«Қанмен жазылған кітап»: Адамды сақтау, солдатты сақтау - қасиетті ұран!

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған тарихи маңызды айдарды әрі қарай жалғастырамыз. ҚазАқпарат Халықаралық агенттігі бұдан бұрын Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынған болатын. Шығарма оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Біз алдағы уақытта батырдың «Қанмен жазылған кітабын» сіздермен бірге оқуды жөн көріп отырмыз.

«Қанмен жазылған кітап»: Адамды сақтау, солдатты сақтау - қасиетті ұран!

Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық.

***

Әскери ғылым мен әскерлерді үйрету өнері негізгі үш бөлімнен тұрады. 1. Тактика. 2. Оперативтік өнер. 3. Стратегия. Тактика - ұрыс жүргізу жөніндегі ғылым. Тактика шағын бөлімшелерден бастап, жоғары жалпы әскерлік құрамаларға дейінгі әскери топтарда ұрысты ұйымдастыру мен жүргізуді зерттеумен шұғылданады. Оперативтік өнер - ірі әскери топтардың, яғни оперативтік-стратегиялық бірлестіктердің ірі қимылдарын - операцияларды ұйымдастыру мен жүргізуді зерттейді. Стратегия - жалпы алғанда соғысты даярлау мен жүргізу жөніндегі ғылым. Қарулы күштердің ұйымдық құрылымында мынандай ұғымдар бар: бөлімше (рота, батарея, батальон, дивизион), бөлім (полк), құрама (бригада, дивизия, корпус) - олар тактикалық міндеттерді, яғни ұрыс жүргізу міндеттерін шешеді, бірлестік (армия, майдан)- оперативтік міндеттерді шешуге арналған. Ұрыс қимылдарының аумағы мен қанат жаюына байланысты мынандай ұғымдар бар: ұрыс, шайқас, операция, науқан. Жауынгерлік міндеттердің маңыздылығына қарай қолданылатын мынандай: тактикалық міндеттер, оперативтік міндеттер, стратегиялық міндеттер және осы міндеттерге сәйкес іс-қимылдың бағыты мен іс-қимыл объектісі дейтін ұғым бар. Ұрыс - соғысушы жақтардың ұйымдасқан түрдегі қарулы шайқасы, ұрыста әскерлердің қимылдары мақсаты мен уақыты жағынан бірлікте болады әрі шайқас онша үлкен емес атыс және тактикалық кеңістікте өрістейді. (Атыс кеңістігі дегеніміз - атылған оқтың жететін шегі, жері, яғни оқ борасынының астында қалатын кеңістік. Тактикалық кеңістік дегеніміз - дұшпанның қорғанысының тактикалық ұрыс тәртібінің тереңдігі, түкпірі). Ұрыстың басты да негізгі мақсаты - дұшпанның адам күші мен қару-жарағын жою, құрту. Дұшпанның қарсылық көрсете алмайтындай етіп сағын сындырып, моральдық күші мен қабілетін басып, жаншу, басқаша айтқанда, ұрыстың басты мақсаты - жаудың көзін жою. Барлық әскер түрлерінің бірлескен күштерімен ұйымдастырылып жүргізілген ұрыс, олардың жалпы жауынгерлік міндеттерді орындау мақсатында өзара бірлесе қимылдауын (яғни қимылдың үйлесімділігі) жалпы әскерлік ұрыс деп айтады, басқаша айтқанда, жалпы әскерлік ұрыс дегеніміз - бірлескен әскер түрлерінің ұрысы болып табылады. Шайқас - белгілі бір ауданда өрістеген әрі тактикалық және оперативтік масштабта (олардың комплексі) мақсат, уақыт жағынан бірлікте болатын бірсыпыра ұрыстардың жиынтығы. Операция деп уақыт жағынан, кейде майдан бойынша бөлек-бөлек болып, бірақ жалпы бағыт бойынша, белгілі бір оперативтік бағыттарда дұшпанның ірі әскери топтарын тас- талқан ету мақсатында біріккен ірі жалпы әскери топтың ұрыс қимылдарының жиынтығын айтады. Сонымен, Ұрыс:- тактикалық ұғым, шайқас - оперативтік-тактикалық ұғым, операция - оперативтік-стратегиялық ұғым екен. Олар өздерінің уақыт, кеңістік жағынан өрістеуі, сипаты, міндеттерінің аумағы, мақсаттарының сипаты, масштабы, тартылатын күш пен қару-жарақтарының құрамы жағынан әртүрлі.

