Канье Уэст концерті: «Қайраттың» еурокубоктағы келесі ойыны Түркістанда өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Қайрат» футбол клубы еурокубок матчын қабылдайтын алаңы ауысатынын хабарлады.
Клуб мәліметінше, 14 тамыз күні Алматы қаласының Орталық стадионында Канье Уэст концерті өтетіндіктен, «Қайраттың» негізгі алаңы еурокубоктың үшінші іріктеу кезеңіндегі ойынды өткізуге қолжетімсіз болады.
— Қалыптасқан жағдай мен еурокубок күнтізбесінің тығыздығын ескере отырып, клуб УЕФА-ға үшінші іріктеу кезеңіндегі ықтимал өз алаңындағы матчтың өтетін орнын ауыстыру туралы өтініш жолдады. Өтініш қаралғаннан кейін кездесуді Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында өткізуге келісім берілді, — деп хабарлады клуб.
Матчтың нақты күні мен басталу уақыты, сондай-ақ билет сатылымының басталуы туралы ақпарат команданың еурокубоктағы алдағы кезеңі анықталғаннан кейін қосымша жарияланады.
Еске салайық, бұған дейін 14 тамыз күні сағат 21:00–де Алматы орталық стадионында Канье Уэст концерті өтетіні белгілі болды.
Кейін «Қайрат» бұл мәселе клубпен келісілмегенін хабарлады.