«Қанмен жазылған кітап: Командир жауынгердің жүрегіне жол таба білуі қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған тарихи маңызды айдарды әрі қарай жалғастырамыз. ҚазАқпарат Халықаралық агенттігі бұдан бұрын Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынған болатын. Шығарма оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Біз алдағы уақытта батырдың «Қанмен жазылған кітабын» сіздермен бірге оқуды жөн көріп отырмыз.

«Қанмен жазылған кітап: Командир жауынгердің жүрегіне жол таба білуі қажет

Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық.

***

Солдат сезімінің нәзіктігі мен оның ішкі мәдениеттілігі, адамгершілігі туралы бірер сөз айта кетейін. Соғыстағы солдаттардың арасында өзара қарым-қатынас көп адамдарға өте дөрекі көрінетін сияқты, күйеуі әскери қызметші кейбір әйелдердің тілінде күні бүгінге дейін «Сіз менің жан-жүрегімді солдаттың керзі етігімен басып өттіңіз» деген тіркес қолданылып келеді, ал шындығында жағдай бұлай емес, майдандағы солдат кейбіреулер ойлағандай соншалықты дөрекі емес, мен кез келген сүйген әйелдің бойындағы өте бір нәзіктік, биязылық, инабаттылықтан да солдаттың жаны нәзігірек, қайырымдырақ деп айтар едім, өйткені ұрыс дегеніміз - адам бойындағы барлық сезімдердің шарпысуы, шиыршық атуы ғой.

Егер байыптап қарасақ, онда (ұрыс жағдайына) жауынгерлік өмірге,оның қайғылы тәжірибелеріне байланысты адам не нәрсеге қабілетті болса, соның бәрінде де - шынайы, ішкі әдеп пен инабаттылық, жылы шырайлылық бар. Сенің жан дүниеңді қысылшаң жағдайда жауынгер жолдасымнан мәңгі көз жазып, айырылып қалуым ықтимал деген ой үнемі мазалар болса, әрі оның өлімінен кейін сенің көмегің мен демеуіңе енді мүлдем ділгер емес, сен үшін өмірін қиған жанға қол ұшын да бере алмағандығыңа өзіңді өмір бойы налып азапқа салып өтер болсаң, сірә, қарулас қанды көйлек жолдасыңның саған артқан міндетінен қалайша бас тартып, оны ренжіте алмақсың. Өлілердің аруағының алдында қайтіп кешірім сұрамақсың, оның құлағына сенің үнің жетер ме? Қалайша дөрекілік көрсетіп, ренжітуге болады? Ұрыс адамдарды ауызбіршілікке, ұйымшылдыққа жұмылдырады. Солдаттардың арасында қалыптасқан жауынгерлік ынтымақтастық мызғымас берік болатыны да сондықтан. Рас, дөрекі қарым-қатынас жасау түсінбестік салдарынан сапта жүруге үйрету кезінде орын алады, өйткені сапта жүруге үйретудің басты мақсаты ұрыс талаптарына үйрету, жаттықтыру болып табылады, жаттығуда команда мүлтіксіз орындалатын қасиетті нәрседей солдатқа дарытылады, онда қимыл-қозғалыс, жүру кезінде ешбір қиналмай-ақ команданы еркін, автоматты түрде орындауға қол жеткізіледі. Осындай түсінбеушіліктің салдарынан бәріне бірдей күйе жағуға, «солдат» деген сөзді оның ішкі мазмұнына мүлдем көңіл аудармай дөрекілік «символына» айналдыруға болмас. Жоқ, бұлай ойлағандардың көбісі қателеседі. Мен солдаттан нәзік, биязы жан жер бетінде жоқ деп сенімді түрде айта аламын.