Енді міндеттер мен міндеттердің объектілері жөнінде бірер сөз: Стратегиялық міндет деп ірі әскери бірлестіктер (майдан немесе майдан топтарының) қимылының маңызды объектілерді жоюға бағытталуын айтады, мұндай объектілерді жою немесе басып алу соғыстың барысында тұтастай немесе оның кезеңдерінің біріне елеулі түрде ықпал етеді, яғни өндірістік аудандарды, экономикалық және саяси жағынан маңызды орталықтарды қорғап тұрған (немесе басып алу мақсатын көздеп тұрған) дұшпанның ірі топтарын тас-талқан ету. Оперативтік міндеттер деп әскердің дұшпанның қарулы топтарына қарсы жүргізетін соғыс қимылдарын айтады, жаудың қарулы топтарын жоюдың оперативтік маңызы бар әрі оның стратегиялық міндеттерді ойдағыдай шешуге тікелей ықпалы да болады. Тактикалық міндеттер деп тактикалық бөлімшелердің, бөлімдер мен жалпы әскери бірлестіктердің дұшпанның да осындай әскери топтарына немесе объектілеріне қарсы қимылдарын айтады, жаудың мұндай топтарын жоюдың (басып алудың) тактикалық маңызы бар. Жоғарыда атап өтілген міндеттердің әрқайсысы өзінің масштабы мен қарқыны жағынан тиісті даярлықты - әскерлерді топтастыруды, таңдалған ауданда (бағыттарда) ұрыс қимылдарын жүргізуге қажетті материалдық жабдықтар мен техникаларды жеткізуді қажет етеді. Стратегиялық міндеттердің орындалуына бірсыпыра оперативтік міндеттерді жүйелі түрде шешу арқылы қол жеткізіледі, демек, оперативтік міндет дегеніміз - стратегиялық міндеттердің жиынтығы болып табылады екен, сондай-ақ стратегиялық міндеттің өзі де тактикалық міндеттерден құралады, өз кезегінде, шешілген атыс міндеттерінің жиыны болып табылады. Ұлы Отан соғысы барысы кезінде соңғы уақыттарда операция жүргізілген бір бағыттағы оперативтік міндеттерді шешу көбінесе майдандық бірлестіктерге, ал стратегиялық міндеттерді шешу бірнеше майданға (мысалы, Сталинград, Курск иіні және т. б.) жүктелді. Бұл біздің армиялар мен майдандардың өз бетінше ірі міндеттерді шешуге дәрменсіздігін білдірмесе керек, бұл олардың әлсіздігінің де көрсеткіші бола алмайды, бүл біздің жоғарғы Бас қолбасшының шешімді іс-қимылы мен оперативтік және стратегиялық маневр түрінің батылдығының көрсеткіші болып табылады, осындай оперативтік және стратегиялық мақсаттар қойылуына орай міндеттерді шешу үшін үлкен кеңістікте ұрыс жүргізу қажет, мұны жүзеге асыруға көп күш пен қару-жарақ, шебер ұйымдастырушылық қабілеттілік пен шынайы қолбасшылық кызмет қажет. Осымен кейбір үлкен әскери ұғымдарға түсінік беруді аяқтап, шағын, яғни тактикалық ұғымдарды түсіндіруге көшуге рұқсат етіңіздер.

