«Қанмен жазылған кітап». Ар-ұят - адамды кез келген опасыздықтан сақтайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған тарихи маңызды айдарды әрі қарай жалғастырамыз. ҚазАқпарат Халықаралық агенттігі бұдан бұрын Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынған болатын. Шығарма оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Біз алдағы уақытта батырдың «Қанмен жазылған кітабын» сіздермен бірге оқуды жөн көріп отырмыз.
Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық.
***
Командирдің парызы - солдаттардың қандай да бір болмасын іс-әрекеттерін назарға алмай, ескерусіз қалдырмау. Егер солдат жақсы ісімен көзге түссе - ол мадақталуға тиіс. Командир солдаттың ерлігін, батылдығын бағалауға тиіс және алдағы уақытта үкіметтік актіні - көзге түскендерді наградтауға документтерді даярлауға барлық шараларды қабылдауға міндетті. Мен дөрекілеу тілмен, бірақ өзім көрген оқиғалардың айғақтарын кейінге солдатша әділ қалдыруды парызым деп білдім, бұл дүниелерді болашақта көркем туындылар жазуға және басқа шығармалар жасауға материал ретінде қолдануға болады. Сондықтан мен жазушылар үшін және жазушы ретінде жазып жүрген жоқпын, мен біздің бірнеше мың ержүрек жауынгерлердің басшысы, офицер ретінде солдаттық ар-ұятым қалай әмір етсе, солай жаздым. Бүгінгі әңгімеміздің мақсаты да сол - із қалдыру. Менің айтқандарымның ішінен біреулерге бір жері, екіншілеріне екінші жері ұнауы мүмкін, сондықтан мен тыңдаушылардың ыңғайына қарай бейімделгім келмейді. Егер бұл жерде айтқандарымның бір проценті болса да біздің ісіміз үшін пайдаға асса - мен дән разымын. Жақында Сәбит Мұқанов біздің қазақ жазушыларының творчестволық бағыт-бағдары туралы мені хабардар ете отырып, Мұхтар тарихи тақырыпты, Ғабит қазіргі тыл тақырыбын, ал Сәбиттің өзі болса қазіргі заманғы соғыс тақырыбына қалам тартып жүргенін айтып еді. Олар келісіп, қазақ әдебиетінің үш алыбы тақырыпты өзара осылайша бөлісіп алыпты. Бұнымыз тақырыпқа монополия жасау болмақ. Мен мұнымен келісе алмаймын. Сондықтан да бұл қолжазбаның барлығы Ғылым академиясының игілігі болып табылады деп әдейі арнап, хат жаздым. Соғыс туралы қазір күрделі еңбек жаза қою мүмкін емес. Ірі еңбектер соғыстан кейін жазылады. Тіпті тау қопарар алып күші бар болған күннің өзінде де, Сәбит Мұқанов бүкіл соғыс оқиғаларының дамуын жалғыз өзі бел шеше кіріссе де көтере алмас. Сондықтан да соғыс тақырыбын ешқандай да жалғыз өзім игерем деушілік (монополия) болмасын - бұл тақырыпты жазып, еңбек еткісі келушілер мен қабілетті адамдардың бәрі жұмыла еңбек етсін, соғыс тақырыбын тек бір ғана менмен әрі қызғаншақ монополист-жазушының ғана игілігіне айналдырмау керек. Мен бүгін сіздердің назарларыңызды мына ілулі тұрған картаға аударғым келмейді. Дивизияның жауынгерлік қимылдарын баяндап беруге кіріспес бұрын алдымен қолжазбаларымның мазмұнына қысқаша тоқталып, өзім жұмыс істеуге талпыныс жасаған бірсыпыра принципті мәселелерді баяндай кеткім келеді. Сондықтан да бүгін біздің әңгімеміз - ешбір соғыс көріністерінсіз, адамдардың аты-жөндері еске алынбай, тек таза теориялық-практикалық сипатта өтеді. Соғыс адамзат үшін жаңалық емес, мен соғыс қимылдары, ұрыс туралы сөйлеген кезімде, Американы ашқалы отырмағанымды айтпақпын, тек өзімше сіздерге көргендерім мен бастам кешкен оқиғаларды жинақтап жеткізгім келді. Ұрыс дегеніміз не? Біздер, әскери адамдардың өздері, «ұрыс» деген сөзге әртүрлі анықтама береміз, тіпті Қызыл Армияның уставында ұрыстың алты түрлі анықтамасы берілген, өйткені уақыт өте келе бәрі де өзгереді ғой. Дегенмен мен өзімнің көзқарасымды баяндағым келеді, бірақ көзқарасымның ақтық пікір емес екенін ескертемін. Ұрыс дегеніміз - бұл дұшпанға ұйымдасқан түрде әсер ету (өйткені адамға, топқа, дұшпанға әсер ету әртүрлі: ақылмен, психикамен, техникамен, қару-жарақ күшімен). Бірақ та ең алдымен ақылмен ықпал ете білу қажет, басқа сөзбен айтқанда, ұрыс дегеніміз - ақыл мен ақылдың шайқасы болмақ. Сонымен, ұрыс дегеніміз - ұйымдасқан түрде дұшпанға ықпал ету (ақылмен, атыс құралдарымен, психикамен), ал атыспен ықпал етуіміздің өзі - ақылмен ықпал етудің жемісі әрі психологиялық және физикалық ықпал ету құралы ретінде көрінеді. Қазіргі заманғы ұрыс біздің түсінігімізде тактикалық ұғым, өйткені, соғысып жатқан екі жақ та техникамен әбден бақайшағына дейін қаруланады - бұл екі жақ қырғын атысқа кіреді деген сөз. Устав талаптарының (жинақталған тәжірибе) принциптеріне негізделген атыс құралдарын ұйымдасқан түрде қолдану атыс жүйесі деп айтылады. Әскердің жауынгерлік тәртібі осы атыс жүйесіне сүйенеді, өйткені қазіргі заманғы ұрыс пен қорғаныста және шабуыл жасауда әскерлердің маневрімен үйлестірілген атыс шешеді. Дұшпанның адам күші мен техникасына кім көбірек атыспен әсер етсе, атыс инициативасын кім қолына ала білсе, икемді, атысты басқара білуде басымдылық көрсетсе, траекторияны қажетті бағытқа қажетті сәтте кім шоғырландыра алса, сол жеңеді. Олай болса, ұрысты басқара білу дегеніміз - демек, атысты басқару, траекториялармен, ептілікпен маневр жасау, дұшпанның төбесінен бас көтертпей атып, оны жерге, окоптарының, орларының түбіне тығып жіберу, бетін қаратпау және атыс ұялары амбразураларын қирату, сөйтіп жаудың күшін аяусыз жою, өз күшіңді сақтау деген сөз. Жаяу әскердің жолын атыс, атыс және атыспен ғана ашып, оны тек атыспен, атыспен ғана сақтай аласың, тек аңқау надан мен үстіне әскери форма киген дарақы адам ғана жаяу әскердің кеудесімен әскери тілде атыс қалқаны деп аталатын - дұшпанның қорғанысының алдыңғы жағындағы өлім алаңын жарып өтуге ұмтылады (өкінішке орай, мұндай дарақылар - ұраншыл, нақұрыстар аз емес). Тек ұрыста ғана адамның барлық қасиеті сынға түседі. Егер де бейбіт уақытта адамның кейбір ерекшеліктері байқалынбаса, онда ол ұрыс үстінде ашылады. Ұрыс психологиясы сан қырлы. Жеке және қоғамдық өмірде адам қасиеттеріне соғыс әсер етпей қоймайды. Ұрыста зәреңнің зәр түбіне кеткенін жасыра алмайсың. Ұрыс жалған батырлықтың бетпердесін сыпырып тастайды. Жалған нәрсе оқтың астында шыдас бермейді. Ерлік ұрыста мүлдем көрінбейді немесе барынша толық түрде көрінеді. Сіздердің көпшілігіңіз «Арпалыстың» бірінші повесін оқыдыңыздар. Мен Москвада болған кезімде, жазушылармен, журналистермен әңгімелестім, әскери форма киген бұл қарапайым адамдар соғыс туралы өте нашар білетін болып шықты. Бірінші повесте менің солдаттарым ұрысқа өлу үшін емес, өмір сүру үшін барады, бұл қалай болуы мүмкін, мұнда айналаның бәрінде оқ, снарядтар, жарықшақтар қарша түтеп тұрған кезде, ол жерде тірі қалуға бола ма? - деді олар маған. Meн солдатқа тірі қалу үшін барады деп түсіндіру керек деген сенімдемін, бірақ ұғындырудың өзін әбден негіздеп алу қажет. Көпшілігінде соғыс дегеніміз қаптаған техника мен қырып-жоятын қару - бұл кәдімгі ет турағыштың өзі, оған тап болды екенсің, қайтып оралмайсың дейтін пікір бар. Бұл мәселеге қатысты менің қойын дәптерімде соғыс ет турағыш машина емес, өйткені қырып-жоятын қару екі жақта да бірдей деп жазылған. Қырып-жою мөлшері мен қырып- жоюға қабілеттілік солдаттар мен офицерлердің ұрыс жүргізу өнеріне байланысты. Соғыс өнерін меңгерген ұрыс жүргізе алатындар үшін соғыс белгілі бір дәрежеде шетінен қырып-жойғыштық сипатынан айырылады. Ұрыс өнерінің негізі - дұшпанға оқпен әсер ету, оның адам күшін қырып-жою, өз күшіңді аман сақтау. Ұрыс жүргізу өнерінің мәні де осыған байланысты. Ұрыс идеалы - бұл ұрыста шығынсыз жеңіп шығу, ал ұрыс өнері - ұрыста барынша аз шығынмен жеңіп шығу. Ұрыста кездейсоқтық көп ұшырасады деседі. Ұрыста кездейсоқтық жоқ, дұшпан үшін күтпеген жағдай бар. Жеңіс немесе жеңіліс - себептілікті және заңдылықты нәрсе. Кездейсоқтықтың тасасында офицер мен солдаттың барлық салдыр-салақтығы бүркемеленеді, сондықтан да кездейсоқтық деген ұғым офицерлер мен солдаттардың ықылассыз әрі ойланып жасалмаған қызмет әрекетін ақтай алмайды. Ал бұл ақталу көпшілігінің көкейінде тұрғанын ойлап көріңдерші. Мен неліктен бұлай жаздым? Себебі көпшілік өз қателігін кездейсоқтықтан деп ақталуды іздейді. Жоқ, соғыс офицерлер мен солдаттардың жауапсыз іс-әрекеттеріне ақтау бола алмайды. Әрине, мұның әскери емес адамдарға да қатысы бар. Мынандай бір мысал келтіре кетейін, бірде мен, соғысқа дейін, Қиыр Шығыстан келе жаттым. Халықаралық вагонның қызметшісі кішіпейіл, инабатты жан болатын, қазір едәуір уақыт өткеннен кейін қайта келе жатып, көбінесе дөрекілік қылықтарын құлағым шалып қалды. Өйткені вагон - сол баяғы вагон, баяғы төрт доңғалағы да сол күйде. Бәрі «соғыс» деген сөзбен өзінің салақтығын ақтағысы келеді. Біз тіпті ұрыста солдаттар мен офицерлердің арасынан «соғыс бәріне ықпал жасады» дегенді естіп қаламыз. Дұрыс, бірақ бұл көптеген адам бүркемелейтін салақтық абсолютті мағынада орын алуға, анархияға бастауға тиіс дегенді білдірмесе керек. Жауынгерлер былай дейді: «Өйткені біздер парадқа емес, соғысқа бара жатырмыз». Сонда парад дегеніміз не?.. Бұл - қарулы күшті байқап көру. Парад пен соғыстың айырмасы қандай? Нағыз парад - жауынгерлік күшті жан-жақты барынша байқап көру, жауынгерлік күш үшін ең қатал сын соғыс болып табылады. Әрбір адамның тағдыры, халықтардың тағдыры, бәрінен де гөрі елдің тағдыры шешілетін, міне, нағыз осы парадта бұрынғыдан да әлдеқайда қатал, жып-жинақы, лайықты, нағыз жауынгерлік өнеге көрсетерліктей болуға керек. Ұрыс қауіпті емес, өйткені адам адаммен шайқасады. Егер де адам әлдебір жаратылысы бөлек аждаһамен немесе аңмен айқасса, бұл басқа мәселе, алайда адам адамменен шайқасқан кезде, олардың қолдарындағы ықпал ететін қаруы бірдей, ұрыс бұл сөздің абсолютті мағынасында қорқынышты емес. Мен сужүрек болғандармен таласқым келмейді, өйткені қорыққанға қос көрінеді. Ұрыста, соғыста адамға тән барлық жоғары және төменгі қасиеттердің өзі барынша ашылып көрінеді. Бұл сезімдерді екі топқа бөлуге болады: Жоғарғы сезімдер: Парыз, Ержүректілік, Адамгершілік, Ерлік, Батырлық, Қаһармандық, және т. б. Төменгі сезімдер: Опасыздық , Үрей , Ұждансыздық , Қорқыныш , Шошу, және т. б. Парасат, инстинкт, интуиция - адам бойындағы бейне бір командалық инстанциялар сияқты. Ұрыс кезінде адамның сана-сезіміндегі кейбір мәселелердің төңірегіне соңғы кезде көңіл аударыла бастады. Бұл мәселелер жөніндегі пікірталастар окоп пен блиндаждарда, сондай-ақ үй ішінде дастарқан басындағы әңгімеде де, редакциялар мен жазушылардың бөлмелерінде де жүріп жатыр. Мен сіздерге психологиялық тұрғыдан түсіндірілетін кейбір ұғымдарды баяндағым келеді. Бұл ұғымдар бізге алда керегімізге жарайды деп ойлаймын. Ұлы Отан соғысының тәжірибесі жеңіске рухтың күштілігімен жетуге болатынын, табыс әскерлердің моральдық-адамгершілік күшіне тәуелді екеніне біздің көзімізді тағы да жеткізді. Материалдық құрал-жабдықтар мен қазіргі заманғы әскери техника күрестің материалдық базасы мен қаруы болып табылады. Бәрінің де негізі - жанды, саналы адам. Адамның моральдық-адамгершілік қасиеті рухани күш деген сөзбенен анықталады. Рухани күштің негізгі қайнары мен қозғаушысы: Ақыл , Сезім , Ерік-жігер. Адам қасиетінің осы үш элементін ұштауға бағытталған мақсатты жұмыс тәрбиелеу жұмысының басты нысанасы болып табылады. Қорқыныш дегеніміз не? Бұл сұрақ белгілі бір дәрежеде проблемалық сұрақ та. Көптеген әскери қызметкерлер, яғни әскери форма киген жай адамдар (оларға мен тілшілерді, кездейсоқ штаб офицерлерін жатқызамын), қорқынышты тура өз мағынасында теріске шығарады, олар тіпті ызаланып: - Ол қалай сонда? «Біздің Қызыл Армия батыл! Біздің армияда қорқыныш қалайша болуы мүмкін! Біздің армия жеңімпаз!» - дейді. Міне, тіпті осы жердің өзінде, тылда, біздер бұл аурудан арыла алмай отырмыз. Бірде-бір «белсенді» қорқынышты құбылыс ретінде, барлық жерде, барлық армияда (яғни жан-дүниесі, жүрегі мен сезімі бар адамдар тобында) бар екенін түсінгісі келмейді. Ал бұл адамдар ызаланып, мұны қорқақтық деп атайды. Бізге саяси және саяси емес тар өрістілікті таңады. Бұл мәселе жөнінде біздің әскери қызметшілердің арасында да талас-тартыс өте көп, кейбіреулер өзін жұбатуға тырысып, қорқыныш жоқ дейді. Бұл мәселе жөнінде мен өз көзқарасымды айтқым келеді. Қорқыныш дегеніміз не? Қорықпаушылық дегеніміздің өзі - жалпы табиғатта жоқ нәрсе. Қорықпайтын адам жер бетінде жоқ. Қорқыныш тірі нәрселердің бәріне, тек адам мен жан-жануарларға ғана емес, сонымен бірге тіпті өсімдіктерге де тән. Қалай болғанда да, жүзден аса ұрысты бастан өткізген екі жарым жылдың ішінде, әлі де бір қорықпайтын адамды кездестірген емеспін. Өлім қаупін сезінген бірде-бір жан қорқынышсыз арпалысуға бармайды, бірақ бұл қорықпаушылық деген сөз емес. Қорқынышты әрбір адам өмірде талай-талай басынан өткізеді. Егер сізге қазір әскери комиссариаттан шақыру қағазын алып келсе, қолыңызға шақыру қағазын ұстатқан сәтте-ақ, сіз қорқынышты сезінесіз. Менің қолжазбаларымда бұл жөніндегі ойларым әскерге шақыру қағазынан бастап әскери қызметтің қорқынышы, әскери жорықтың қорқынышы, ұрыс алдындағы қорқыныш, ұрыс кезіндегі қорқыныш, шабуылдағы қорқынышпен аяқталған. Алайда біз адамға тән және заңды нәрсені қалайша теріске шығара аламыз? Керісінше, бұл сезімді зерттей отырып, біз оған басқа сезімді қарама-қарсы қоюға тиіспіз, бірақ та қорқыныш жоқ деп айтудың керегі жоқ. Батылдық пен қорқақтық - бұл қорқыныштың парызбен күресінің нәтижесі. Қорқыныш бар, бірақ оны жеңуге болады. Үрейлену деген ұғым, сондай-ақ шамалы және қатты қорқу сезімі бар. Қорқынышты жалпы мәжбүр ету жолымен жеңуге болады. Қандай мәжбүр ету жолымен? Ең алдымен, өзіміз жеке адамның психологиясы деп айтатын ішкі мәжбүр ету жолымен. Жауынгерлік ерліктерді сипаттаған кезде - ішкі арпалысты суреттемейді. Жауынгердің қандай күрес пен психологиялық қиналыстың нәтижесінде қарабет болғанын немесе даңққа жеткенін ашып көрсету қажет. Міне, сонда ғана солдат пен офицердің бейнесі анағұрлым жанды, анағұрлым кесек тұлғалы болмақ. Қорқынышты: біріншіден, ішкі мәжбүр ету жолымен, екіншіден, сыртқы мәжбүр ету жолымен, яғни қоғамдық ықпал ету жолымен жеңуге болады. Тәуекелсіз - жеңіс жоқ. Жаудан қашып емес, қорғанып және шабуылға шығып құтыла аласың. Өмір сүруге деген үміт оты жүрегіңді жылытады, әрбір солдат та пенде, ол да өмір сүргісі келеді. Өмір сүруге деген тілек өзін-өзі сақтау инстинктін қалыптастырады, солдат қорғанады және шабуылға шығады. Әңгіме мынада, бұл өзін-өзі сақтау инстинктінің екі жағы бар: біріншісі - адам өзін- өзі сақтау үшін қашады, екіншісі - адам осындай мақсатпен шабуыл жасап, қорғанады. Мен адамның бойындағы осы екінші жақты дамыту керек деп санаймын, өйткені ол қорғануға, шабуыл жасауға итермелейді. Сондықтан да оны барынша дамытып отыру қажет. Барлық нәрсенің көлеңкелі жағы болады, ал жалпы және тұтас алғанда бұл - адамның ғана емес, барлық жанды дүниенің асыл қасиеті. Міне, неліктен өзін-өзі сақтау инстинктінің ұрыста бастапқы қозғаушы күш болатыны сондықтан. Өзін-өзі сақтау инстинкті басқаны өлтіруге мәжбүр етеді, ал бұл өзіңнің өлгеніңнен гөрі әлдеқайда қиын. Мына біздердің, жай адамдардың, арасында әлдебіреуді өлтіретін адам табыла қояр ма екен? Оның қолдары қалтырап, жалпы ол мұны істей алмаған болар еді, ал солдат оны істейді. Ол бір адамның өмірін қорғау әрі сақтау мақсатымен, басқаның көзін жояды. Ол неліктен екінші біреудің көзін жояды? Оған бұлай етуге кім хұқық береді? Соғыста бұл адам өлтірушілік әрекет немен ақталынып алынады? Неліктен бұл ұрыс даласында ерлікке, ал мұнда, сіздерде, қылмысқа саналады? Ол өзінің көзін жойғысы келгеннің көзін жояды! Дұшпанның өзін өлтірмек болған қараниеттілігі, оған оны өлтіруге хұқ береді! Бұл адам өлтірушілік ұрыс даласында жауынгерлік парызды орындаумен моральдық тұрғыдан ақталынады. Мен неліктен бұл мәселені кеңірек таратып айтып отырмын? Мен сіздерді үйреткім келіп отырғам жоқ, бірақ бұл мәселенің төңірегінде біздерде бірсыпыра жаңылыс түсініктер орын алып отыр, арамызда әртүрлі адамдар бар, әдетте парасатты адамдардың кейбіреуі өзін-өзі сақтау инстинктін басып тастау қажет дейді, қорқынышты теріске шығарып, тек ерлікті ғана көргісі келеді (әбден жөнді әрі сөзсіз игілікті, бірақ нақты шындықтан мүлдем алыс жатқан ниет). Қорқыныш тіпті әскери шенге ие. Қатардағы жауынгер, унтер-офицер, офицерлік- генералдық және одан да жоғары шенге ие қорқыныш бар. Кейбір операцияларды генерал емес, қорқыныш шешкен жағдайлар бар: әскердің ұзаққа созылған бей-берекетсіз шегінуі - мұның бәрі генерал-қорқыныштың ісі. Қарсылық көрсетуші бір солдат шабуылға шыққан он солдатқа елеулі әрі басып өте алмайтын тосқауыл болып табылады. Ұрыс тәжірибелері көзімізді осыған жеткізді. Жұрт әйтеуір бір генерал қашыпты, шынында да қашпай, оның әскерін қорқыныш қуыпты дейді ғой. Қайталап айтамын: соғыс пен әскердің ұрыс қимылдарын екі генерал - әскери генерал мен генерал-қорқыныш басқарады. Екіншісі бет-бейнесі жоқ, барлық жерде торып жүретін, құпия, көрінбес генерал. Оның әрекеті жай түскендей. Біріншісі үнемі бітіспес күрес жүргізіп отырады және өзіне қолайлы болу тұрғысынан екіншісімен берік достық байланыс жасайды (қолайлы кезде дұшпанға қорқыныш тудырып, сөйтіп оның қызметін пайдаланады). Генерал-қорқыныш - стихия генералы. Ол батыл солдаттан зәре-құты қашып, қоян жүрек маршалдың жағасынан алады. Қазіргі кезеңнің тарихы генерал-қорқыныштың тіпті ірі стратегиялық масштабтағы операцияларды әлденеше рет шешкені сияқты көптеген фактілерді біледі. Қорқынышты әрбір адам көп, тіптен бірнеше рет басынан өткізді: казармалық өмірдің қорқынышы, жауынгерлік жорықтың қорқынышы, ұрыс алдындағы қорқыныш және ұрыс кезіндегі қорқыныш және т.б. Бұл жерде қазақ халқының «ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген мәтелін келтіре кеткен орынды. Бұл мәтел - біздің халқымыздың жауынгерлік ой-пікірі, сіз, сірә, басқа мұндай ой-пікірді таба алмассыз. Көбісі бізді тіпті әскери форма киіп тұрғанымыздың өзінде де бақташы тайпа деп санайды, бізге түр- тұрпаты ерекше адам ретінде қарайды. Бізге халық, адам ретінде қарау қажет. Егер біз өзіміздің тарихи зердемізге үңілсек, онда бізде көптеген жауынгерлік шығармалардың барлығын көреміз. Бұл мәтелді орыс тіліне былай аударуға болады: «Мужу честь дороже жизни, благородному человеку честь дороже жизни». «Өлімнен ұят күшті». «Бесчестье - позор - страшнее смерти». «Жаным - арымның садағасы». «За жизнь дерись до смерти». «Өмір үшін өлгенше соғыс». Адамгершілік сезімі, ұят сезімі, ерік-жігер, мақтаныш және басқа да сезімдер адамның барлық асыл қасиеттері біздерге - жауынгерлерге өзінің ішкі қорқынышын, содан кейін сыртқы қорқынышты жеңуге көмектеседі...Қорытынды жасауға көшейік, қорқыныш барлық тірі нәрселерге тән болса, батылдық парыз сезімінің қорқынышпен күресі нәтижесінде туады екен. Ал парыз сезімі дегеніміз не? Бұл адамгершілік сезімі, намыс, ар-ұят - бұл адамның өзін кез келген опасыздықтан сақтайды, қорғайды, яғни масқара болып жүргеннен, абыроймен өлген артық деген сөз. Өлімнен ұят күшті. Әңгімемізге осымен нүкте қоялық.
Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды Жалғасы бар