Қандыағашта көлік полицейі екі бүлдіршінді өрттен құтқарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Көліктегі ІІД Ақтөбе облысы Қандыағаш станциясындағы желілік полиция бөлімінің старшина Нұркен Есенжолұлы өрттен 2 сәбидің өмірін құтқарып, ерлік жасады. Бұл туралы Көліктегі ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

Оқиға 2014 жылғы 11 сәуір күні орын алған. Жұмыстан тыс демалыс уақытында жүрген полиция сержанты Н. Есенжолұлы Қандыағаш қаласындағы Жамбыл көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің жанынан өтіп бара жатып, тұрғындардың көмек сұрап жанұшыра айқайлаған даусын естиді. Жан-жағын жедел шолып өткен Нұркен үйдің 4-ші қабатындағы пәтерлердің бірі отқа оранғанын көреді. Дереу өрт сөндіру қызметіне хабар беріп, пәтерге қарай ұмтылады. Әріптесі полиция аға сержанты Мирас Кәдірбаевты телефонмен шақырып, өрт шыққан подъездің тұрғындарын далаға шығарып, құтқарушылар келгенше жалынды сөндіруге кіріседі.

Дәл сол мезетте «5-қабаттағы пәтерімде екі перзентім қалды, көмектесіңіз», - деген ананың ащы үні шықты. Нұркен қызыл жалын мен оның тыныс тарылтатын улы түтініне қарамастан сулы сүлгіні басына орап алып әлгі пәтерге өзі кіреді. Тәуекелге бел буып, түтін арасынан әуелі ер баланы, содан соң, тілсіз жаудың тырнағынан 5 жасар қызды аман-есен алып шығады.

«Менде өртке оранған пәтерге кірген сәтте қорқу деген сезім болған жоқ. Тек бүлдіршіндерді сыртқа аман-сау алып шығуды ғана ойладым», - дейді Нұркен Есенжолұлы.

«Қарапайымдылық - кісіліктің белгісі. Бұл әрекетін ерлік емес, азаматтық борышым, деп санады ма екен, кім білсін, Нұркен өрт жайында басшылығына тіс жарып айтпаған. Әріптестері тек балалардың анасы бөлімшеге келіп, алғыс айтқанда ғана естіп білген. Нұркен Есенжолұлы бөлім басшылығы тарапынан алғысқа ие болды»,- делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар