Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Канье Уэсттің Орталық стадиондағы концерті «Қайратпен» келісілмеген — клуб мәлімдеме жасады

АСТАНА.KAZINFORM — «Қайрат» футбол клубы америкалық рэпер Канье Уэсттің Алматыдағы концертінің ұйымдастырушылары концерт күнін олармен келіспегенін мәлімдеді. 

Алматының Орталық стадионы
Фото: Алматы әкімдігі

Клубтың мәліметінше, «Қайрат» Орталық стадионда өз алаңындағы матчтарын өткізуді жалғастырып жатыр және Еурокубок жарыстарына қатысып жатыр.

– Бұған дейін көпшілікке Канье Уэсттің 14 тамызда Алматының Орталық стадионында концерт өткізетіні туралы ақпарат тарады. «Қайрат» футбол клубы бұл күннің клубпен келісілмегенін ресми түрде мәлімдейді. Клуб Орталық стадионда өз алаңындағы ойындарын өткізеді және Еурокубоктағы жарысын жалғастырып жатыр, – делінген хабарламада.

Қазақстан Премьер-лигасының күнтізбесіне сәйкес, «Қайрат» 8 және 15 тамызда Орталық стадионда ел чемпионаты аясындағы өз алаңындағы матчтарын өткізуі тиіс. Сонымен қатар, 11–13 тамыз аралығында клубтың Еурокубоктағы өз алаңындағы кездесуі өтуі мүмкін.

Клуб футболшылардың өте тығыз ойын кестесіне және стадиондағы көгалдың бүліну қаупіне назар аударды.

– Мұндай ауқымды концертті өткізу сахна мен техникалық жабдықтарды ұзақ уақыт бойы орнатып, кейін бөлшектеуді талап етеді. Бұл футбол алаңы мен стадион инфрақұрылымына едәуір салмақ түсіреді. Тығыз спорттық күнтізбе жағдайында бұл көгал сапасына, аренаны дайындауға және ресми матчтарды белгіленген талаптарға сай өткізуге кері әсер етуі мүмкін, – деп мәлімдеді клуб.

«Қайрат» Орталық стадионда кез келген бұқаралық іс-шараны өткізу футбол күнтізбесі ескеріліп, барлық мүдделі тараптармен келісілгеннен кейін ғана ұйымдастырылуы тиіс екенін атап өтті.

– Тиісті келісімдер аяқталғанға дейін Орталық стадионды 14 тамыздағы концерт өтетін орын ретінде жариялау ерте деп санаймыз, – деді клуб.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Канье Уэсттің Алматыдағы концерті 14 тамызға жоспарланғаны, ұйымдастырушылар билет сатуды осы дүйсенбі, 20 шілдеден бастайтыны хабарланған болатын.