«Қанмен жазылған кітап». Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм - жеке адамның ең асыл қасиеті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған тарихи маңызды айдарды әрі қарай жалғастырамыз. ҚазАқпарат Халықаралық агенттігі бұдан бұрын Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынған болатын. Шығарма оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Біз алдағы уақытта батырдың «Қанмен жазылған кітабын» сіздермен бірге оқуды жөн көріп отырмыз.
None
None

Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық.

***

Өзара көмек көрсету және коллектившілдік сезімі - әскери парыздың маңызды да міндетті элементі, жолдастық, топтық-қоғамдық сезімнің асыл белгісі. Адамның басына түскен қайғыны бөлісе білушілік - адамның бойында коллектившілдік сезімді тәрбиелеудің нәтижесі, ортақ мақсатқа жетуге көмектесу, жолдасыңның қазаға ұшырауы оның өзін де әлсірететін тікелей қауіп екенін, ортақ мақсатқа жетумен және өз басын сақтап қалу мүмкіндіктерін азайтатынын білдіретінін сезе отырып, бар күш-қуатыңмен, қабілет-қарымыңмен жауынгер коллективтің бөлшектеніп ыдырап кетуіне жол бермеу. Бұл сезім басшы мен оның қарамағындағылардың, жауынгерлік бірліктің, жауынгерлік ынтымақтастықтың моральдық негізі болып табылады, ол «бірі - бәрі үшін және бәрі - бірі үшін» деген принципке негізделген немесе қазақтар айтатынындай: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегіні алады», «Бірліксіз тірлік жоқ». Сөйтіп, офицерлердің міндетті түрде солдаттың бойында ортақ мақсатқа жұмылдыратын, бірлікке шақыратын коллектившілдік сезімін тәрбиелеуге, дарытуға және бекітуге ерекше көңіл бөлгені жөн. Бұл сезімді халықтың дәстүр-салты, жауынгерлік дәстүр, сондай-ақ бірыңғай әскери киім үлгісі, ұрыс жүргізу тәсілдеріне бірыңғай түрде үйрету, мақсаттың бірлігіне сенімді бекітіп, дамыта түседі. Солдаттың сана-сезіміне: бөлімшенің әлсіздігі - оның әлсіздігі, бөлімшенің масқара болуы - оның масқара болуы, бөлімшенің даңқы - оның даңқы, бөлімшенің намысы - оның намысы, бөлімшенің сәтсіздігі - оның сәтсіздігі, табысы - оның табысы екендігін жеткізу қажет. Ол өзі қызмет етіп жүрген жауынгер коллектив - оның жауынгерлік семьясы болып табылады, бұл семьяның тағдыры оның жеке басының тағдырымен ажырағысыз байланыста. Бұл жерде мен бұрынғы қолжазбаларымдағы қорқыныш жөнінде айтылған пікірден бірде-бір жол үзінді келтірмеймін, дегенмен бәрібір оған қосымша ретінде бұл барлық тіршілік иесіне тән сезімді классификациялау ретіне байланысты бірнеше сөз айта кету қажет деп санаймын. Үрей - қиыншылық, қайғы-қасірет, жапа шегуді және басқа да жағымсыз нәрселерді күтуге байланысты туатын сезім. Қорқыныш - өлім қаупіне, адам шығынына және басқа да ауыр әрі азапты оқиғаларға алып келуі ықтимал жағдайды күтуге байланысты адам бойында туатын сезім. Жан қиналысына, денеге оқ, жарықшақ тиіп жарақаттауға, аяқ-қолды жұлып кетуге, өлім, яғни жеке адам өміріне үлкен зардабы тиетін сұрапыл ауыртпалықтың төнуіне байланысты қорқыныш сезімі пайда болады. Зәресі, үрейі ұшу дегеніміз - адам бойындағы қорқыныш сезімінің кейіннен үдей күшейе түсуі, қорқыныш сезімі ойламаған жерден, қауырт туып, сана-сезімді билеп алады, адам бір орнында қаққан қазықтай қалшиып қалады, оның денесінің бәрі жансызданып қалғандай - жүйкесі босап, бұлшық еттерінің әл-дәрмені кетіп, тірі өлікке айналғандай, былайша айтқанда, адамның ішкі «мені» толық түрде бей-берекетсіздікке ұшырайды. Сасу - тобырға қорқыныштың таралуы. Үрей, қорқыныш, зәресі, үрейі ұшу, сасу өзін-өзі сақтау инстинктінің көлеңкелі жақтарынан, бір қалыпты әрі қауіпсіз тіршілікті аңсаудан туады. Айтылған сезімдер адамның ақыл-ойының жұмысын әлсіретіп, ерік-жігерін нашарлатады, сезім мүшелерінің қалыпты жұмысын бұзады, содан бұлшық еттер түйіліп, жүрек соғысы жиілейді, сөйтіп бұл сезімдер адамды ақылмен, сезіммен басқара білуден, ерік-жігерінен, бір қалыптылығынан айырады, адам хайуанға тән өзін-өзі сақтау инстинктіне, үрейі ұшу, қорқу сезімдеріне тап болады. Үрейі ұшу, қорқу сезімі барлық тіршілік иелеріне тән, әрі оны жан дүниесінің күшімен - интеллектпен, адамның жоғарғы саналылығы - ерлік, өзін-өзі ұстай білу, жеке басының қасиеттері - парыз, ұят, ар-намыспен, қатаң әскери тәртіппен, командирдің жеке өнеге-үлгісімен, оның өктем ерік-жігерімен, беделімен, бұйрық пен жарлық берген кезде солдат барлық уақытта: командир қай жерде болса, сол жерде қауіп аз; командир қорықпайды екен, демек қорқатын да дәнеңе жоқ сияқты, бірақ та командир жүрексіздене бастаса, онда сенімділік болмаса, демек қауіпті, қатерлірек бір нәрсенің болуы мүмкін деп ойлайтынын еске алып оның даусындағы қорқынышты сейілтіп, қарамағындағы жауынгерлердің бойына сенім ұялататын әмірлі үнімен оп-оңай-ақ басып, жоюға болады. Бұл сезім көбінесе дұшпанның ойда жоқта, аңдаусызда күтпеген жерден жасаған іс- әрекетінен «өліп, мерт болып кетуім мүмкін-ау» деген психикаға қатты әсер ететін ойға байланысты туады. Әскери уставта моральдық тұрғыдан да үлкен мәні бар жауынгерлікті қамтамасыз етуге, үздіксіз барлау жүргізу мен күзетке қоюға байланысты мәселелерге үлкен маңыз беріп, оны бірінші орынға қоюы сондықтан. Далалық уставтың 93-параграфында былай деп анық жазылған: «Әскерлерді жауынгерлік тұрғыдан қамтамасыз ету мынандай мақсатты көздейді: әскерді дұшпанның жерден және әуеден тұтқиылдан жасаған шабуылынан сақтандыру, оларға еркін қимыл жасау және ең қолайлы деген топпенен ұйымдасқан түрде ұрысқа кіру мүмкіндігін қамтамасыз ету». Қорқыныштың алғашқы белгісі байқалысымен-ақ, өктем де тура айқын берілген бұйрық пен команда бойды билеген үрейді ұшырып, іштей қобалжуды басып, тіпті қапыда қалып, бас сауғалап кеткен адамның өзіне күш-жігер береді. Дұрыс тәрбиелей білушілік, қарамағындағылардың психикасына дұрыс ықпал ете алушылық пен парасатты түрде берілген бұйрық қана - қару-жарақ пен туға, жауынгерлердің өміріне қауіп төндіріп тұрған қорқыныштың алдын алудың, оған жол бермеудің, сақтап қалудың, жауынгерлерді абыройсыздық пен масқара болудан аман алып қалудың сенімді құралы. «Әмір ете білу керек» деген девиз әрбір офицердің туына үлкен әріптермен жазылып қойылуға тиіс. Үміт үзу - жағдайдың мүлдем үмітсіздігі мен тығырыққа тірелуін ұғыну мен өлім қаупінің сөзсіздігіне байланысты туатын сезім. Өйткені әскери адам үшін (оның мамандығы осындай) қазаға ұшырау - солдат кәсібінің салдары, қалыпты нәрсе болып табылады және де әскери устав ұрыс жағдайы талап еткен жағдайда өзін өлімге қиюға тәрбиелеуге міндеттейді, жеке адамның мерт болуы, әскери адам үшін (әскери емес адамдарда болатын) ақтау бола алмайды. Дегенмен жеке адам өлімі үлкен игілікті іс жауды жеңу жолында онша үлкен қайғы, соншама зор құрбандық болып көрінбегенімен, әскери адам бойында үміт үзу, торығушылық туғызбауға тиіс, солай болғанмен де ол белгілі дәрежеде бәріне ортақ, жалпы сезім (өйткені солдат та тірі адам, оған да адам бойындағы әлсіздік қасиеттер тән) болып табылады. Тек мынандай айырмашылықтарымен әскери адам үшін жеке адам өлімі болуы мүмкіндігі күтпеген нәрсе емес, өйткені ұрыс даласында күн сайын, әрбір минут сайын өлім қаупі төнеді. Әскери адам кез келген күтпеген оқыс жағдайдан абдырап, сасып қалшиып тұрып қалуға тиіс емес, қайта оқыс жағдай оның ақыл, ерік-жігерін, сезіміне от беріп бұрынғыдан батылырақ, ептірек қимылдауға жұмылдыруға, итермелеуге тиіс. Тез арада бойды күшпен жинап алушылық әскери адамды абдырап, сасқалақтап қалудан, әрекетсіздіктен, есепсіз қозғалыстан, бәрі де бітті деп санаған тығырық жағдайдан батыл түрде өзін алып шығуға мүмкіндік береді. Өмірге деген құштарлық, өлімді жеңіп, аман қалуға ерекше ұмтылу ниеті - адамды өлім қаупін жеңуге, өлімге қарсы баруға, қайнаған ыза-кекпен өмір үшін өлімді жеңуге итермелейтін ұрыс кезіндегі басты қозғаушы күш. Өмір - солдаттың туы. Менің солдат ұрысқа өлу үшін емес, өмір сүру үшін барады, ал өмір сүруге деген үміт оты солдаттың жүрегін жылыта түседі деп дәлелдей айту себебім сондықтан. Солдат өмір сүру үшін, осы жолда өмірін қияды... Өжеттілік, қайсарлық - жауынгердің тіпті мүмкін емес деген жағдайдың өзінде абыроймен өлімге бас тігуге тәуекел етушілік, игілікті құлшыныс. Ерік үмітсіздік бұғауын үзіп, адамның бүкіл жан дүниесі мен тәнін ширықтырып құлшындыра түседі, мұндай іс- әрекетті күтпеген әрі өзінің құрбандығына душар еткеніне сенімді дұшпанға беймәлім жолмен оқыс соққы беруге жетелейді. Өжеттілік - дұшпан үшін мүлдем күтпеген нәрсе, бұл жағдай ең алдымен моральдық тұрғыдан есеңгіретіп тастайды, мұндай батыл қимылдан есін жинай алмай быт-шыт болған дұшпан лезде бірнәрсе қабылдай қоярлық қабілетінен айырылады Дұшпанға жай оғындай тию өз нәтижесін береді, үміт үзушілік, торығушылықты салтанатты көңіл күй басады, әрине мұның өзі адам шығынынсыз болмайды, бірақ адам өлімі өжеттілік көрсеткен жағдайда сирек ұшырасады. Сонымен ақырында әскери адам үшін қажу, торығушылық, үміт үзушілік, сенімсіздік деген болмайды, ешқашан өмірде үміттене алмаған адам ғана үмітін үзе алады. Қазақтар: «үмітсізден үміт қашады, үмітті асқар таудан асады»,- деп өсиет айтады. Патриотизм - Отанға (мемлекетке) деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы қоғамдық-мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзіңнің мемлекетке тәуелді екеніңді, мемлекетті нығайту дегеніміз - жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз - мемлекет деген ұғымды, оның жеке адаммен барлық жағынан өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатысын біріктіреді. Отанға деген сүйіспеншілік қана соғыс кезіндегі өлімді моральдық тұрғыдан ақтап, соғыс ісінің адамгершілік негізі бола алады. Барлық кезде патриотизмді дерексіз, ұзақ-сонар сөзбен ұғындырудан, көбінесе мемлекетке берілген адамның мақсат-мүддесімен байланыссыз түсіндіруден қашу керек. Осы мәселеге қатысты мен 1941 жылы «Үкім» деген атпен бірнеше бетке ой-пікірімді жазған едім, ол ойларым Александр Бектің «Панфиловшылар алғы шепте» деген алғашқы повесінде толық түрде көрініс тапты, сондықтан мен осымен шектелгім келеді.Патриотизмнің маңызды элементтерінің бірі - онымен етене байланысып жатқан ұлттық рух пен ұлттық патриотизм жөнінде айтып өту қажет. Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм - бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті - өз халқына деген сүйіспеншілігі, жеке адам өз халқымен қан жағынан да және шыққан тегі, территориясы, тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық және этнографиялық ерекшеліктері, қалыптасқан тарихи дәстүрлері жатынан да әбден айқын әрі дербес басқа қасиеттері және ерекшеліктерімен де байланысты. Мұның бәрін міндетті түрде есепке алу үшін әрі бұл сезімді әскерлерге күш-жігер беретін мықты құрал ретінде пайдалана отырып, патриотизм, отанға, ұлтқа сүйіспеншілік ұғымының жалпы арнасына бағыттап жіберу үшін білу қажет. Менің қолжазбамда былай деп жазылған: «Қазіргі заманғы соғыс - саяси соғыс, біріккен ұлттардың соғысы болып табылады, оған біздің Совет мемлекетінің барлық халқы қолына қару алып қатысуда. Олар бірлесе күш салғанда ғана жеңіске жетеміз». Әрбір командир жауынгердің бойында патриоттық сезімді дамыту үшін күнделікті, практикалық әрі дұрыс та саналы түрде жұмыс жүргізудің сөзсіз қажеттігін терең түсіне білуі тиіс... Барлық халық барлық ұлы да тамаша нәрселер жасауға қабілетті. Біз үнемі лайықты бауырмалдық қарым-қатынас жасауға әрі кез келген ұлт пен халықты құрметтеуге тәрбиелеуіміз керек. Ұлы орыс ұлтының орта тобынан шыққан кейбір өкілдері басқа шағын халықтарға «екінші сортты» адам деген оймен қарауына мүлдем жол бермеу керек, мұндай қате, мәдениетсіздік көзқарас - өте зиянды. Өкінішке орай, олар мұндай көзқарастарымен ұлттық тудағы асқақ озық жоғарғы идеяны шовинизмнің жиіркенішті ұсақ-түйегіне айырбастай отырып, бірінші кезекте, ең алдымен өз ұлтының ұлы абыройына кір келтіреді. Орыс жолдастарға қатысты бұл кесірлілікті Калинин «орыс берекесіздігі» деп атаған. Практикалық жұмыста барлық кезде де ұлтшылдық пен ұлттық рух ұғымын ешқандай да шатастырып алмау жағын үнемі есте ұстау керек. Мынаны білген жөн, ұлтшылдықтың негізінде басқа халықтарға өзін қарсы қоюшылық, амтогонизм жатса, ал ұлттық рухтың табиғатына өз халқына деген сүйіспеншілік арқылы басқа халықтарды сүю мен құрметтеу тән. Кейбір республикаларда ұлттық мәдениет пен тілдің негізі қорғалмайды, мұның өзі ең алдымен осы республиканың басшылары мен коммунистеріне абырой әпермесе керек, өйткені марксизм бұл негізді түп-тамырымен жоюға қарсы, марксизм керісінше, барлық жағынан, түрі жағынан ұлттық, мазмұны жағынан социалистік мәдениетті жалпы адамзаттық мүдде тұрғысынан дамытуды көздейді, жол берсе, ол адамға барлық жағынан айып пен әділ кінә тағылуға тиіс. Күншілдік - басқа адамның басымдығын және өзінің әлсіздігі мен түкке шамасы келмейтіндігін түсіну. Басқалардың тасының өрге домалауы, күш-қуатының, қайратының артықтығы, сондай-ақ материалдық игілігі күншілдік сезімін тудырады. Өйткені әркімге іс- әрекет етуге құлшыныс танытушылық, мен басқалардан кеммін бе деп өзін-өзі жоғары қоюшылық пен сенімділік тән. Абай былай деген: «Адам бір боқ көтерген, боқтың қабы...» Іс-әрекеттің табыстылығы басым түсудің нәтижесі болып табылады әрі атақ, данқ, танымал, қоғамдық ықпал және т.