«Қанмен жазылған кітап»: Генерал Панфиловтың қазасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған тарихи маңызды айдарды әрі қарай жалғастырамыз. ҚазАқпарат Халықаралық агенттігі бұдан бұрын Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынған болатын. Шығарма оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Біз алдағы уақытта батырдың «Қанмен жазылған кітабын» сіздермен бірге оқуды жөн көріп отырмыз.
Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық.
***
Дивизия штабына дейін он бес километр жер қалған еді. Біз төрт тәулік бойы жол жүрдік, ашпыз. Мен Ковалевтен бізді тамақтандыруын өтіндім. Ол талғажау етер ештеңе тауып бере алмады. Бір адамды тамақтандырудың жөні бөлек, ол батальон емес. Рас, батальонымның қатары сиреп-ақ қалған еді, сонда да оны тамақтандыру қиынға соқты. Аяз қатты, аштық жанға одан да қатты батып барады. Аяқ-қолыңның тоңғанына төзіп бағуға болады, ал құрсағыңның тоңғаны тіпті жаман екен. Жүріп бара жатқанда онша емес, ал тоқтап тұрғанда бүкіл ағзаң, әсіресе, ішкі әлемің мұзға айналғандай сезінесің. Отыз бес градустық аязға, аштыққа қарамай, жауынгерлерімді сапқа тұрғызып, «жиналыс» өткіздім. Батальонымды жігерлендіргім келді. Ең алдымен генерал Панфиловтың атынан (генералдың қайтыс болған қайғылы, қаралы хабарды солдаттарымнан жасырып қалдым) жауынгерлік тапсырманы орындағандары үшін алғыс айттым. Біздің іс-әрекетімізге командованиенің риза екенін мәлімдеп, бәрін қоршаудан сәтті шыға білгендерімен құттықтадым. Дивизиямыздың гвардиялық дивизия атанғанын, Қызыл Ту орденімен наградталғанын, Рахимов пен Филимоновқа аға лейтенант атағы берілгенін мәлімдедім. Сөзімді аяқтай келіп:
- Дивизиядағылар бізді мерт болды деп ойлапты, - дедім. - Бұл жерден дивизиямыздың штабы он бес шақырым қашықта екен. Кәне, жолдастар, кішкене тарту әзірлейік, өзіміздің тірі екенімізді дәлелдеп, штабқа да баралық.
- Бастаңыз, жолдас комбат, дәлелдейміз, - десті жауынгерлерім. Жүздерінен, үндерінен олардың қуаныш сезімін оқып, бipгe толқыдым. Осы сәтте қатты қалжырап шаршағандықтың, өзекті жайлаған аштықтың қайда кеткенін білу қиын еді, бәріміз де тың, күшті, тіпті тоя тамақтанғандай күйге түстік. Бәрі жау қоршауында өлдіге саналған, бірақ өз адамдарына аман қосылған әрі жоғарыдағы сөздерге жан дүниелері толқи тебіренген солдаттар қуаныш пен мақтаныш сезіміне бөленіп, қажып, шаршағандарын, аязға тоңып, ашыққандарын біржола ұмытты. Саптан Хасанов шығып, менің атыма бірнеше мақтау сөздер айтып, немістің он есе үлкейтіп көрсететін дүрбісін ұсынды. Одан кейін Филимонов кезек алып, мені жауынгерлер және рота атынан құттықтап, маған неміс пистолетін табыс етті. Әрине, мұның бәрі мерейімді бір көтеріп, көңілімді жадыратып тастады.
Осы сәтте сұлу, көк көзді, орта бойлы украин жігіті Грицько Проценко саптың алдына шықты да, қолын көтеріп маған қысылыңқырай былай деді:
- Жолдас аға лейтенант, бір-екі ауыз сөз айтуға рұқсат етіңіз?
- Сөйле, Грицько. Бері кел.
Проценко қобалжыған күйі ортаға келді. Алғашқы сөзін кібіртіктеп, шашыраңқы бастағанымен, сұлу да қарапайым сөйледі. Ол бастан өткерген қиын күндерге, бес қоршауда қалып, аман шыққанымызға, жиырма жеті ұрысты ауыр жағдайда өткізгенімізге тоқталып, менің атыма бірнеше мақтау сөздер айтты. Мені украинша «батько» деп атап, сөзін былай аяқтады.
- Сіз, біздің батькомызсыз. Мына сағатты неміс майорының қолынан шешіп алдым. Сіз «атыңыздар» деп бұйрық бергеніңізде, мен оны атып өлтірген едім. Міне, документтері. Мұның бәрін өз достарымның алдында сізге табыс етемін...Саптағылар Проценко жолдасқа көздерімен сүйсіне, сенім арта қарады. Мұны ол да, мен де, Москва түбінің сыңсыған орманының аязды құшатындағы бәріміз де сездік. Мен оның сыйлықтарын қабыл алып, бірінші ротаның командиріне:
- Бірінші ротаның командирі, жолдас Проценко қалай соғысты? Жұртқа баян етіңіз, - дедім.
- Жарайды, жолдас комбат, жарайды, - деп ата лейтенант Филимонов сөйлеп кетті.
- Түсінікті, Грицько, - дедім мен отан бұрыла қарап. - Былай болсын: документтерді мен алайын, алтын сағат өзіңде қалсын. Бұл саған бесінші қоршауды бұзып шыққанымыз және жиырма жеті ауыр ұрыс, әрі батальонымыздың мына аяз құшатындағы «жиналысы» туралы ескерткіш болсын... Сағатты қызарыңқырай, қысыла алғанымен, бір минуттай ойланып тұрып, батальонның қол соққан қошаметіне бөлене маған сағатты қайта ұсынды.
- Жоқ, батько, сіз алыңыз. Мұның маған керегі жоқ. Сізге деген сыйлығым болсын.
- Сенің маған сыйлығың - жақсы соғысқаның. Сол үшін саған рақмет. Ал мына сағатты былай тағып жүр, - деп білегіне тақтым.
- Жауды біржола жеңген соң, егер өзіңе керек болмаса, сүйген қызыңа сыйлайсың.
Батальон ду күлді. Проценко қысыла түсіп:
- У мэне дывчины немае, наше вони мине здались, - деді украиншалап (залда күлкі). Батальон тағы күлді.
- Жоқ, жоқ, бауырым, - дедім мен оған қарсылық білдіріп.
- Егер сүйген қызың жоқ болса, табуға тиіссің. Мұның қалай?.. Біз сүйкімді қара көз қыздар үшін соғыспай, кім үшін соғысып жүрміз?! - деп жалғастырдым әңгімемді. Біздің жерімізде еркек - діңгек, әйел - гүл. Діңгек жапырақсыз, гүлсіз, орысша айтқанда «сушняк», қазақша айтқанда «қу бас» деген сөз. Әйел - құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Сені мен біз сол дәннің «жемісіміз» әрі жаман «жемісі» емес сияқтымыз. Жауынгерлерім де, Грицько да күлді.
- Әйелсіз, бауырым, адамзат «жемісі» ешқашан да болмайды. Әйел - бізге ана, жар, әйел, біздің сүйікті балаларымыздың анасы, ал соғыста олардың кейбірі біздің жауынгер серігіміз. Ендеше, Грицько, оларды ұрыста ұмытуға мүлде болмайды... Ал, жарайды, бар, сағатыңды тағып жүріп, шайқас, бауырым. Соғыс біткен соң, өзің сағатыңды сыйлайтын қызыңды әрдайым есіңде ұста... Біз қозғалып дивизиямыздың штабына бардық. Полковник Шелудько дивизия командирі болыпты. Штабқа ендім. Сіздер командирдің даңқы артып танымал болған сайын оны елдің өте сүйе түсетінін, ал одан қапыда айырылғанда жұмыстан береке қашатынын білерсіздер. Мұны мен дивизияма келгенде бірден аңғардым. Ары-бері сапырылысқан жұрт, бос сенделіс. Дивизия штабының бастығы да жаңарыпты. Қысқасы, мен өз дивизиямның штабын танымай қалдым. Штабта маған полковник Серебряков батальонымның ауыр, қатерлі жағдайға ұшырағанын Панфилов біліп, полковник Капровқа қайткен күнде де бізді іздеп табуды, ажал тырнағынан құтқаруды бұйырғанын, сол себепті Матренино мен Горюны ауданындағы жау тылына бір ротаның жіберілгенін мәлімдеді. Мұны айтып тұрғандағы мақсатым генерал Панфиловтың жеке тұлғасына тағы да бір зер салу еді. Батальонның ауыр, қатерлі жағдайға ұшырағанын білген ол бізді іздеуге, көмектесуге өзі араласып, тапсырма береді. Бұл өз адамдарын қиын сәтте де ұмытпаған Панфиловтың қандай кісі, қандай генерал болғанын әйгілей түссе керек. Дивизия штабы архивінде Панфиловтың арнайы жазылған хаттары, жарлықтары, тапсырмалары сақтаулы... Штабқа келісімен мен ұрыс барысы туралы рапорт жазуға бұйрық алдым. Сондағы рапортым, Панфиловтың өз қолымен жазған запискасымен бірге (оны мен ақымақтығымнан дивизия штабына өткізген едім) 8-гвардиялық дивизия архивінде сақтаулы. Жоғарыдағы запискіде «17 ноябрь, түнгі сағат екі. Момышұлы жолдас, сіздің мәлімдемеңізді алдым. Іс-әрекеттеріңізге бәрі риза. Табыс тілеймін. Барлық жауынгерлерге менің ізгі ниеттестігімді жеткізіңіз». Бұл записка менің блокнотымның арасында кездейсоқ сақталып қалған еді, оны дивизия штабына өткіздім. Записканың аяқ жағында генерал жағдайымыз бен батальондардың орналасуы, күштердің бөлінуі туралы жазған. Бұл документ те ұрыс кезінде батальон командиріне немесе аға лейтенантқа записка жазуға уақыт таба білген генералдың кім екенін таныта түссе керек. Рапортымды өз бөлмесінде ұйықтап жатқан Шелудьконың адьютантына апарып бердім. Дивизия командирі менің аязға тоңған, аш батальонымды тамақтандырмады. Полковник Шелудько рапортымды оқыған соң 16 километр жердегі полк командирі Елиннің қарамағына баруымды бұйырды. Мен рапорт жазып, бұйрық алғанымша, жауынгерлерім орман ішінде аязға тоңып, аштан-аш тұрды. Бізге ескі таныстарымыз көмектесті. ...Грицько сағатының кейінгі тағдыры тарих үшін түкке тұрғысыз болғанымен, сіздерге қызық көрінуі мүмкін (залда күлкі)... 1941 жылдың 7 декабрі (мен бұл кезде полк командирі болатынмын). Мұның алдында ғана полк үздіксіз 18 сағат соғысқан еді. Мен командалық пунктте жараланып жатқан едім.
- Жолдас аға лейтенант, - деді фельдшер маған келіп. - Ауыр жараланған жауынгер Проценко сізбен дидарласуды үзілді-кесілді талап етеді. «Батьконы көрмей өлгім жоқ» дейді... Дәрігерлердің рұқсат етпегеніне қарамай мен далалық дәрігерлік жәрдем пунктіне бардым. Проценко қарнынан ауыр жараланған екен.
- Батько, - деді ол қинала үн қатып. - Сіз келдіңіз бе? У мени до вас дило есть. - Сөйле ерім, Грицько. - Бас жағына таяу орынға отырдым. - Сөйле, бауырым.
Ол сол қолынан сағатын шешіп алып, былай деді:
- Менің Нинажанымды сіз бәрібір таба алмайсыз, ол жау тұтқынында. Алыңыз, батенько, сіз бұл сағатты өз ұлтыңыздың Нина есімді қызына, тек ақылды қызына сыйлаңыз. Мен ұрыста жүріп Сізді, сіздің халқыңызды сүйген едім... Ол қызға бұл украин перзенті Грицько Проценконың сыйлығы деп айтыңыз... Мен енді бұл дүниелік емеспін...
Грицько өсиет сөзін аяқтай алмай көз жұмды. Тұрғандардың бәрі еңіреп жылады. Мен Грицьконың сол сағатын үш майдан даласында өткен алпыс-жетпіс ұрысқа қатысып, оқ пен оттан аман алып өттім... Нина атты ақылды қазақ қызын іздедім. Маған келген хаттарда және таныстарымның арасында ондай есім кездеспеді. Қыстыгүні сенен жылы лебізді өте ойлы хат алдым. Хат соңын сен үлкен Н. әрпін қойып аяқтапсың. Неге екені белгісіз, мен сенің шын есіміңді Нина деп оқыдым.
- Табылды! Табылды!- деп есім шыға қуанғаннан жертөледе айқайлап жіберіппін. - Грицьконың Нинасы табылды...
Құрманбек Сағындықов Алматыға аттанғанда, Грицьконың сағатын табыс ет деп саған беріп жібердім, Грицьконың аманатын орындағаныма иығымнан ауыр жүк түскендей жеңілденіп қалдым.
- Содан кейін не болды?! Не болды десеңізші?! (Бұлай қайталап тұрғаныма таңданбаңыздар, мен айқайлап тұрмын). Алғыс орнына менің алдымда ақымақ теңеуге, уға толы хат жатыр: «Сенің сыйлығыңды табыс еткенімде Н... сықылықтай, қылымсынып, кекете күліп: «Әлде қай өлген немістің қолынан шешіп алды екен?» - деді. О, кісіліктен, адамгершіліктен жұрдай неме, мен сенің мүлде есуастанып үлгергеніңді білмеп едім. Өлген жаудан алынған қару-жарақ, документтер, бағалы заттар тонаушылықтың емес, жеңістің жемісі екенін сен қалайша түсінбегенсің?!. Сағатты саған ұсына отырып, ақылды қазақ қызы Нинаға сыйладым деп ойлап едім... Әділін айтып, мойындар болсам, Грицьконың аруағы алдында жүзім қызарып, от боп жанғандай. Әлгі ақымақ Н... та жазған хатым осылай аяқталды. Грицько сағатының кейінгі тағдыры осындай.
В. Строева: Бұл нағыз новелла ғой!
Б. Момышұлы: ұл нағыз болған жай, нағыз ащы шындық. Мен новеллалар жазбайтын адаммын.
* * *
Мына бір жайға ерекше тоқтала кетейін. Бірде мен генерал Панфиловқа полк қарамағынан алынып, дербес қимыл жасау міндеті жүктелген өз батальонымның жауынгерлік жорық жолдарын түгел айтып бердім, әңгімеме қатты елігіп қызығып қалса керек.
- Бұл тарих қой! - деді ойлана үн қатып. Осы жерде ол менің әрбір елеулі ұрыстарды іле егжей-тегжейлі қағазға түсіріп, күнделік жазып жүретінімді білді.
- Қанша дәптер күнделік жаздыңыз? - деп сұрады ол.
- Көп, - деп жауап қайырдым.- Сізге жазғандарыңызды ретке, бір жүйеге келтіруге қанша уақыт қажет болады?
- Екі апта уақыт жетеді, - деп жауап бердім.
- Сіз бұған ұялмаңыз, қазір маған айтып бергендей етіп жазыңыз... Бұл әңгіменің өзі генерал Панфиловтың өте терең ойлайтын парасатты адам екенін аңғартады. Оның тапсыруы бойынша күн сайын әрбір ұрыстың барысын жазып отырдым. Сөйтіп бұрынырақта жазылған қолжазбаларымды тәртіпке келтіруге кірісіп кеттім. Қолжазбамның кіріспе бөлімінде «пәленшенің идеялық басшылығымен батальон мынандай, мынандай ерлік қимылдар жасады» деген сөз жазылмады. Мұны Логвиненко байқап, оқып шығып:
- Жолдас лейтенант, кез келген реляцияның (реляция деген сөздің мәнін ол кезде білмейтін едім) жазылу ерекшелігі болады, - деп маған әр түрлі өсиет, ақыл айта бастады. Бөлменің түкпірінде Бозжанов отырған. Міне, енді Логвиненко ақылды саусақтарымен санап тізе бастады. Сендерге айтайын, мынандай саяси жетекші, болмаса ана бір командир ерлікпен қаза тапты... Оның ойынша, өлгендердің бәрі ерлікпен қаза болғандар да, ал тірілер батырлықтың өнегесін көрсете алмағандар болып шықты. Бозжанов қорқыныштың не екенін әлі өз басынан өткере қоймаған офицер еді. Өз солдаттарымды мақтай, мадақтай қоюға мен де сараңмын. Мен оны сапқа тұрған батальонның алдында осылай деп айтқан едім. Кейіннен Бозжанов ғажап ерлік жасай білді. Сол Бозжанов бөлмемде Петр Логвиненконың соғыста қаза болғандарды батыр деп айту керек деген құрғақ өсиетін әбден тыңдап-тыңдап құлағы сарсыған болуы керек:
- Мен неге өліп кетпедім екен! - деді. Оның осы сөзі өмір бойы жадымнан шықпайды. Егер Петр Логвиненко басқа адам болса, онда бұл айтылған сөз оның өңменіне қадалған оқтай әсер еткен болар еді, қара жерге кіріп кетер еді... Логвиненко менің жиырма жеті ұрыс жөнінде жазылған қойын дәптерімді, батальонның Рахимов жасаған сызба карталарын алып кетті, кейіннен оларды қайтармай жоқ қылды, бізге бұл туралы ләм-мим деп тіс жармады.
Өкінішке орай Петр Логвиненко сияқты адамдар біздің арамызда бірен-саран емес. Егер адам өлсе немесе жарақаттанған болса, мұны ерлік іс деп есептей алмаймын. Оның аруағын, қаза болғандардың аруағын құрметтеу, сыйлау бұл мүлде басқа мәселе ғой, отанымыздың бостандығы мен бақытты өмірі үшін шыбын жанын қиып, қанын төккен кез келген жауынгерлерді жоқтап қайғырып, егілемін, бірақ мен солдаттың өлімін немесе жарақат алуын ерлік, батырлық деп айтуға үйренген жан емеспін. Жүзден астам ұрыстарға қатысып, бірде-бір жарақат алмаған жауынгерлерім бар, егер олардың оқ қағарлары болса, жарақаттанбағанына кінәлі емес шығар. Сондықтан Талғар полкінің құрылуының бір жыл және екі жылдығында мен зақымданбаған, жарақаттанбаған байырғы талғарлықтарды да Қызыл Жұлдыз ордені мен медальдарға ұсындым. Маған кейбір командирлер:
- Олар не жарақаттанбаған, зақымданбаған, соғысқа қатысты дейтіндей емес қой, - деді.
- Жауынгерлерімнің арасында алдыңғы позицияда болып, жүздеген ұрысқа қатысқан адамдар бар, бұл - олардың ерлігі, ал егер оларға қаңғыған оқ тиіп жарақаттамаса, мерт етпесе - оған олар кінәлі емес, - деп жауап қайырдым. Наградталған адам міндетті түрде жарақат алған болуы керек деген ұғым қалыптасып кеткен (күлкі), жауынгерді наградтау үшін мінездеме жазуға тапсырма берсең, кейбіреулер:
- Не жазамын, оның бес мүшесі сау ғой, - дейді шімірікпей. Ал біздің әскери тілшілер болса, үнемі бұдан үлкен бір ерлік дастанын іздеуге дайын тұрады, олар Панфиловтың қазасы туралы да осылайша түсіндірмек. Шын мәнінде жағдай былай болған. Генерал Панфилов дивизиясының штабы Гусеново деревнясында болатын. Панфиловтың жеке өзі кейде майдан шебінен 200-300 метр жерге дейін барып аралап көретін. Штаб жауынгерлер тұрған жерден әрі жылжыса болғаны, мұның өзі адамдардың көңіл-күйіне жағымсыз әсер етеді деп генерал үнемі айтып отыратын, осыған байланысты Панфиловтың өзі де кейін кетпейтін, штабқа да соңғы сәтке дейін кейін жылжуға рұқсат бермейтін. Енді майдан шебі жақындай түсіп, немістер біздің әскерлерге таяп қалды. Генерал жағдайды көзбен көрмек болып сыртқа шықты. Осы кезде рота келе жатады. Генералды байқап қалған командирі лезде жауынгерлерін сапқа тұрғызып, генералдың алдынан әскери сәлем беріп өтпек болады - жау нысанаға алып ата бастайды. Панфилов ротаның әскери сап түзеп келе жатқанын көріп командиріне айқайлап:
- Жолдас командир, көріп тұрсыз ғой, жау атып жатыр, ыдыраңдар, тараңдар... - дейді. Ал анау болса генералдың айтқанын ұқпай қалады. Панфилов қайталап:
- Тараңдар, қазір бәріңді жайпап кетеді, бұл жер парад емес? - дейді. Осы сәтте 20 метрдей жерге келіп мина жарылып, кішкентай жарықшағы Панфиловтың жүрегіне қадалады. Көптеген тілшілер: «Отан үшін, алға!» деп оны айқайлап ұрысқа бастағандай етіп жазады. Әрине, бұл - өтірік. Өлер алдында генерал жауынгерлерінің жабырқаңқы жүздерін көріп «өмір сүремін!» деген бір ауыз сөзге ғана тілі келген. Жауынгерлерінің абыржуын басып жігерлендірмек болған шығар. Басқа сөзге келе алмай көз жұмады. Панфиловты өлер алдында басын көтеріп:
- Ура, жолдастар, алға! - дегізіп жазудың кімге керегі бар? Сондықтан қазір баспасөз бетінде Панфиловтың қаза болуына байланысты жазылған материалдардың бәрі өтірік деп айтар едім, мұның ешқандай да пайдасы жоқ. Бұл жерде, әрине, адам мерт болды екен, оның ойын қалайда жеткізу керек деген ізгі ниет орын алғаны белгілі. Бірақ мұндай ниет бәрінен бұрын оның солдат екенін ашып бере алмайды. Генералдың істеген істерінің бәрі ешбір «урасыз», онсыз да құнды. Жан тәсілім етер сәтте ешбір адам ұран тастай алмасы анық. Панфиловтың қазасы шын мәнінде мен айтқандағыдай болған. Егер маған сенбесеңіздер, артиллерия дивизиясының шыншыл, әділ, мәдениетті, адал ниетті қолбасшысы полковник Марков Виталий Ивановичтен сұрауларыңызға болады, ол Панфилов қайтыс болғанда басы-қасында болған адам. Панфиловтың қызы Валентина Ивановна туралы да айта кетейін. Валентина өте көрікті қыз, бірақ ол жөнінде де алып-қашты көп әңгіме, қауесет таралғаны сонша, оның ұяттан жүзі жанады. Ол жөнінде әртүрлі ойдан шығарылған нәрселер айтылып, жазылып та жүр. Инабатты қыз мұндай қиыстырылған әңгімелерден жауынгер серіктерінің алдында әбден ұялып бітті.Панфиловтың қалай қаза болғаны жөнінде қысқаша айтқанда менің білетін мәліметтерім осы. Панфилов батырлығының мәні оның қайтыс болуында емес, сіздерге айтып берген ерлік істерінде жатыр. Ерлікті оның мерт болуынан іздемей, оның өзінен іздеу керек. Генерал тұрған жерде дұшпанның қару-жарақ қоймасы жарылыпты деген қауесет те жалған. Оның қаза болуы кездейсоқ жағдайға байланысты. Соғыста мұндай ғажап кездейсоқ оқиғалар кездесе береді. Мынандай бір жайды айта кетейін. Жауынгерлерімнің бірі жарылыстан үстіндегі киімі жырым-жырымы шығып, өзі жалаңаш қалады, бірақ денесінің бірде-бір жерінде дақ, жарақат түспейді, контузия да алмаған, небәрі аздап құлағы бітіп қалған... Одан кейінгі ұрыс қимылдары былай дамыды. Ново-Покровскоеде 1075-, 1073- және 1077-полктер қорғаныс ұрыстарын жүргізді. Кескілескен шайқастар Рыбушки, Устиново және Ново-Покровское деревнялары үшін жүргізілді. Панфиловтың ой жоспары осылай болатын. Ұрысқа полковник Шелудько басшылық етті. Тап осы жерде немістер үш күн бойы торапты пунктке бұғауланып, жолы кесіліп тасталды.
Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды.
Жалғасы бар