Қандыағашта 100-ден астам адам тамақтан уланып қалды

АСТАНА.KAZINFORM — Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасына барған азаматтар арасында ішек инфекциясы жағдайларының тіркелуіне байланысты эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр.

Қандыағашта 100-ден астам адам тамақтан уланып қалды
Фото: ДСМ

— 19 маусымнан бастап Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясының белгілерімен 102 науқас медициналық көмекке жүгініп, ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 34 науқаста сальмонеллездің ықтимал жағдайы тіркелді. Аталған жағдайлар бойынша Ақтөбе облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шұғыл хабарламалар жолданып, бактериологиялық зерттеу жүргізу үшін сынамалар алынды.

Ауруханаға жатқызылған науқастардың жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде деп бағаланып отыр. Оларға қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Жағдайды үйлестіру мақсатында жедел штаб құрылып, Мұғалжар ауданына қосымша медициналық бригадалар жіберілді. Медициналық ұйымдарда қажетті төсек-орын қоры дайындалып, дәрілік заттардың жеткілікті қоры қамтамасыз етілді.

Бүгінгі күні ннауқастардың аурухана дәліздеріне орналастырылғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Байланыста болған тұлғаларды анықтау және оларды медициналық бақылауға алу жұмыстары жүргізілуде.

Жағдай тұрақты бақылауда. 

Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қоғамдық тамақтану нысанында өткізілген іс-шараларға қатысқан азаматтар арасында ішек инфекциясына күдікті топтық сырқаттану жағдайлары тіркелгенін хабарлады.

— Сырқаттанғандардың барлығы медициналық ұйымдарға жатқызылып, қажетті медициналық көмек алуда. Науқастардың жағдайы — дәрігерлер бақылауында.

Қазіргі уақытта сараптама жүргізіле отырып, эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеп-тексеру аясында тағам өнімдерінен және қоршаған орта нысандарынан сынамалар алынып, зертханалық зерттеуге жіберілді, — делінген хабарламада.

Эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шараларды жүргізу мақсатында қоғамдық тамақтану нысанының қызметі мән-жайлар анықталғанға дейін уақытша тоқтатылды.