекстанда гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналғанын айтты.

Форумда климаттың өзгеруі, кедейлік, теңсіздік мәселелерін шешудегі әйелдердің рөлі талқыланды. Сондай-ақ әйелдерді қолдау, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және білім, кәсіпкерлік, инновация салаларындағы мүмкіндіктерді арттыру мәселелеріне назар аударылды.

Форум қорытындысында Бұхара декларациясы қабылданды. Құжат Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, әйелдерді қолдауға арналған заңнамалық және практикалық тетіктерді жетілдіруге бағытталған.

Қазақстан мен Қытай бірлескен астық сауда платформасын құрады — Eurasia Today

Қазақстан мен Қытай «Бір белдеу, бір жол» аясында бірлескен астық сауда платформасын құру туралы келісімге келді. Жоба астық саудасын цифрландыруға және екі ел арасындағы аграрлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Бұл туралы Бішкекте шығатын «Eurasia Today» ақпарат агентті хабарлады.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен ҚХР Азық-түлік және стратегиялық резервтер жөніндегі мемлекеттік басқармасының басшысы Лю Хуаньсинь кездесуі барысында тиісті құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, екі ведомство арасындағы меморандум және ұлттық астық операторлары арасындағы серіктестік келісімі бекітілді.

Шолу
Фото: АШМ

Тараптар аграрлық сауда көлемінің өсіп отырғанын атап өтті. Өткен жылы екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы 36,8 пайызға өсіп, 1,97 млрд долларды құраған. Ал биылғы жылдың бірінші тоқсанында көрсеткіш тағы 61,7 пайызға артып, 697 млн долларға жетті.

Қытай тарапы Қазақстанды азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты жеткізу тізбегін қамтамасыз етудегі маңызды серіктес ретінде бағалап, астық саудасы мен логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін білдірді.

Қытай медицинасының Қазақстандағы алғашқы оқу орталығы ашылды — Халық газеті

Гуандун қытай медицинасы ауруханасы Алматыдағы Орталық ауруханамен келісімге келіп, Қазақстан аумағында Орталық Азиядағы алғашқы мамандандырылған оқу орталығын ашты, деп жазады «Халық газеті».

Шолу
Фото: «Халық газеті»

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, жаңа орталық омыртқа бағанасына минималды инвазивті хирургия жасау және қытай медицинасының реабилитациялық әдістерін оқытуға бағытталған.

Қытайлық мамандар төрт күрделі операцияны көрсетіп, «минималды инвазивті хирургия + дәстүрлі реабилитация» моделін таныстырды. Бұл тәсіл науқастардың стационарда емделу мерзімін шамамен 30 пайызға қысқартатыны айтылды.

Жоба аясында алдағы үш жылда омыртқа хирургиясы саласында 50 қазақстандық дәрігерді даярлау жоспарланған. Мамандар бұл бастама қытай медицинасының өңірде қолданылуын кеңейтіп, жергілікті тәжірибеге бейімделуіне жол ашатынын атап өтті.

Сонымен қатар осы аптада Халық газеті басылымында «Қытай мен Қазақстан арасындағы шекаралық қойма кеңейіп жатыр» деген мазмұндағы ақпарат жарық көрді. 

Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, Шыңжаң өңірінің Тарбағатай аймағында Қытай мен Қазақстан арасындағы шекарааралық электрондық коммерцияға арналған қойма кешені кеңейтілуде. Жоба туралы «Халық Газеті» хабарлады.

Шолу
Фото: «Халық Газеті»

Жоба шеңберінде импорт-экспорт тауарларына арналған шекаралық қойманың II кезеңі іске асырылып жатыр. Ол EPC+O моделі бойынша жүзеге асуда және шамамен 26,5 млн юань инвестицияны қамтиды. Құрылыс аумағында екі қойма және қосалқы инфрақұрылым салынады.

Жоспарға сәйкес, құрылыс 2026 жылдың сәуірінде басталып, қазан айында аяқталады. Жоба Қытай мен Қазақстан арасындағы шекаралық электрондық сауданы дамытуға және логистикалық инфрақұрылымды күшейтуге бағытталған.

Ирандық ғалымдар омыртқааралық дискіні емдеуге арналған жаңа гидрогель жасады — ParsToday

Амиркабир технологиялық университетінің зерттеушілері омыртқааралық диск дегенерациясынан туындайтын арқа ауруын емдеуге арналған инъекциялық, өзін-өзі қалпына келтіретін гидрогель жасап шығарды. Бұл туралы ParsToday агенттігі хабарлады. 

Ғалымдардың айтуынша, хитозан мен желатин негізінде әзірленген гидрогель қабынуға қарсы целекоксиб препаратын жеткізу арқылы омыртқааралық диск ядросын қалпына келтіруге көмектеседі. Жоба авторлары бұл әдіс арқа ауруын емдеудің минималды инвазивті әрі тиімді тәсілі болуы мүмкін екенін айтады.

Шолу
Фото: ParsToday

Зерттеуші Мәриям Незадинің сөзінше, арқа ауруы әлемдегі мүгедектіктің ең кең таралған себептерінің бірі саналады. Ол омыртқааралық дискінің зақымдануы мен жарығын аурудың негізгі себептері ретінде атап өтті.

Ғалымдар жаңа технологияның артықшылықтары ретінде оның төмен инвазивтілігін, қолданудың қарапайымдылығын және тіндерді қалпына келтіру мүмкіндігін атады. Олардың мәліметінше, нарықта Discogel атты ұқсас өнім бар, алайда оның қабынуға қарсы және тіндерді қалпына келтіру функциялары жоқ.

Қандастарымыз дайындаған Шыңжаң суперлигасына арналған «Футбол әні» жарыққа шықты — Алтай ақпараты

Шыңжаң футбол суперлигасы аясындағы 2026 жылғы «Тілектестер кубогына» арналып, арнайы «Футбол әні» атты жаңа спорттық тақырыпта туынды әзірленіп жатыр. Бұл туралы жергілікті шығармашылық ұжым өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Алтай ақпараты.

Аталған музыкалық шығарманы облыстық ән-би тобының музыканты Бағдат Сансызбайұлы жазып, аранжировка жасауда. Жобаға сондай-ақ әншілер Нұршат Нұрашұлы мен Серікбек Тұрсынғазы қатысып, шығарманы орындау жұмыстары жоспарланған. Ал би қойылымын облыстық ән-би тобының хореографы Лина Әбдірешит дайындауда, деп жазды қытайлық БАҚ.

Жоба авторларының айтуынша, «Футбол әні» футбол спортының рухын, бірлік пен командалық ынтымақты насихаттауға бағытталған. Сондай-ақ туынды Алтай аймағындағы өтетін матчтарының мәдени бағдарламасының бір бөлігі ретінде ұсынылады.

Музыкалық композиция арқылы спорттың тартымдылығын арттыру, жастарды салауатты өмір салтына баулу және жергілікті футбол мәдениетін дамыту көзделіп отыр. Шығармашылық топ әннің мазмұны мен сахналық қойылымын футбол алаңының атмосферасымен үйлестіруге баса мән берген.

Қазіргі уақытта туындыны жетілдіру, вокалдық орындау мен хореографиялық қойылымды дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба толық аяқталғаннан кейін ол Шыңжаң суперлигасының Алтайда өтетін ойындарында көпшілікке ұсынылмақ.

Айта кетейік, 17 мамыр күні 2026 жылғы «Тілектестер кубогы» деп аталатын Шыңжаң футбол суперлигасы бірлескен жарысының Солтүстік Шыңжаң өңіріндегі кезекті тур ойындары Алтай қаласында жалғасын тапқан болатын. Бұл кезеңде Алтай құрамасы өз алаңында Санжы командасын қабылдап, тартысты кездесуде 1:0 есебімен жеңіске жетті. 

Шіңгіл ауданында көктемгі қар жауып, өңір ақ мамыққа оранды — Жэньминь жибао

Шыңжаңның Алтай аймағына қарасты Шіңгіл ауданында көктем мезгілінде қар жауып, табиғат ерекше көрініске енді, деп хабарлайды Қытайдың «Жэньминь жибао» ақпараттық порталы.

Аталған басылымның мәліметінше, 19 мамырға қараған түні жауған қардан кейін енді ғана көктей бастаған таулы алқаптар мен ауыл маңындағы жасыл желек аппақ қармен көмкерілді. Көктемгі жылымыққа енді бейімделіп келе жатқан табиғат бір сәтте қысқы көрініске қайта оралып, өңірде айрықша ландшафт қалыптасты.

Табиғат құбылысы әсіресе Чиңлұңху көлі маңында анық байқалды. Көл беті тұманға оранып, айналасы тыныш қар астында қалып, көктем мен қыстың ерекше үйлесімін көрсетті. Сондай-ақ аудан орталығындағы көшелер мен үйлер де қар басып, көктемнің тосын сыйындай әсер қалдырды.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көктем соңында мұндай қардың түсуі сирек кездесетін құбылыс болып саналады. Табиғаттың тосын мінезі өңірдің көркем келбетін айқындап, ерекше фотосуреттік көрініс қалыптастырған.

Түрік асханасы апталығы Түркияның мәдени мұрасын насихаттайды — TRT

Түркия Республикасы Президенті аппараты жанындағы Коммуникация басқармасының басшысы Бурханеттин Дуран Түрік асханасы апталығының Түркияның бай мәдени және өркениеттік мұрасын әлемге танытудағы маңызына тоқталды. Бұл туралы TRT хабарлады.

Оның айтуынша, биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған Түрік асханасы апталығы «Бір дастархандағы мұра» тақырыбымен өтуде. Іс-шара Емине Ердоғанның қамқорлығымен ұйымдастырылған.

Шолу
Фото: TRT

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, Бурханеттин Дуран Анадолы жерінің дәстүрлі тағамдары ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени құндылықтармен бірге насихатталып жатқанын атап өтті.

— Бір ұлттың жады кейде бір халық әнінде, кейде бір дастархан басына жиналған адамдардың жүрегінде сақталады, — деді ол.

Сондай-ақ Дуран түрік асханасы тек тағам мәдениеті ғана емес, қонақжайлықтың, бөлісудің, береке мен мәдени сабақтастықтың символы екенін айтты.

Ол аталған бастаманы жүзеге асыруға атсалысып жүрген аспаздарға, өндірушілерге және ұлттық мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізуге еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға алғыс білдірді.