Тактикалық ұғым болып табылатын ұрыс мәселелеріне және оның лексикасына (терминдеріне) оралайық. Жүргізу әдісіне қарай ұрыс шабуылға шығу және қорғаныс ұрысы болып бөлінеді. Кез келген ұрыстың мақсаты - дұшпанға оқпен соққы беру, оның адам күшін, қару-жарағын жою. Шабуылға шығу ұрысы (уставты оқиды). Қорғаныс ұрысы (уставты оқиды). Соғыс тәртібі (уставты оқиды). Ұрыс жоспары (уставты оқиды). Біздің уставта қысқа тұжырымдалған мәселелер осындай. Ұрыста жеңіске сөзсіз жетудің шарты - маневр. Маневр деп міндетті орындау кезінде күш-қуатты, уақытты және шығынды мейлінше азжұмсап, таңдалған бағыттағы дұшпанды басып, жою мақсатында әскердің ұйымдасқан қимылын атыспен шебер ұштастыра білуді айтады. Маневрдің оперативтік (ауқымды) ұғымдағы және тактикалық ұғымдағы формасы мен түрі болады. Біздің уставта тактикалық маневрдің қоршап алу, орағытып өту, бұзып- жарып өту және шегіну сияқты төрт түріне анықтама берілген. Мен тікелей картадан ұрыс қимылдарын көрсетуге көшкен кезде бұл ұғымдар мен бұл принципті сызбалар (чертежи) біздің қажетімізге жарайды. Алда сіздермен қарым- қатынасымызды жеңілдету, әңгіменің түсінікті болуы үшін бұл мәселелерге соншалықты егжей-тегжейлі тоқталуымның себебі сондықтан. Мына ақиқатты үнемі есте ұстаған жөн: маневрмен дұшпанға қатер туғызуға болады, бірақ бұл қатерді іс жүзінде төндіріп, оны қарсы тұрған жауды шын мәнінде құртуға қолдану тікелей шабуылға шығу арқылы ғана мүмкін болады, шабуылға көше отырып, ең алдымен нақты таңдап алынған объекті бойынша оқ жаудырылып, күшті соққы беріледі де, объектілердің бүлінуі дұшпанның қалған барлық ұрыс тәртіптерінің күйреуіне, қирауына алып келеді, басқаша болған жағдайда бүл іс-қимылды маневр деп айтуға келмейді, ол дер кезінде жасалынбаған, зияннан басқа дәнеңе де алып келмейтін әскердің жөнсіз рокировкасы болып шығады. Ал соғыста зиян алып келушілік - бұл жөнсіз төгілген қан, ақтаусыз кісі өлімі. Ұрыста ұтып, жауды жеңіп шықсам дейтін тілек - кез келген жөні түзу жауынгер мен командирге тән нәрсе. Алайда тиісті моральдық және материалдық жағдайсыз мақсатқа бір ғана тілек пен ерекше тасқындаған қайрат құлшыныспен жету қиын. Ол үшін оған белгіленген жағдайда қолайлы мүмкіндік жасаған жөн. Жеңіске жетуге қажетті шарттар мыналар болып табылады:

- Күш пен қару-жарақ тұрғысынан басым болу. - Әскерлерді жауынгерлік тұрғыдан үздіксіз қамтамасыз ету, яғни барлауды, күзетуді, басқаруды ұйымдастыру.

- Әскерлердің ұрыс қимылдарын дер кезінде материалдың жағынан қамтамасыз ету.

- Міндетті айқын түсіну.

- Соғыстың аяғы ең ауыр, қиын жағдайға душар етуі мүмкіндігін де ескере отырып, күш пен қару-жарақты және олардың ара салмағын таразылап, дәл есептеп жағдайды анықтау мен жан-жақты дұрыс бағалау.

- Алға қойылған міндеттерді жақсырақ орындауға және жалпы табысқа қол жеткізуге солдат пен офицердің дұрыс инициативасы, бастамасы ықпал етеді. (Уставты оқиды). Бұл Далалық уставтың 12-статьясы. Тағы да уставтан үзінді келтіре кетейін (уставты оқиды). Уставтың бұл статьясы өзінің қысқа тұжырымдалуы және ойының кеңдігімен ерекше көңіл аударады. Уставтың статьясы нағыз жыр оқығандай әсер қалдырады.

- Тұтқиылдан жасалынып, күтпеген жерден дұшпанды есеңгіретіп тастайтын, сөйтіп жауды ұйымдасқан түрде қарсылық жасау мүмкіндігінен айыратын қимыл-әрекет. (Уставты оқиды). Қорғана әрі дұшпанның кез келген табысының күлін көкке ұшыра алатын, біздің бөлімдердің белгіленген нәтижелерге қол жеткізуге қимыл-әрекетті шапшаңырақ өрістете түсетін, сөйтіп алған соққыдан дұшпанның күш жинауына мұрша бермей, жаудың бөлімдері мен құрамалары резервтерінің позицияларын жылдам тартып алып, оны кейінгі шептерін нығайту мүмкіндігінен айырып, жаудың быт-шыты шығып бас сауғалаған тобын тобырға айналдырып, жау солдаттарының моральдық рухын басып, үрейлі қатерге душар етуге қабілетті резервке не болу.