Командир - басты тұлға, әскердің миы, ұрысты ұйымдастырушы, жеңіске жеткізуші адам. Командир туралы пікір айтып, жазған кезімде, мен командирдің творчестволық адам екенін дәлелдеймін. Біздер әдебиетшілерді, суретшілерді, композиторларды творчестволық еңбектің адамдары деп атаймыз, алайда біз ұрыс пен соғыс тек ғылым ғана емес, сонымен қатар өнер де деп айтатын болсақ, онда бұл өнерді - ұрысты ұйымдастырушы мен жүргізуші - ол да творчестволық тұрғыдан ойлаушы, жасаушы адам болғаны емес пе?

Командалық ету дегеніміз - өзіңнің әбден байыпталған еркіңді орындауға еріксіз көндіру, әмір ету, өмірде өз творчестволық ойыңды тайсалмай жүзеге асыру деген сөз, мұны әскери терминологиямен айтқанда түпкі ойдың шешімі дейді. Солдаттың алғашқы ерлігі - бұл совет офицерінің еркіне мойын ұсыну, бағыну. Офицердің алғашқы ерлігі - халықтың атынан, мемлекеттің атынан әмір ете білу. Халық атынан әскери ерлігі үшін алғыс айтып, жігерлендіре білу, оны біздер жауынгерлік құрмет көрсету дейміз. Армиядағы ең қиын шаруа мойынсұну, бағына білушілік, ал әмір ету - мойынсұнуға қарағанда одан да қиынырақ іс. Ойланып тұжырым жасау ойлаған нәрсені орындағаннан күрделірек. Нағыз ақылды командирдің жасаған шешімі - бұл да ауыр творчестволық еңбек, ол оның творчестволық ойының жемісі болып табылады. Мәселенің дұрыс шешімін тауып, қарамағындағыларға бұйрық бергенше, командирдің іштей қаншама ойланып, толғануына, уайым-қайғы жеуіне, қиналып, мазасыздануына, толқуына тура келеді. Шаблон - қатып қалған үлгі - творчестволық шешім емес, әрі ол көбінесе жеңіске қол жеткізе бермейді. Жауынгерлік бақыт ұрыста командирге кездейсоқ келмейді, жеңіспен келеді, ал басшының өзі табысқа жеткізуші тұлға болмақ. Егер әскерді жеңіске жеткізген ұрыс қимылдарының себебіне терең талдау жасауға тырысып көрсек, онда командирдің түпкі ойы бойынша ұрысты ұйымдастыру мен оны жан-жақты қамтамасыз етудегі, ұрыс тәртібіне көшіру, алда болатын ұрысты мұқият талдау мен оған әзірлену және жүзеге асырудағы ойлы да белсенді командирдің тұлғасы байқаусыз қала алмаса керек-ті. Өз міндетіне ойлы көзбен қарау - командир қызметінің творчестволық негізі болып саналады.

Ұрыс жағдайында көбінесе командирдің жалғыз болуы жағдайға байланысты қажеттіліктен туады, өйткені сын сағатта, шешуші кезеңде қарамағындағылардың бәрінің назары қандай шешім жасар деп командирге қадалады, ал оның жүзінен мұндайда күдік те, қорқыныш табы да білінбеуі керек. Командирдің толқуы - қарамағындағылардың толқуы, командирдің қорқынышы - батальонның қашуы болмақ. Командир өзінің бойындағы арпалыс сезімін, қорқынышын жеңбей, жалпы ұрысқа кіруге қақысы жоқ. Ұрыс кезіндегі командирдің міндеті - ерлікпен өлу емес, жауынгерлік тапсырманы орындап шығу, демек командир қоян-қолтық, қолма-қол айқастың ғана солдаты емес, ақыл-парасаттың да солдаты болғаны жөн.

Бүгінгі күннің сәтсіз тәжірибесі ертеңгі сәтті істердің хабаршысы болуға тиіс және де офицерге оның сәтсіздігін көрсетуден қорқу, тайсақтамау қажет. Командир жан-жақты, өте сауатты, қатал да қара қылды қақ жарар әділ, адал және өзі жасаған шешімінің дұрыстығына тайсақтамай, сенімді болуға тиіс. Офицер адамгершілігінің, ар-намысының және абыройының мәні де осында жатса керек. Тек осындай командирден ғана солдат, оның болмысынан мемлекеттің өкілін - әділ төрешіні, қатал айыптаушыны, қызу қорғаушыны, қамқоршы әкені көріп қаймығады, қорқады, сыйлайды, оны әділдігі үшін жақсы көреді, оның ар-ожданына мысқалдай да күдіксіз, толқусыз толық сенеді. Жауынгер оған сенеді, оның қаталдығы мен әділ талабының алдында басын қара жерге жеткенше иеді. Солдаттың жан дүниесіне ене білу керек, оның сана-сезіміне, психикасына ықпал етіп, басқара білген жөн, қызмет мүддесі жолында оның жанды жеріне де тиіп, ойластырылған қимылдарды, қойылған міндеттерді орындау, жүзеге асыру үшін оны барынша жұмылдыру қажет, солдаттың барлық қасиеттерін -- моральдық және күш-қуатын, қажыр-қайратын білген дұрыс, солдаттың өсіп-жетілуіне көмектесіп, оның бойына ұнамды, жақсы, озық қасиеттерді дарытып, жауынгерлік достыққа, өз бөлімін туған жауынгерлік семьядай сүюге тәрбиелеу қажет. Бұл - командирдің қасиетті міндеті, борышы болуға тиіс.

Үнемі тынымсыз бақылап отыру қарамағындағыларға сенімсіздік көрсету емес, бұл - жұмыс мәдениеті, ол бұйрықты орындаушылардың бойында әрбір адамға тән алғашында іштей қарсылық білдірушілікті баса, тарқата отырып, қабылдаған шешімді қалай болған күнде де, кез келген жағдайда іске асыруға деген командирдің кайтпас ерік-жігеріне сенімділік тудырады, солдаттың сана-сезімін өз күш-қуаты мен қабілетін алған міндетті дәл орындап шығуға қолдану қажеттігіне жұмылдырады. Офицер еш уақытта да өзінен шені төмен адамдарға тәкаппарсынып, менменсініп қарауға, үнемі қитығына тиіп, оларға қазымырлық көрсетуге, дөрекі ескерту жасауға, құрғақ ақыл айтып, айқайлап, тіл тигізуге жол бермеуге тиіс, адамның адамгершілігін, жауынгердің мундирі мен абыройын құрметтеу, сыйлау - совет офицерінің негізгі қасиеті болмақ.

Командир жауынгердің жүрегіне жол таба білуі қажет, ол солдаттың сыр сандығының кілтін өз қолына ала білгені жөн. Солдаттың сыр сандығының үш кілті бар: ол - ақыл, ерік, сезім. Ашу-ызамен емес, ақыл-парасатпен үйрет, мейірімділікпен, ынта-ықыласпен үйрет, бірақ жөнсіз мақтама, орынсыз жекіріп сөкпе, даттама, қояншығы ұстаған адамдай құр босқа айқайлап бақырма, орынды жерде қатал бол. Қаталдық әділ болсын, ол еш уақытта солдаттың бойындағы адамгершілік сезіміне, намысына тиіп қорламайтындай болсын. Қаталдық азаматтық мінез-құлық нормасы шегінен асып кетпеуі қажет. Осыдан келіп командирден қарамағындағы жауынгерлерді жақсы білу, оларды үйрете білу, тәрбиелей білу, басшылық ете білу талап етіледі. Жүздеген, мыңдаған адамдардың тағдыры командирдің қолында. Ол адамдарға жеке үлгі- өнеге көрсету, көзін жеткізу жолымен де, сондай-ақ мәжбүр ету арқылы да ықпал ете білуге міндетті. Ол қайткен күнде де жан-тәнімен беріле темірдей әскери тәртіп орнатуға қол жеткізеді. Ол тез арада дүрлігушілердің, ит көрген ешкі көзденіп үрейленушілердің екпінін басып, олардың тізгінін өз қолына ала білуге әрі адал жауынгерлерге отан алдындағы өз борышын ақырына дейін орындап шығуына мүмкіндік беруге тиіс. Өйткені командир - жеңістің атасы, табандылықтың жан жүйесі, тұтқасы (оның табандылығына байланысты оған бағынатын адамдар барлық күш-қайратын аямай жұмсайды), ол коллективтің абыройы - оның абыройы, коллективтің масқара қарабет болуы - оның масқара қарабет болуы екенін бір сәт те ұмытпай, ешбір асып-саспай, толқымай, ойланып жатпастан ұрыс даласынан құрыш қолымен арам шөптерді түп тамырымен жұлып алғандай қорқақтар мен үрейшілерді аяусыз жазалайды, оның тағдыры жауынгерлердің тағдырымен тығыз байланысты, оның ұрыстағы өмірі өзі басшылық ететін жауынгерлік коллективке тәуелді.

