Қаныш Сәтбаев батасын алған «Сәкен ағай» кім еді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Баянауылдағы Шормановтар әулеті заманында халықты оқу-білімге жетелеп, қазақ жастарының білім алуына жағдай жасағаны, Омбыда «Қаржас ауылын» құрғаны бүгінде ел арасында аңыз болып сақталып қалған.

Сәдуақас Шорманов
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Атақты дуанбасы, аға сұлтан Мұса Шормановтың тұңғышы Сәдуақас Шормановты ел-жұрты парасаттылығы үшін айрықша сыйлап, «Сәкен ағай», «Ағай» деп атап кеткенін көнекөз қариялар әлі күнге айтады.

Сәкен ағай ашқан Ақкелін мектебі қазіргі Павлодар облысы аумағындағы тұңғыш мектептердің бірі болғанын тарих парақтарын ақтарып отырып білдік.

Ақкелін мектебі
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Билігі мен атақ-даңқы Ертіс-Баян еліне ғана емес, дүйім қазақ жеріне кең тараған Мұса мырза, Мұса Шормановтың туғанына биыл 207 жыл толса, Сәдуақас Шормановқа 175 жыл толып отыр.

Қаныш Сәтбаев батасын алған «Сәкен ағай» кім еді
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Мұса Шорманов жастайынан ел басқару ісіне араласып, Баянауыл сыртқы округінде шамамен 15 жылдай аға сұлтан болған. Одан соң өмірден өткенше Батыс-Сібір генерал-губернаторының қазақтар бойынша кеңесшісі қызметін атқарды. Мұса мырзаның еліне жасаған жақсылығы, қазақ балаларын медреселер, гимназиялар мен жоғары оқу орындарына жіберіп, оларға қаржылай қолдау көрсеткен, жәрдем бергені көптеген кітапта жазылып жүр. Шормановтар әулеті қазақ халқының шаруашылығы мен қажеттіліктерін қорғау ісінде патша өкіметіне талай мәрте жүгінген. Аға сұлтан дүниеден өткенде әулие Мәшһүр Жүсіптің:

«Дін шырағын жандырдың,

Баяндайын қалаға мешіт-медресе салдырдың.

Нұр балқып раушан жүзіңнен,

Жұрттың мейірін қандырдың», — деп жоқтағаны Мұса мырзаның еліне барынша жанашыр азамат болғанын аңғартса керек.

Баянауылдық белгілі өлкетанушы Алтынбек Құрмановтың айтуынша, Ресейдің қазақ жерін отарландыру саясатынан Баянауыл төңірегіндегі ірі байлар мен мырзалар көп зардап шеккен. 1868 жылы Баянауыл сыртқы округі жабылып, Мұса Шорманов қазіргі «Шорман сызы» деп аталатын құйқалы жерден Ақкелінге көшіріледі (қазіргі Мұса Шорман ауылы).

Ақкелін
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Оның алдында 1853 жылы Ақкелін мекеніне үйлер салу туралы 18 адамның қолы қойылған қолхат бар (ҚР Мемлекеттік архивында сақтаулы). Қолхатта аталған жерге ағаш үйлер салып, кейінірек егін екпекшіміз делінген. Оған Мұса Шормановтың мөрі басылған.

— Мұса мырза Ақкелінге көшерде Батыс-Сібір генерал-губернаторымен диірмен орнатамын, орыс-қазақ мектебін ашамын деген келісіммен барған екен. Мектеп ашу идеясы әкесінікі болғанымен, оны тұңғыш ұлы Сәдуақас жүзеге асырды. Сәдуақас билікте отырмаған, мансапқа қызықпаған, өз ортасында парасаттылығымен танылған жан болған деседі. Қазақтың оқыған жастарын жанына үйір етіп, оларға әрдайым қамқорлық жасаған. Ақкелін орыс-қазақ мектебі 1903 жылы 4 кластық орыс-қазақ мектебі болып ашылғанымен, оқыту көбіне орыс тілінде жүргізіліпті. Бұл мектепке алғашқы жылы барғандардың қатарында Қаныш Сәтбаевтің ағасы Ғабдұлғазиз бар. Одан соң бала Қаныш 7 шақырым жердегі ауылынан таймен келіп жүріп білім алған. Ол туралы Әлкей Марғұлан атамыздың еңбектерінде бар. Қанышпен бірге білім алғандар қатарында Мұхамеджанов деген алашордалық бар, оны кейін большевиктер әбден ұрып, ақыл-есін кем қылған дейтін үлкендер, — дейді өлкетанушы.

Ақкелін
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Жалпы 20-ғасыр басында Баянауыл жерінде тұңғыш мектеп Ақкелінде ашылса, кейінірек Жоғары Қызылшілік (Торайғыр ауылы маңында) және Ақмектепте (қазіргі Бірлік ауылдық округі) пайда болады. Жұмат Досқараев ұстаздық еткен Жоғары Қызылшілікте Ермұхан Бекмаханов, Шапық Шөкин, Сәлкен Сұбханбердин, Ғаббас Жұматов оқыса, Ақмектепте атақты партизан Жылбек Ағаділов білім алған. Дала халқының тілегі бойынша мұндай оқу орындары Павлодар оязының бірнеше жерінде — Қараоба, Маралды, Баянауыл, Тереңкөл, Шақшан болыстарында пайда болады.

Ақкелін болысындағы қазақ жеткіншектері үшін ашылған тұңғыш мектеп заманында сол тұстағы мектептермен салыстырғанда көнтерімді жағдайда болғаны Медеу Сәрсекенің «Қаныш Сәтбаев» кітабында жазылады. Оған Сәдуақас Шормановтың осы мектепте қамқоршы болып тағайындалуы себеп болған. Тұңғыш мектепке інісі Біләлдің ізбасары Көкеннің ағаштан қиылған, қала үлгісімен асты-үсті тақтайланып, терезелері шыныланып салынған екі бөлмелі үйі сыйға тартылған. Мектепті ұйымдастыру, оған мұғалімдер мен шәкірт табуда Қаныштың әкесі Имантай Сәтбаев та қызмет еткен.

— Қарағым, Мұса мырзадан кейін Сәкен ағайдың еліне жасаған еңбегі өлшеусіз болған. Сәдуақас Мұсаұлы мұсылманша да, орысша да оқыған, Томбыда білім алған, өз қатарластарының сауатты адамы болыпты. Мансапқа құмартпаған, бірақ өзінің парасаты мен адамгершілігінің арқасында сол замандағы зиялылардың алғы шебінде болған жан. Біржан салдың Сара қызбен айтысында:

«Арқада бір құтым бар — Мұса, Шорман,

Әріден келе жатқан ол бір қорған.

Мұсаның бел баласы — Сәдуақас.

Құтқарған талай жанды түскен тордан», — дегені бар. Өз беделін салып, ақын Мәди Бапиұлын, қуандық руынан Қияш деген адамның жалғыз ұлын түрмеден босатқызып жіберген, — дейді ардагер педагог, өлкетанушы Қайриден Мұзафаров ақсақал.

Сәкен ағайдың шарапаты Торайғыр бидің жұрағаттарына да тиген. Кенесары ханның көтерілісін жақтаған Торайғыр би итжеккенге айдалып кеткенде, нағашыларын жағалап қалған бидің ұрпақтарын Баянауылға алдырыпты. Сұлтанмахмұт Торайғыров Сәкен ағайдың үйінде болғанда:

«Шоң едік, Шорман едік,

Бір-бірімізге қорған едік.

Торайғырдың жапырақтары

Бұтағына келіп қонған едік.

Жауырыныңды көрсетпей,

Жүзіңді көрсеттің, Аға!», — деп ризашылығын білдіріпті.

