Қаншама ауыл мүшкіл халге жетіп, жабылып қалды — депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов елімізде ауылдардың азып-тозып, жабылып жатқанына алаңдаушылық танытты.

үйлер
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Қажетті инфрақұрылымның сапалы медицина мен білімнің, тұрақты жұмыс пен табыстың, тіпті қарапайым интернеттің жоқтығынан 34 жылдың ішінде туған ауылын амалсыздықтан аз адам тастаған жоқ. Соның салдарынан, қаншама ауылымыз «мүжілген сүйектей» мүшкіл халге жетіп, жабылып қалды. Соңғы 5 жылда ШҚО-да 350 ауыл, СҚО-да 635, Павлодар облысы бойынша 352 ауыл бос қалды. 2024 жылдың өзінде-ақ СҚО-да 141 ауыл мәртебесінен айырылған. Бұл — жай ғана ауылдардың сандары емес, мыңдаған отбасының туған жері, ұшқан ұясы, өмірінің тарихы ғой. Ауыл деген жай жаба салатын есік емес, қазақтың алтын бесігі екенін неге ұмыттық, — деді Ринат Зайытов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдай отырып.

Халық қалаулысының айтуынша, бір — екі бағдарлама Қазақстанның барлық ауылын гүлдендіріп жібере алмайды.

— Кеше Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы өзінің қорытынды сөзінде: «Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл — ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалары туралы» атап өтті. Бүгінде ауыл тұрғындары өз күнімен қандай да бір іс бастайсың десе де кедергілер өте көп, мал бағып, егін өсірейін десе, жері, кәсіп бастайын десе, қаржысы, қажетті инфроқұрылымы да жоқ. Тұрғындарын былай қойып, ауылдың әкімінде де қарапайым қажеттіліктерді өтейтін бюджетте техника да, пәрмен де жоқ. Ауылдарды осындай күйге жеткізген соң, ауыл халқына неге көштің деп қай бетімізбен айтамыз? «Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар» — дегенді бәріміз білетін шығармыз, — дейді ол.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Абай облысы Аягөз ауданында 10-нан астам ауылды жапқалы жатқанын айтты. 

Осы орайда Ринат Зайытов ауылдарды дамыту үшін келесі ұсыныстарды алға тартты: 
1. Ауыл әкімдерінің пәрменін күшейту;
2. Бір ауылға бір техника, яғни ауылдарды техникамен қамту;
3. Бұл мәселені ұлттық деңгейге көтеріп, Үкімет басшылығы және облыс әкімдері деңгейінде қоныс аудару жөніндегі мемлекеттік комиссия құру;
4. Ауылдық жерлерге жастарды тұрақтандыру және қоныстандыруға бағытталған жұмыс жоспарын құру, оны ауылдық жастарға жеткізу.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауылдық аймақтарды дамытуға арналған қолдауды бір бағдарламаға біріктіру керектігін айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар