«Қанмен жазылған кітап»: Командир - әскердің миы, ұрысты ұйымдастырушы, жеңіске жеткізуші тұлға

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған тарихи маңызды айдарды әрі қарай жалғастырамыз. «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігі бұған дейін Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын оқырман назарына ұсынған болатын. Біз алдағы уақытта батырдың «Қанмен жазылған кітабын» сіздермен бірге оқуды жөн көріп отырмыз.Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық.
None
None

*** Бауыржан Момышұлы. Жолдастар! Біздің үш сағат уақытымыз босқа кетті. Мен бұл әңгімені 6-7 сағатқа есептеп едім. Алғашқы тақырыпты асығыс түрде аяқтағым келмейді, сондықтан бүгін 3-4 сағат уақытты кешегі айтылған тақырыпқа бөлемін. Әңгімеміздің соңында солдат жөнінде тағы да аздап тоқталамын. Келесі мәселе - офицер, командир. Командир, офицер қандай болуға тиіс? Офицерлер негізінен үш категорияға бөлінеді. Мен иығына погон тағып, әскери форма киген қарапайым адамдарды емес, саптағы офицерлерді айтып отырмын. Сонымен: 1-категорияға - жақын қашықтықта ұрыс жүргізетін офицерлер; 2-категорияға - тактикалық ойлау мен тактикалық мақсаттағы офицерлер; 3-категорияға - оперативтік ойлау мен оперативтік мақсаттағы офицерлер (генералдар) жатады. Мен пайымдау мен ойлау деген ұғымдарды айтқан кезде, оған ешқандай да түсінік беріп жатудың қажеті жоқ қой деп ойлаймын. Офицерлерді бұлайша бөліп қарастыруды сіздер әскери әдебиеттен таба алмайсыздар, қалай болғанда да, өзім де кездестірмедім. Бұлай бөлу тым дөрекілеу де болып көрінуі ықтимал, дегенмен осылайша шартты түрде бөлуге болатын сияқты. Бұл топтағы әрбір офицердің жауынгерлік қатарда, ұрыс кезінде өз орны, міндеті болады. Олардың айырмашылығы басшылық ету масштабына, ойлау мен қызметке тағайындалуына байланысты. Офицер қандай көлемдегі істерді атқаруы тиіс, оның міндеттерінің ауқымы қандай? Командир - әскердің миы, ұрысты ұйымдастырушы, жеңіске жеткізуші тұлға. Командир туралы жазып немесе әңгіме айтып тұрған кезімде, мен командирдің творчество адамы екенін дәлелдегім келеді. Біздер әдебиетшілерді, суретшілерді, композиторларды творчестволық еңбектің адамдары деп есептейміз, алайда біздер айтып жүргендеріміздей, ұрыс пен соғыс ғылым ғана емес, сонымен қатар өнер де ғой, онда неліктен бұл өнерді ұйымдастырушы да жасампаз адам болып саналмайды, неліктен біз оны творчестволық адам деп санамаймыз? Шын мәнінде командир - бұл творчестволық еңбектің адамы. Командирдің ерлігі - оның парасаттылығына, сенімді қайтпас ерік-жігеріне байланысты. Ерік дегеніміз не? Біз оған кейінірек тағы да тоқталамыз. Командирдің көптеген қыруар жұмыстарының ішіндегі ең бастысы: ойлау, ойлау және ойлау болып табылады. Офицер соншама қоян-қолтық ұрыстың солдаты болмағанымен, ақыл-парасаттың солдаты бола білген жөн. Қазақ халқының мақалы: «Білекпен бірді, ақылмен мыңды жығасың», - дейді. Командирдің ұрысқа дейінгі негізгі міндеті - өзінің қарамағындағы жауынгерлерді ерлікке тәрбиелеу, командирдің ұрыс кезіндегі міндеті - өлу емес, қол астындағылардың бәрін жағдайға қарай үнемдеп жұмсап, нақты күш пен мүмкіндіктерді, алға қойылған жауынгерлік тапсырманы орындап шығу. Командирдің іс-әрекеті барлық уақытта: қызмет жағдайына байланысты қажеттілікті, жалпы мақсатқа лайықтылықты (өз бөлімінің немесе бөлімшелерінің пайдасы тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар басқа да бөлімдерге де пайдалы тұрғыдан), жеке мүдделікті (мен қызметке байланысты мүдделікті айтып отырмын), ұштастыра отырып, белгілі біртәртіпке бағынуға тиіс. Егер командир қандай да бір тапсырманы жүзеге асыруға мүдделі болмаса, онда бұл шаруаны өзінің бар жан-тәнімен істемейді. Командир бір жақты, берекесіз, ұстамсыз адам болмауға тиіс, ол қызметтік намысқорлық пен менмендіктің не екенін терең түсіне білуі керек, ол қызметтік өзімшілдікті жеке бастың тоғышарлығынан ажырата білуі қажет. Оның жарағында қару-жарақпен бірге өзінің шынайылығымен, шын көңілден шыққан қарапайымдылығымен солдаттың жан дүниесін баурайтын, оған әсер ететін қарапайым жауынгерлік сөз болуға тиіс. Қазақ халқының: «Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді» деген мақалын еске алыңыздаршы. Қарапайымдылық екі жақты мән-мағына береді: қарапайым деген сөз бір жағынан - тереңдікті, екінші жағынан - бос, қуыс деген ұтымды, басқаша айтқанда қарапайым әрі ақылды немесе қарапайым әрі ақымақ дегенді білдіреді. Мен бұл жерде қарапайымды терең деген мағынада қолданып тұрмын. Командир жалпының мүддесінен тыс жеке мүддені қорғамай, өзіне жүктелген жауапкершілікті сезіне білгені жөн. Командир ессіз батыл да, парасатты батылсыз болмауға тиіс, бір жақтылық - офицердің міні, кемшілігі. Командир бұл қасиеттерді үйлестіре білгені жөн. Ол өзінің жеке басының жақсы жақтарына сын көзімен қарауы керек. Ол ерге ебедейсіз отырғызылып, азаптанып, шайқақтаған тұлып сияқты емес, мықтап отырған кәнігі шабандоз сияқты болғаны жөн. Сіздер, бәлкім, Бектің бірінші повесін оқығанда, ондағы «Лысанька ат» деген тарау естеріңізде болар. Москвада: «Адамды жылқымен қалай салыстыруға болады?» дейтін данышпандар табылды. Бір редактор бұл тарауды басуға жібермей алып қалса, екінші бір «данышпан» (Балалар баспасының редакторы) мүлдем лақтырып тастаған. Командир жауынгерге, оның адамгершілігін кемітпей, аласартпай, кайта сезіміне, ар-ожданына, психикасына әсер ете отырып, барлық ықпал ететін шараларды шебер қолдана білгені жөн, ал мұның өзі тұтас бір өнер болып табылады, бұл өнерді игеруге кез келген парасатты ойлай білетін командир ұмтылуға тиіс. Солдат оның басты назарында тұруға тиіс, жауынгердің үнемі мұқтажын, солдаттың жан сырын білгені жөн. Мен мұқтаждық, қажеттілік туралы айтқан кезімде, тағамды, материалдық жақты меңзеп отырған жоқпын, адамның жан дүниесін - адаммен тіл таба білушілікті айтып отырмын. Демек, командир ақыл-оймен - тәртіпті, табанды, жүйелі әрі мақсатты түрде жұмыс істей білгені мақұл. Соғыстың қайғы-қасіретті сәттері командирден кез келген бағынбаушылық пен тәртіпсіздікке, жөнсіздікке қатал да аяусыз болуды талап етеді. Қаталдық кінәлі адамды, егер ол жазаланатындай қылмыс жасаған болса, жалтақтамай өлім жазасына дейін жеткізуге тиіс. Бұл ақылға сыймайтын іс емес, ең гуманистік және ең адамгершілік шешім, мүмкін емес нәрсені бүлдірген - қорқақтық немесе опасыздық жасаған адамның маңдайынан сипап қоя бермейтін болар. Қостай берушілік - әлсіздік. Өзің мерт болғаныңнан гөрі, өлтіру қиынырақ. Өздеріміздің арамыздан шыққан қорқақ немесе опасызды ату - бұл тым өте ауыр, командирдің - адамның ішкі дүниесінде сұмдық арпалыс тудыратын жағдай, өйткені командир жансыз, картон адам емес қой. Ішкі және сыртқы қиындықтарды жеңе отырып, адамды ату керек деген қорытынды жасайды - бұл жүзеге асыруда ержүректілікті қажет ететін ең бір қайғылы сәт болып табылады. Командирдің қаталдығы мен талап қоюшылығы байыпталған, ойланып істелген болуы керек, ал кез келген құрғақ ақыл айтушылық, айқай - қаталдық емес, есерсоқтық. Қаталдық пен талап қоюшылық азаматтық жүріс-тұрыс нормаларынан, әскери әдептен шығып кетпейтіндей, солдаттың адамгершілігін кемсітпейтіндей әділ болғаны жөн. Сонымен, командир солдаттарды тәрбиелеуші болып табылады екен, ол ашумен емес, ақылмен оқыт деген қағиданы берік ұстануға тиіс. Бұл қағиданы еріксіз қабылдатқан не нәрсе? Ашумен үйрететін адамдар да кездесіп қалады. Егер жауынгердің ісінің бәрі орны-орнында болмаса, оған айқайлай бастайды, тіл тигізеді. Рас, кейде ойлаған нәрсеге айқайсыз қол жеткізе алмайсың, бірақ та мұның бәрін ойластырып істеген орынды. Міне, осыдан келіп ашумен емес, ақылмен үйрету керек деген өмір қорытындысы келіп шығады. Әрбіp солдат өзінің ыждағаттанып, тырмысып істеген ісіне көңіл бөліп, жылы лебіз білдіргенді күтеді. Солдат дегеніміз кім? Солдатқа ешқандай да демократиялық право берілмеген, бұл жерде әмір етуші мен мойынсұнушы бар. Егер мойынсұнушы адам парызын, бұйрықты орындауға тырысса, осыған байланысты онда орындаған бұйрығы үшін әрбір солдат жылы лебіз күтеді. Демек, командир жөн-жосықсыз мақтама және кінәсіз даттама деген қағиданы ұстанғаны жөн. Бұл қағида қайдан шығып отыр? Егер адамды мақтасаң, демек, ол атақ-даңққа ие бола бастайды, бірақ атақ-даңқ барып тұрған ақымақ болуға итереді, ол атақ-даңқты көтере алмай, ақымақтана, есіре түседі, бұл - адамның жағымсыз көлеңкелі жағы. Ал ақылдылар үшін атақ-даңқ - бұл зіл батпан ауыр жүк. Егер адам белгілі, танымал бола бастаса, демек ол образға, өзінің жеке «мені» енді өзіне тән болмайтын адамға айнала бастайды. Барлық назарды ол парызға аударуға тиіс, ал жеке басының мәселесі ол үшін белгілі дәрежеде ысырыла бастайды. Билік те қауіпті. Егер билік ақылды адамның қолына берілген болса - онда ақылды басшыға, ал егер ақымаққа берілген болса, онда есерсоққа айналады. Бұл, әсіресе, соғыста қауіпті. Мынандай бір оқиға болған еді, бір аға лейтенант дұшпанның тылында қимыл жүргізе отырып, ішінара тапсырмалар орындап тұрды. Оның фамилиясы Малярчук, ал оны жолдастары лақап етіп «зробила» деп атап кетті, себебі ол мәлімет беріп жатып былай дейтін еді: «Зробилы три блиндажив». Тапсырманы ол орындауын орындап шықты, алайда өзінің бөлімшесінің жартысын жау тылында қалдырып оралды. Олардың бір бөлігі кейіннен партизандарға барып қосылды. Солдат ретінде ол ерлік, ал командир ретінде қылмыс жасады. Бірақ та бұл лейтенант ақыл-ойы аса жетік адам емес-ті, сонда да болса оны «Ерлігі үшін» медалімен наградтадық. Егер ол нағыз офицер болған болса, мен, әрине, оны айып батальонына жіберер едім, ал ол «Зробила» болғандықтан, оны мен кешірдім. Біздің «Зробила» нашар лейтенант болды. Ол тіпті топографияны да білмейтін. Ол тіпті қай жерде болғанын да айтып бере алмайтын. Оның картаның масштабы жөнінде түсінігі жоқ еді, ол құбыланама (компас) бойынша бағыт-бағдарды мүлдем айыра алмайтын. Ол тапсырмаларды орындап, дұшпанды жоятын, бірақ өзі қай жерде болғанын картадан тауып көрсете білмейтін (картадан Ригадан Холмға дейінгі аралықты шарлап дал болатын). Ол бұл тапсырманы қабілетіне қарай барлық жан-тәнімен орындап шықты, ал мен отан топографияны білмейсің деп, құбыланама бойынша ғана емес, сонымен бірге жұлдыздарға қарап та бөлімді алып шыға алмадың деп айып таға алмадым. Сондықтан, мен былай деп айттым: «Егер ол жөні түзу аға лейтенант болса, онда тәртіпті батальонға жіберуді қажет етеді, ал ол дәл осы қалпындағыдай болса, онда ол ержүректілігі үшін солдат ретінде өзінің жасаған ерлігі үшін наградаға ұсынылуға лайықты». Командир солдаттың ар-ожданына ықпал ете, оны игілікті істерге құлшындыра алуға, жауынгерлерге үйретіп және қарамағындағылардан үйрене де білуге тиіс. Мұны ерекше айтып отырған себебім - көптеген бастықтар, тек қана әскери адамдар тана емес, бәлкім қарапайым, әскери емес адамдар да көпшіліктен үйренуді өзіне ар санайды. Командирге өзінің бөлімшесі оның академиясы болып саналады. Менің бөлімшем, менің полкым менің академиям болды. Қалың солдат та - әбден қалыптасқан халық. Солдат сөздің орайын тауып сөйлейді, оны тыңдай білген жөн, оны үйретіп қана қоймай, сонымен бірге одан үйрене де білу керек. Бүгінгі күннің сәтсіз тәжірибесі командир үшін ертеңгі күнгі сәтті істің хабаршысы болуға тиіс, яғни егер сіздер бүгін жеңіліске ұшырасасыңдар, онда келесі жолы қателікті қайталамас үшін себеп-салдарын іздеңіздер, анықтаңыздар. Бұлмәселеге А. Бектің жазып жатқан повесінің екінші бөлімінде тұтас бір тарау арналады. Сәтті аяқталған ұрыстан кейін де жағдайды тексеріп талдау керек. Командир өзінің қарамағындағы жауынгерлерді: «Өлімге асықпай, ұрыс жүргізуді үйрен», «Ұрыс жүргізе жүріп үйрен, шыңдала, әрі батылдана түс» деген қағиданы ұстанып тәрбиелеуі қажет. Бұл да басқа бір тақырып, оған повестің үшінші және төртінші тараулары арналады. Осындай парасаттылыққа, осындай сезімге командир өзінің қарамағындағыларды тәрбиелеуге тиіс. Ұрыста жеке үлгі-өнеге көрсету. Бұл мәселе жөнінде басқаларда ғана емес, сондай-ақ бізде, әскери адамдар арасында да әртүрлі көзқарастар бар, соның салдарынан біздер өзіміздің көптеген кадрларымыздан айырылып қалдық. Бұл бұған дейінгі барлық соғыстарда да болған жай. Мен командирдің міндеті - өлу емес, алдына қойған жауынгерлік тапсырманы орындау деп жоғарыда айтқан едім. Біздер соғыстың бас кезінде орынсыз шығынға жол бердік. Жеке үлгі-өнеге көрсету дегеніміз не? Бұл жауынгерлер мен бөлімшелерді басқару мен оларға ықпал ету құралы болып табылады. Жеке үлгі-өнеге «мен істегендей етіп істе» дегенге үндейді, шақырады. Бұған төмендегідей қорытынды жасайық: жеке үлгі-өнеге ұрыста басқару құралы болып табылады, әрі ол шын мәнінде қажетті жағдайда қолданылғанда ғана ақтап алынады. Жеке үлгі-өнеге жауынгерлердің көз алдында жасалатындықтан, оларды қызықтырып, қалай да қалғандарды ерлік көрсетуге өзінің соңынан еліктіріп алып кететіндей болады. Сенің жеке үлгі-өнегеңді жұрттың бәрі де көруге тиіс, сөйтіп «Батыр - батыр емес, бастаған батыр» немесе орыстардың айтатынындай: «Инициатива - батылдыққа жол бастар» деген қағиданы дәлелдей түседі. Жеке үлгі-өнеге дегеніміз - бұл инициатива көрсету болмақ. Мен бұл жерде аздап шегініс жасай кетейін. Рота жер бауырлап жатыр, адамдарды шабуыл жасауға көтеру қажет. Дұшпан сөзсіз оларды оқ бората қарсы алады. Командир: «Алға, шабуылға бастаңдар!»- деп команда береді. Мен әзірше команда беріле салысымен-ақ, адамдардың бірден өре көтеріліп шабуылға шыққанын кездестіре қойған жоқпын. Мұның өзі әбден заңды да, өйткені кімнің өлімге бас тіккісі келеді дейсіз? Адамдарды шабуылға бастап көтеруден ең ауыр міндет жоқ. Мұндайда батылдау бір адам орнынан ұмтылса, онда барлық рота көтеріле жөнеледі. Әрине, шабуылға шыққан кезде бүкіл рота батыл, бірақ та олардың ішінен батылдауы кім? Алғаш болып көтерілген адам ғана батыл болмақ. Осыдан келіп, төмендегідей «инициатива - батылдыққа жол бастар» деген қорытынды жасалынады. Солдатта жұрт жек көретін тобырлық сезім болады. Мен мұны мұндай жағдайда коллективтің жауынгерлік ынтымағының асыл қасиеті деп білемін. Әрине, тобырлық сезімнің жаман жағы да бар. Өлім қаупіне қарамастан шабуылға кім бірінші болып бастаса, рота жеткен табысы үшін соған міндетті, қарыздар болмақ. Бәлкім, ол бұл шабуылда ешкімді де өлтірмес, бірақ та ол бірінші болып көтерілді, оны осы үшін де наградтау керек. Өйткені әңгіме оның бұл шабуылда қанша жауды шаншып өлтіргендігінде емес, оның алғашқы болып орнынан көтеріліп үлгі көрсеткендігінде, сөйтіп өзінің соңынан қалғандарды бастап алып кетуінде болып отыр. Әрине, одан қалып қою ұят, сондықтан қалғандар да көтеріліп, шабуылға шығады. Тіпті шабуыл кезінде ерлік жасаған адам да сондай-ақ бірінші болып солдаттарды жауға қарсы көтерген жауынгерге борышты. Егер жеке үлгі-өнеге өзіне еліктіре алмайды екен, онда бұл жеке үлгі-өнеге болмағаны, оның ешкімге де керек болмау себебі - өзінің міндетін ақтай алмағандығынан. Командирдің мұндай үлгі-өнеге көрсетпегені жөн, оған тәуекелге бел бууға болмайды. Егер командир үлгі-өнеге көрсетемін деп опат болса, онда оны есерсоқтықтан опат болды деп айтуға болады. Өйткені мұндай үлгі көрсетудің қажеттігі жоқ еді, ал ол болса қызбалық жасап, өз міндетін ақтай алмады. Қайталап айтамын, жеке үлгі-өнеге мәселесі - бұл тұтас бір тақырып. Ұрыстағы жеке үлгі-өнегенің ерекшелігі - командир өте сақ болғаны жөн және үлгі-өнегені жұрттың көз алдында әрі қажетті кезде ғана көрсеткені орынды. Әскерлерге басшылық ету мен оларды басқарудың негізін (рас, бұл тым қатты айтылған) мойынсұнбаушылық пен күрес құрайды. Нағыз солдат болу оңай емес, дегенмен командирге де әскерді тәртіпке көндіру оңайлыққа түспейді, ал соғысу одан да қиынырақ. Сапта тұрғанда мойынсұнушылық, бағынушылық ұрыс кезіндегі мойынсұнбай, бағынбай кетушілік жағдайларының болмауына кепілдік бере алмайды, кедергі әрбір қадам басқан сайын ұшырасып отырады, сондықтан да командир үнемі өзінің бөлімін жинақылық жағдайда, дайындықта ұстағаны жөн, атты әскерлер «атты жолға әзірлеңдер» демейтін бе еді? Кімде-кім өзінің қарамағына тәртіпті адамдар келді, әрі бәрі де қалпында, ойдағыдай деп есептейтін болса, онда ол адам қателеседі - бұл мұнымен де бітпесе керек. Мойынсұнбаушылықпен, бағынбаушылықпен күрес туралы әңгіме айтқан кезде мен қарсылық білдіру деген сөзді «бунт» мағынасында емес, одан анағұрлым кеңірек мағынада түсінемін. Бұл жөнінде повесте кеңірек таратыңқырап жазылады. Командир мен оның қарамағындағы адамдардың өзара қарым-қатынасында демократизм элементтерінің болмағаны жөн, яғни әмір етушілер мен мойынсұнушылардың өзара қарым-қатынасында тек жалған демократизм бар, оның армияда мүлдем керегі жоқ. Командирдің берген жарлығы (бұйрығы) бұл бағынуға негіз болады. Қызмет барысында қарамағындағыларға әлсіз түрде берілген командадай ешнәрсе де зиянды бола қоймас. Команда (бұйрық) қалай берілген болса, солай орындалады да. Жай, дауысты болар-болмас қана көтеріп берілген бұйрық бір бөлек те, адамды орнынан қозғалтып жіберетін әмірлі үнмен берілген бұйрық бір басқа, мұндай бұйрық дәл, нақты орындалады. Сенімсіздеу үнмен әлсіз түрде берілген команда мен жарлық ешқандай дерлік нәтиже бермейді. Мен команда берген кезімде, менің командам, менің бұйрығым жауынгердің сана-сезіміне қаншалықты дәрежеде жеткенін әрі бұйрықтың қалай орындалатынын білу, сезіну үшін солдаттың көз жанарына қарайтынмын. Солдаттың көз жанарынан мен оның команданы қалай - жай тана ма немесе қызу құлшыныспен не талпыныспен орындай ма соны ұғатынмын. Менің айтқандарымды «оңға» не «солға» деп берілген бұйрық сияқты түсінбеңіздер. Мен бүл сөзді кең мағынада алып отырмын. Ұрыс кезіндегі бүкіл табыс командирдің өзі-өзіне сенімділігіне байланысты, дегенмен бұйрық бермес бұрын командирдің өзі бұйрықты терең ойланып, оның қаншалықты қажет екенін жан-жақты зерделеп алғаны жөн. Қарамағындағы жауынгердің алған бұйрықты орындау кезіндегі командирдің ерік- жігерінің қайтпастығына көзі жетуге тиіс. Армияда әмір ету үшін, ең алдымен, өзің ақыл- парасатқа жүгіне және қызмет талаптарына мойынсұна білуің керек. Командирдің ойланбай айтқан сөзі кейде полкке тым қымбатқа түседі. Мына мен полковникпін, полк командирімін, «дабыл» деп айқай салу маған неге тұрады, ал шындығында содан кейін-ақ мыңнан астам адам, арбалы керуен, аттар, артиллерия орнынан қозғала жөнелмей ме... Менің қарамағымда бір батальон командирі болған еді. Сол жөнінде айта кетейін. Жауынгерлер награда алғанның алдында ғана қолбасшы келіп кеткен еді. Басқалармен бірге бірі ақылды, екіншісі жеңіл ойлы екі комбат наградталды. Кешкі тамақ үстінде жеңіл ойлы комбат қуанышына ішіңкірейді. Оның тым жақсы қызып қалғанын байқап қалып, мен бөлімшесіне қайтуға бұйырдым. Өзінің бөлімшесіне келіп, ол өзінің батальонының жауынгерлік әзірлігін тексергісі келеді. Ол жалғыз-ақ «Дабыл» деген сөзді айтып еді, бәріде - адамдар да, аттар да, арбалы керуендер де абыр-сабыр болып, қозғала бастады... Жүздеген адам әзірлікке кіріседі, ал командир болса... жатқан күйі ұйықтап кетеді. Батальон жолға даяр болған кезде - бұл таңғы сағат төрт шамасында (солдат ұйқысының ең бір тәтті кезінде) оны түртіп оятады. Ол ұйқылы-ояу «тым ұзақ жиналасыңдар» деп міңгірлеген күйі қайта ұйықтап кетеді. Мен оны батальон командирі қызметінен (ол командир бұйрығының күшін түсіне алмады, демек командирлік ете алмаған) босаттым. Келесі күні мен батальонға демалыс беруге мәжбүр болдым. Демек ойланбай айтылған бір сөзің өзі әскери қызметке үлкен зиян тигізеді. Мұның бәрін есептей отырып, бұйрыққа төмендегідей талап қойылады: бұйрық барлық кезде терең ойланып, толғанып барып берілуге тиіс. Егер адамның ақымақтық жасаған ісінен өзінің ғана басы кетсе мейлі, ал егер де оның есалаңдығынан жүздеген адам қазаға ұшыраса, онда бұл қылмыс болғаны, кейде осының зардабынан көптеген жазықсыз адамдар қайғылы жағдайға, тағдыр тәлкегіне ұшырайды. Сонымен бұйрыққа қойылатын талаптарды айтып өтейін: 1. Команда немесе бұйрық дегеніміз - командирдің ерік-жігерінің көрінісі, оның жасаған шешімінің қорытындысы. Басқа емес, тап осындай бұйрық беруге қаншалықты қызметтік міндет талап ететінін түсіне білу керек. Бұл бұйрықты жүзеге асыруға керекті нәрсенің бәрі бірдей бар ма, соны білген жөн. 2. Бұл бұйрықты, осындай жағдайда орындап шығуға бола ма? Командир бұйрық берер, шешім қабылдар алдында ойланып толғанып алатын басты мәселе, міне, осы болмақ. 3. Бұйрықты орындауға қажетті күшпен және құралдармен қамтамасыз етілді ме, жоқ па, соны анықтап алу қажет. 4. Уақытты есептеу - бұйрықты орындау үшін қанша уақыт қажет. Есеп бес минуттың ішінде мынаны істей сал дейтіндей емес, нақты болғаны дұрыс. Бұл міндетті орындау кімге тапсырылады? Кез келген адамға бұйрықты орындауды тапсыруға болмайды. Бұйрықтың орындалуы адамдардың тағдырын шешетініне, бұл адамның бұйрықты орындап шығатынына, оған бұйрықты тапсыруға болатынына көз жеткізгеннен кейін барып қана тапсыруға болады. Әрбір қарамағындағы жауынгер кез келген бұйрықты орындауға қабілетті емес. Қол қоя салатын, жедел құртып жіберер Фамусов әдісімен бұйрық бермеу керек. Командир Фамусовтың еліктеушісі болмауға керек. 5. Бұйрық орындаушыларға жетерліктей дәл, түсінікті түрде берілді ме? Жатталған кеңсе тілімен «тап солай» деп келетін жауапқа сене бермегін. 6. Сондай-ақ, бұйрықтың орындалуының әдіс-тәсілі де ойластырылуы қажет. Келесі пунктіміз - бақылау. Бұйрықтың орындалуын, оның бұрмаланып кетпесін немесе ойлағандай етіп жүзеге асырылуын міндетті түрде тексеру керек. Өйткені ұрыс кезінде барлық нәрсе ойлағандай болып шыға бермейді. Сондықтан бұйрықты бере отырып, оның орындалуын көре, оны түзете білген жөн, сонда ғана оның нағыз бұйрық болғаны, ал егер бұйрықтың орындалатын пункттері сақталынбаса не ойластырылмаған болса, онда бос далбаса болғаны. Менің тәжірибемде командирлердің бұйрықты ойланбай берген жағдайлары ұшырасты, демек мұндай бұйрық барлық кезде орындала бермейді, тәртіп бойынша бұйрықты орындамағандығы үшін қарамағындағы солдат жазаланады, ал мен болсам мұндай жағдайда солдатты емес, бұйрық берген командирді жазалайтынмын. Командир өз бөлімшесі мен өз бөліміндегі солдаттардың сүйіспеншілігіне бөлене білгені жөн. Солдат болса, командирін жақсы көріп, оны көрген кезде одан именіп тұруға, құрмет көрсетіп, қауіп-қатерден қорғап қалуға тиіс. Қара қылды қақ жарар әділ командирдің қаталдығы жауынгерлер арасында танымал болуына негіз болады. Бұйрық әбден ойластырылған болуы керек. Солдатты тек істеген ісі үшін оның адамгершілік абыройына тіл тигізбей, тимей жазалау қажет, мұндай жазалау зұлымдыққа жол бермейді және командирдің атақ-беделіне, абыройына да нұқсан келтірмейді, солдат әділ жазалауға төзеді. Әділетсіздік ашу-ыза туғызады, бұқара көпшілік оған төзе алмайды. Әділ командир артына жалтақтамаса керек. Өз жауынгерлерінен сескенушілік, қорқушылық - бұл барып тұрған бақытсыздық, сорлылық, өз адамдарыңнан қорықпау үшін әділ болған жөн. Командирдің қамқорлық жасауы неден көрінеді? Рас, оның қолында жемшөп те, жабдықтар да, киім-кешектер де бар, бірақ оның басты қамқорлық жасайтын мәселесі - қару-жарақты және өзіне сеніп тапсырылған адамдарды сақтау. Ал қалған қамқорлық жасайтын мәселелер -- адамдарды сақтауға қатысты жасалынады. Командир солдатқа өнегелілігімен ықпал жасай білгені жөн, ал жауынгердің көңілін тауып, қарапайым да ұғынықты тілмен сөйлесе, оның жүрегіне жол таба білгені жақсы. Ал солдаттың жүрегіне жол табу оңай емес. Командирді қарамағындағы жауынгерлер барлық уақытта, барлық кезде және барлық жағынан да үлгі-өнеге тұтатын болсын; сонда ғана ол әділ түрде өзінің әскери мундиріне, шен-шекпеніне мақтана алмақ. Сонда ғана командирдің иығындағы погоны мен омырауына тағылған жарқыраған ордендері солдаттардың көзіне жағымсыз көрінбей, қайта күн сәулесіндей жарқ-жұрқ етіп ерекше әсер етпек. Солдат мұндай командирді құрметтеп, мақтан етеді. Командир жақсы, атақты, беделді болса, солдаттарға да ұнамды, сүйкімді. Жақсы да емес, көп атағы шықпаған командирдің солдаттарға да онша сүйкімі бола бермейді. Командир байқағыш, көргенін қалт жібермейтін қырағы, психолог, жауынгердің жан жүйесіне үңіле алатын қабілетті басшы болуға тиіс, солдаттармен жақсы қарым-қатынаста болуға, олардың ішкі жан дүниесін түсінуге ақыл-оймен ғана қол жеткізбей, таза ақ жарқын көңілмен және солдаттардың иығына түскен ауыр жүкті бөлісе білуімен де қол жеткізіледі. Қарым-қатынаста өзін тым жоғары ұстаушылық солдаттардың намысына тиеді. Субординация, яғни кіші қызметкерлердің өзінен жоғары қызметкерлерге бағынуы деген ұғым бар. Бұл ұғым екі түрлі мағынаны білдіреді: шен-шекпені, әскери атағы жоғары адам өзінен атақ дәрежесі, шен-шекпені төмен адамға кекірейіп, менсінбей қарамай, өзінің қанды көйлек қарулас жолдасы, отандасы, ер азамат, адам ретінде қарап, оның барлық жақсы қасиеттерін сыйлауға тиіс, әскери тәрбиелілік пен офицердің өзін-өзі ұстау мәдениетінің мәні де осында. Жоғарыда айтылғандардың бәрінен шығатын қорытынды: командир творчестволық ақыл- ой мен іс-әрекеттің адамы болуға тиіс, оның офицерлік абыройы мен намысы да осыған байланысты. Офицер жөнінде әңгіменің соңында тағы да қосымша тоқталармын, ал әзірше осыменен шектелмекпін. Шығарма «Әдеби KZ» порталынан алынды. Жалғасы бар

Соңғы жаңалықтар