Сәдуақас Шорманов заманында ақындығымен танылған. Қазіргі ел арасында танымал «Ардақ», «Іңкәр», «Баянауыл» және тағы басқа әндерінің сөзін жазып, оны атақты әнші Жарылғапберді елге таратты. Орысша алған білімін қазақ халқының рухани өрлеуіне арнаған Сәкен ағай 1897 жылы Петерборға барған бір сапарында қазақ тілі мен әдебиетін зерттеуші ғалым П.Мелиоранскийге 163 беттен тұратын қолжазба тапсырады. Онда Абай Құнанбайұлының және өзге де қазақ ақындарының өлеңдері, қазақ халқының 178 мақалы қамтылған. С. Шормановтың ақындығы жайында кезінде көрнекті мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов: «Мағжан Жұмабаевтан кейін, хал-қадірінше қазақ ақындарының арасынан С. Шормановты айтуға болады» деп баға беріп кеткен. Ал Сәкен Мұсаұлының 1907 жылы Қазанда басылып шыққан «Аушы» («Аңшы») кітабы қазақ аңшылықтану ғылымындағы алғашқы еңбек ретінде бағаланып отыр.

Қаныш Сәтбаев батасын алған «Сәкен ағай» кім еді
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Елдің тұрмыс жағдайы, қоғамдағы ауыртпалық ақынның санасында ұялаған көкейкесті мәселенің бірі еді. «Айқап» журналы мен «Дала уәлаятының газетінде», «Қазақ» газетінде жарық көрген «Өрттің зияны», «Шөлді сулау», «Баянауыл жайы», «Елдің тұрмыс халі, шаруашылығы туралы», «Ескі һәм жаңа билер», «Уголовныйларға жеңілдік» және т. б. мақалалары бұған дәлел.

Мектеп орнына қойылған белгітас
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

— Ақкелін болысы болып тұрғанда мынау жерде Шормановтардың ағаштан салған 6 үйі болған. Ол үйлердің суретін 1890 жылы ресейлік фотограф Самуил Дудин «Мұса Шормановтың қыстауы» деп түсіріп, кейін Кунсткамераға өткізген. Суреттің көшірмесін жергілікті ғалым Тимур Смағұлов Петербордан тауып әкелді. Әлгі 6 ағаш үйдің бірі мектеп болса, тағы бірі хаттарды сақтайтын кеңсе ретінде қызмет атқарыпты. 1928 жылы большевиктер «Шорман әулетінен қалған белгілерді құрту керек» деген ұранмен осы үйлердің бесеуін бұзып, қазіргі Қарағанды облысының Шалқар деген жеріне (біздің ауылдан 50 шақырым) апарып, асхана мен жатақхана салады. Ол жерде корунд минералы өндірілген. Солардың арасында мектеп те бұзылып кетті, — деп әңгімесін жалғастырды Қайриден ақсақал.

Шорман мен Сәдуақастың зираттары
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Өкінішке қарай, аталған мектепте білім алған азаматтар туралы деректерді таппадық. Кеңес өкіметі жылдары барлық құжат жойылып кеткенге ұқсайды. Шорман қыстауында заманында медресе де ұсталған екен. Абайдың ұстазы Қамариден хазірет сонда сабақ беріп, Мәшһүр Жүсіп тәлімін алған. Сәкен ағай атақты диуана Әбжалапты да қамқорлығына алып, қолында ұстаған.

Бүгінде Ақкеліндегі Ащысу өзенінің жанындағы үлкен алап тарихи тұлғаның құрметіне «Ағай қорығы» аталған.

Шормановтың зираты
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Бала шағында Сәкен ағайдың қамқорлығын көріп, батасын алған Қаныш Сәтбаев: «Не керек, ағай дүниеге ерте келіп, кетті ғой, уақытына жетпей. Парасатты, ақылы мол, алдағы болашаққа сенімді қарайтын уағында үлес қосатын адам еді», — деп баға берген екен.

медресе орны
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Сәдуақас Мұсаұлының Алаш ардақтыларымен, соның ішінде Міржақып Дулатовпен араласқаны, 1914 жылы Омбыда Міржақып пен Ғайнижамалдың үйлену тойында болғаны жазылып қалған.

Шормановтың үйі болған жерге қойылған белгітас
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Бірақ тұлғаның Алашорда үкіметімен байланысы туралы нақты деректер қолымызда болмаған соң ол жайында қалам сілтеуді құп көрмедік. Анығы, Қазақ автономиясының бес жылдығы тойланғанда ақсақалдың дүйім жұрттың алдында сөз алып, бата бергенін көнекөз қариялар көрген.

Соңғы жаңалықтар