с.с. формада көрінеді. Мұның бәрі күншілдің сасық намысын қоздырып, ашу-ызасын тудырады, жан дүниесін күйзелте түседі. Моральдық жағынан азапқа салады, бұдан ол өз бәсекелесінің сыртынан өсек айтып кемсітіп, үстінен әртүрлі өсек-аяң таратып, оның пайдалы істері мен әділ еңбектері жөнінде тіс жармай даттау жолымен құтылғысы келеді. Достық қарым-қатынас әдебін сақтап, «Жамандығын жасырып, жақсылығын асырудың» орнына, «түймедейді түйедей етіп көрсетеді». Күншіл өзінің кескін-келбеті жағынан әрқашан да өзі күндеп жүрген адамнан төмен тұрады немесе әскер тілімен айтқанда, сөз тасушы адам өсектеп жүрген адамының тырнағына датұрмайды. Ең алдымен өзі өсектеп жүрген адамнан гөрі сөз тасып жүрген адамның жеке басын тексеріп көру қажет. Өкінішке орай, бізде кейде керісінше істеп жатады. Күншіл - әсіресе, армияда жексұрын да зиянды адам, өйткені ол жаман адамгершілікке жат қылыққа, тіпті қылмысқа да бейім. Тіпті, күншіл адамның біреудің лайықты еңбегін елемеуі, ауызға да алмауы және басқалардың пайдалы істерін жұртшылықтың тануына қалайда кедергі келтіруге тырысып бағуы сияқты енжарлық әрекеттері - өте зиянды. Оның бұл әрекеті талантты да қабілетті адамдардың еңбек өнімділігін төмендетеді, сөйтіп іс пен жалпы мүддеге орасан зор нұқсан келтіреді. Күншіл адам ыждағаттылық, әділдік пен берілгендік сияқты адамның жақсы қасиеттерінің арасында кикілжің, іріткі салады. Сондықтан да мен «Ерлік елеусіз қалмасын. Олжа - елге сауға, атақ - ерге сауға» деп жазып едім. Күншіл кісі әдетте атақ, даңқ, шенқұмар, мақтаншақ келеді. Мақтан сүйгіш - алғашқы мағынасы абыройды, ар-намысты құрметтеу әрі ерік-жігердің қозғаушы күші деген ұмтылуды білдіреді. Сый-құрметке, атақ-даңққа, адамгершілікке жатпайтын, ойдан шығарылған, жалған жымысқы әрекетпен, шын мәнінде болған жайды өсіріп, өзінің еңбегі етіп көрсетуге ұмтылушылық. Бұған кейде біздің тілшілер де атақ құмар жандардың айтқанына елтіп, өздерінің аңғырттығымен жел беріп қояды. Мақтан сүйгіштікке қарсы қолданылатын бірден-бір құрал - қара қылды қақ жарар әділдік, ерлікті өте сезімталдықпен айыра біліп, тауып, көре білушілік. «Ерлікті таба білу - ерді тани білу». «Олжа - елге сауға, атақ - ерге сауға». «Ерлік елеусіз қалмасын» деген қағиданы қатал да парасатты түрде ұстан. Өзінің атқарған пайдалы қызметі үшін бірге қызмет істейтін жолдастары мен бастықтары тарапынан қолдау, мақұлдау күту - әрбір адамға тән нәрсе. Бұл сезімді қанағаттандыру бастықтардың тарапынан әділеттілік пен парасаттылықты талап етеді. Мұның өзі адамды рухтандырып, күш-жігер беріп, жұмыс өнімділігін арттырады. Өйткені әрбір адам өзіне ықылас қойып, көңіл аударуды аңсайды, ал солдат болса өзінің тырмысқан талпынысы үшін баталы сыйға емес, өзі сенімді қызмет етіп келе жатқан командирінің - халықтың, мемлекеттің өкілінің ықыласына бөленсем дейді.

Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды.

Жалғасы бар

Соңғы жаңалықтар