Командирдің жеке үлгі-өнегесі басқару құралы болып табылады, үлгі-өнегені оған деген қажеттілік болған жағдайда ғана көрсеткен жон, сонда ғана ол орынды, ықпалды болмақ. Жеке үлгі-өнегені көрсеткен кезде еліктіріп, қалған жауынгерлерді тегіс өз соңынан ілестіріп ала кететіндей етіп жасай білген жөн. Батырлық дегеніміз - қойылған тапсырмаларды орындау мүддесі тұрғысынан ұрыс даласында солдаттарды ұстап тұра білушілік. Сақтық жасай отырып, батыл түрде қимылдау - батырдың басты қасиеті болса керек-ті. Көзсіздік - батырлық емес, есерсоқтық. Командир көзсіздік жасап, батыл, батылдық, табандылық көрсетпей есті бола алмаса керек. Командирдің ұрыста берген командасының тек басқару құралы ретінде ғана емес, күресті жеңіспен аяқтар солдаттың бойындағы парыз сезімінің қорқыныш сезімін жеңер құрал ретінде де баға жетпес үлкен мәні бар. Жауынгерлерді қатаң тәртіптілікке, ең алдымен өзін-өзі ұстай білетін, тәртіпті мүлтіксіз сақтайтын, тәртіп жағынан үлгі-өнеге көрсететін, қарамағындағылардың сеніміне ие болған әрі солдаттардың арасында оларға әділ болып, жеке басы мен абыройын құрметтеп, олардың мұқтажы мен қажеттіліктері (рухани қажеттіліктерді қоса) жөнінде үнемі қамқорлық жасап, солдаттармен жақын араласып, бірақ барлық мәселеде де сөзсіз қатаң талап қоюшылығымен сүйіспеншілікке бөленген командир ғана үйрете алады. Командир барлық уақытта, барлық жағынан үлгі-өнеге тұтарлық адам болуға тиіс. Тек сонда ғана ол үстіне киген мундиріне мақтана алуға қақысы бар, оның киімінің жылтыраған түймесі мен жағасы солдаттардың көзіне көзге шыққан сүйелдей көрінбей, қайта жауынгерлер өз командирін мақтаныш ететін болады. Командирдің атағы, беделі артып, жауынгерлердің арасында сүйіспеншілікке бөленген сайын солдаттар да ілтипатпен, құрметпен қарайтын болады. Сүйіспеншілікке бөленбеген, беделге ие болмаған командирге солдаттардың ілтипаты да төмен. Әділ түрде жазалаушылық командирге деген сүйіспеншілікке нұқсан, кір келтірмейді. Әділетсіздікке солдаттар төзе алмайды. Әділ, ары таза командир артқа қарап жалтақтамайды. Қарумен қатар командирдің жарағында өзінің қарапайымдылығымен, шыншылдығымен солдаттардың жан дүниесіне қозғау салар, олардың жанды жеріне дөп тиер жауынгерлік сөз болғаны жөн. Командирдің қолында жауынгерге ықпал ететін көз жеткізуден бастап мәжбүр етуге дейінгі барлық құрал түрі жинақталынған. Командир дегеніміз - өкімет, ал қажет болған жағдайда бірде-бір өкімет мәжбүр етуден бас тартқан емес. Командирдің қаталдығы әбден ойластырылған, байыпталынған қаталдық болғаны жөн, өйткені соғыстың ауыр, жанға батар қайғылы кезеңі командирден аяусыз қатал да сұсты болуды талап етеді.

Соғыс бағыну мен мойынсынуда бейберекетсіздікке төзбейді. Әділ түрде аямай жазалаушылық дегеніміз - гуманизм, бүл да адамды сүюшілік емес пе? Командир атқа таңып қойған ебедейсіз тұлып емес, ол додаға түсер нағыз шабандоз болуға тиіс. Егер офицердің бейнесін оны өсу үстінде, жағдайдың барысын жіті қадағалап отыратын, одан жеңісті қамтамасыз ететін жаңа нәрселерді таба алатын, қалыптасқан ахуалды дер кезінде бағалап, талдай білетін және жинақтап, қорытынды шығара білетін және күні бойы өз ойын айтып сарнай бермей, солдаттың әлі жеткізе қоймаған тың ойларын дамыта алатын етіп көрсеткен жағдайда күшті болмақ; өйткені көпшілік бұқараның жақсы нәрселерін қабылдап, оны жинақтау - бұл басшының қиын да күрделі міндеті мен парызы. Түсіну талдаудан гөрі әлдеқайда күрделірек. Кейбір авторлардың шығармаларында генералдар мен офицерлердің бейнелері қызмет ету мен ұрыс тәжірибелерінен және дұшпаннан үйрене отырып, соғыстың барысын біртіндеп байыптап-түсінетін адам етіп, табиғи өсу үстінде көрсетілмей, олар сөйлеген кезде аузынан үнемі ақылды сөз ғана шығатын, зерделі адамдардың үлгісі етіп суреттелінеді. Сондықтан «үнемі үйрету керек» деген девизді «үнемі үйрену керек» деген девизбен алмастырып, қарамағындағыларды «менің полкым - менің академиям» деген принцип бойынша үйрету керек. Рухы мен ерік-жігері мықты, берік мызғымас тәртіппен біріккен ұйымшыл жауынгерлік коллективті тәрбиелеу, міне, командирдің басшылық ете білу өнерінің жиынтығы да осында жатса керек.

Егер автор командирдің ұрысқа кірер алдындағы ой толғанысын, күні бұрын ұрысты ойлап уайым-қайғы жеуін, ерік-жігер күші мен өз қабілет-қарымын қару- жарағы мен халқының және өзіне сеніп тапсырылған солдаттардың ар-намысы алдында сынауын, яғни бұрын өзім айтқан «ақыл мен ақылдың күресі», «өз бойындағы арпалысқан сезімдерді жеңуді» түсіне алған болса, онда ол генерал мен офицердің бейнесі бұдан жарқын шыққан болар еді. Ең қиыны - шыдамдылық, төзімділік, байсалдылық пен сабырлылық көрсету, творчестволық тұрғыдан дұрыс, парасатты ойлай білу. Офицердің бейнесі арқылы басшылық ету психологиясын майданда қалай болса, солай етіп көрсету қажет. Мен бұл анықтамаларға тым ұзағырақ тоқталып отырған себебім - мұндай қасиеттерді ашып көрсетпейінше, әдебиетте нағыз офицердің, командирдің бейнесін жасау мүмкін емес. Офицерді терең түсінбейінше, ұрыс пен күрестің мәнін де терең ұғына алмайсың. Сонымен, командир - жеңіске жеткізуші адам күннің төңірегін айналып жүретін планеталар сияқты, барлық мәселелер оның төңірегінде қозғалыста болып, шешіліп жататын басты тұлға екен.

Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды.

Жалғасы бар