- Ұрысты үздіксіз және дұрыс басқару. Жауынгерлік мақсатқа жету үшін қажетті шарттардың қысқаша тізімі осындай. Ұрысты ұйымдастырушы және оған басшылық етуші командирге қойылатын талаптар да осы. Командирге ұрысты даярлау, ұйымдастыру мен жүргізу (басқару) оңай ма, жоқ па, өздеріңіз ойланып көріңіздерші? Қазіргі заманғы соғыс ең алдымен бірлескен әскер түрлерінің қатысуымен жүргізілетін соғыс болып табылады, бұл соғыста әртүрлі соғыс техникалары жаппай қолданылады, ал бұның өзі шайқасқа қатысатын барлық әскер түрлерінің қатаң түрде бір-бірімен өзара үйлесімді қимылдауын талап етеді. Саяси тұрғыдан алып қарағанда біз үшін қазіргі заманғы соғыстың, ең алдымен ұлттық, этнографиялық, психологиялық және басқа да ерекшеліктері бар Совет Одағындағы біріккен ұлттар мен халықтардың соғысы болып табылады. (Мынаны еске ұстау керек, ұлты орыс емес біздің жауынгерлер әйтеуір бір империяның сырттан алып келген әскері емес, «екінші сортты» адамдар емес, орыстарға советтік Отан қалай қымбат болса, оларға да Советтік Отан сондай қымбат. Орыстарға Совет үкіметі қаншалықты қажет болса, оларға да Совет үкіметі сондай қажет). Мұның бәрі өзіміз ынтымақтастық пен бауырмалдық деп айтатын сақ болуды, өзара парасатпен бірлесе отырып үйлестірілген қимыл жасауды, сенімділікті, сүйіспеншілікті, әділеттілікті талап етеді. Мына сұрапыл қаһарлы соғыс жылдарында совет халықтарының ынтымақтастығы мен бауырмалдығы ұрыс даласында, майданда жауынгерлік сыннан өтті және өте бермек. Сын сағатта, ауыр күндерде бауырмалдық пен ынтымақтастық нығайды, бекіді, қатая түсті. Біздің солдаттарымыз бен офицерлеріміздің ұрыс даласындағы, қан майдандағы жауынгерлік ынтымақтастығы ең жоғары құрметке лайық деу керек. Жауынгеріміздің шынайы бауырмалдығына біздің замандастарымыз ғана емес, болашақ ұрпақ өкілдері де таңданып, масаттанатын, ерекше ілтипатпен атап өтетін болады.

Солай бола тұрса да, бізде бәрі бірдей біркелкі, кем-кетіксіз, кемшіліксіз деп айта алмаймыз. Осындай кемшіліктерді М. И. Калинин жақында сөйлеген сөзінде де келтіріп еді, онда ол өзінің кейбір тумаластарын орыстың берекесіздері деп атаған. Біздің ісімізге кесір келтіретін басқа да берекесіздіктер аз емес. Ия, мен әңгіме арнасынан сәл ауытқыңқырап кетсем керек. Сонымен, мұның бәрі командирдің мойнына үлкен жауапкершілік жүгін артады, өйткені соғыс техникасын, адамдарды жұмылдырып, күш-қуатты біріктірген жағдайда ғана табысқа, жеңіске жетуге болады. Барлық міндеттерді өз бетінше шеше алатын әмбебап әскер түрлері, сөздің абсолютті мағынасында алғанда, жоқ, сондай-ақ әмбебап, мінсіз, батыр халық пен батыр адам да, жалпы алғанда, жоқ (жарық дүние қайырымды адамдарсыз да, сондай-ақ арамзаларсыз да емес қой).

Әскер түрлерін негізгі әскер түрлері мен қосымша әскер түрлері деп екіге бөледі. Қосымша әскер түрлерінің ішінен көпшілігі соғысып, өзінің күшімен дұшпанды қатты бүліншілікке, шығынға ұшыратып жүр, бірақ та олар сапа жағынан (ұйымдастырушылық) аса мықты емес, жеңіп алуға және тартып алынған жерді ұстап тұруға мүмкіндігі, күші жете бермейді. Әрбір әскер түрінің басқа әскер түріне ұқсамайтын, тек өзіне ғана тән тактикалық- техникалық ұрыс жүргізу ерекшеліктері болады. Әскер түрінің бірде-бірі екіншісінің орнын алмастыра алмайды, қайта бірі екіншісін толықтыра түседі, оның үстіне олардың әрқайсысының ұрыс жүргізу ерекшеліктері әскер түрлерін тығыз әрі ұйымдасқан түрде өзара бірлесе қимыл жасауға қолданған, пайдаланған кезде барынша көрінеді. Ұрыс кезіндегі өзара бірлесіп қимылдаудың мәнісі бір әскер түрінің олқылығын басқа әскер түрінің артықшылығымен толықтыруға саяды. Барлық әскер түрлерінің өзара бірлесіп қимылдауы негізгі әскер түрінің мүддесі тұрғысынан ұйымдастырылады. Техника қаншама дамып жетілгенімен, ойлайтын, парасатты адамның орнын ауыстыра алмайды. Техника небәрі адамның жауынгерлік қасиетін толықтырып, күшейте түседі. Сондықтан да барлық әскер түрлерінің негізгі және басты тірегі, діңгегі адам болып қалады. Техниканың өзі соғыспайды, техникамен қаруланған және оны игерген адам соғысады. Қираған техниканы (пулеметті, зеңбіректі, танкті және басқаларды) қайта қалпына келтіруге, ауыстыруға болады - бұл материалдық шығын ғана, ал ауыр жарадар болған адамды қалпына келтіре алмайсың, өлгендер қайта тірілмейді. Адам - соғыста, ұрыс даласында негізгі объект, барлық қару-жарақ соған қарсы бағытталады. Адамды сақтау, солдатты сақтау - қасиетті ұран, ол, әсіресе, қазіргі соғыс күндерінде ерекше қасиетті міндет. Сіздермен болған екі күнгі әңгімемізде көптеген нәрселерді айтып, оқып та бердім. Әңгімеміздің бәрі кемшіліксіз, қатаң жүйеде, рет-ретімен әрі қонымды болып өтті ғой деп айта алмаймын. Кей кездерде шегініс жасауға, бір тақырыптан екінші тақырыпқа көшіп кетуге тура келді. Бүгін, осы екі күнгі әңгімемізді аяқтар алдында өзім қозғаған мәселелер төңірегінде ойымды қорытып, кейбір нәрселермен толықтыра түспекпін. Соғыс - жеке және уақытша, бірақ адам өміріндегі ең бір қысылтаяң құбылыс. Соғыс ұзақ жылдарға отанның тағдырын, соғысып жатқан халықтың тағдырын шешеді. Халық өлмейді. Соғыс - халықтың күш-қуаты мен ерік-жігерін сынайтын ұлы емтихан. Қаншама жылға созылса да, соғыс адам өмірінде жан түршігерлік қасіретті уақиға болып қалады, ол халық жадында терең із қалдырады. Ондаған жылдар өте соғыс салған жарақат жазылып, дерт айығып, халық өмір сүруін тоқтатпай, тіршілік керуенін жалғастыра береді, ол соғыстың қасіретінен қайғының тұңғиығына батып, шөгіп кетпей, соғыстың бүткіл ауыртпалығын иығымен көтеріп, сағын сындырмай болашақ үшін еңбек етіп, басшылық жасап, ілгері баса береді. Өнер ертеден-ақ халықтың өмір-тіршілігін, күресі мен жақсылыққа деген арман-үмітін бейнелей отырып, халықтың сана-сезімін дамытуда ерекше мәні болған. Әдебиет, музыка, живопись - барлық ұлы да тамаша нәрселерді нақты бейнелейді, ол ата- бабаларымыздың даналық сөздері мен олардың еңбектері - өмірді танудағы нақты, күшті, мықты құрал, күрестің күшті қаруы болып табылады. Ұлы Отан соғысының тәжірибесі, табысы әскерлердің моральдық-адамгершілік күшіне тікелей байланысты екеніне, түптеп келгенде бәрін де жанды адамдар - солдаттар мен офицерлер - шешетініне, олар бірінші кезекте ұрыстың ауыр сынына ұшырайтынына сонымен бірге олар әрі жеңіске жеткізуші де болып табылатынына біздің көзімізді айқын жеткізе түсті.

Техника қаншама жетілгенімен, дамығанымен, бәрібір күрестің құралы ретінде қалады. Техниканы адам жасайды, оны басқаратын да адам. Жан дүниесі, ақыл-ойы, пайым- парасаты бар адамды қандай техника болмасын ешқашан және еш жерде де ауыстыра алмайды. Адамның жан дүниесі - ұрыста ең қатерлі, көзге көрінбейтін қару. Жан дүниесіне заң бойынша бірінші орын тиесілі, оған күш қуаты жағынан теңесер күрес құралы жоқ және болмайды да.

Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды.

Жалғасы бар