Қант диабеті әлеуметтік мәні бар ауру ретінде қалады — министрлік
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде қант диабеті дертін әлеуметтік маңызы бар дерттер қатарынан алып тастады деген ақпарат тарады. Қазір қоғамда әртүрлі болжам айтылып жатыр, осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі мән-жайды түсіндірді.

— 2025 жылғы 14 шілдеде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі туралы заң күшіне енді, оның шеңберінде мемлекет қаражатының есебінен кепілді қамтамасыз етілуге жататын әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесі қайта қаралды. Туберкулез, АИТВ, қатерлі ісіктер, инсульт, жекелеген сирек және мінез-құлық бұзылысын қоса алғанда, елдің санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығына негізгі әсер ететін ауруларға мемлекеттік кепілдік толық көлемде сақталды. Қант диабеті әлеуметтік мәні бар ауру ретінде қарастырыла береді. Алайда, халықаралық практиканы ескере отырып және терапияны кеңейту мақсатында оны қаржыландыру МӘМС пакетіне ауыстырылды. Бұл шешім пациенттерді қорғау деңгейін төмендетпейді, керісінше қаржыландырудың тұрақтылығын нығайтады және денсаулық сақтау қызметтерінің ауқымын, соның ішінде соңғы емдеу әдістерін кеңейтуге мүмкіндік береді, — делінген ресми ақпаратта.
Бұл ретте 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ қант диабетінің асқынған ағымы (ретинопатия, нефропатия, БСА, жүрек-қан тамырлары аурулары) бар ересек пациенттер, әдетте, МӘМС шеңберінде сақтандырылған жеңілдікті санаттарға кіреді.
Екінші типтегі қант диабеті негізінен 45 жастан асқан адамдарда анықталады. 2 типті қант диабеті дамуының негізгі қауіп факторы артық салмақтың болуы, жоғары калориялы тағам және отырықшы өмір салты. Бұл аурудың ерте диагнозымен, тамырлы асқынулардың пайда болуымен және дұрыс кешенді емдеумен ұзақ клиникалық ремиссияға қол жеткізу мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ қант диабетін ерте анықтауға скрининг жүргізу сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін мемлекеттік кепілдендірілген көмек шеңберінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жүргізіледі.
Қант диабеті бар пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша министрлік ауқымды талдау жүргізді, оның барысында сатып алу құрылымы қайта қаралып, препараттардың позициясы ұтымды болды және тізбелерге енгізу өлшемшарты нақтыланды.
— Фокуста — жүйенің тұрақтылығы, халықаралық ұсыныстарға сәйкестігі және клиникалық негізділігі. Барлық шешім пациенттердің, әсіресе балалық шақтың мүддесіне басымдық бере отырып және олардың емдеу құқығын толық сақтай отырып қабылданады. Қазақстан бүгінде өңірдегі инсулиндердің кең спектрін ұсынады және барлық санаттағы пациенттер үшін тегін ұсынуды қамтамасыз етеді. Заманауи препараттарға, оның ішінде инсулин помпаларына арналған шығын материалдарының бағасын қайта қарау және бюджет ресурстарын жоғары тиімді терапияның пайдасына қайта бөлу арқылы дәйекті көшу жүргізіліп жатыр, — дейді ведомстводан.
Сонымен қатар министрлік детемир инсулині Novo Nordisk өндірушісінің оны 2026 жылдан бастап шығаруды тоқтату туралы ресми хабарламасына байланысты сатып алудан шығарылғанын хабарлап отыр.
— Босатылған қаражатқа тек балалар мен жүкті әйелдерде ғана емес, клиникалық ұсынымдарға сәйкес барлық мұқтаж пациент үшін де деглудек инсулинін жеткізуді кеңейту жоспарланып отыр, — деп түсіндіреді министрліктен.
Министрлік дәлелді медицина қағидатын, халықаралық стандарт пен азаматтардың нақты қажеттілігін басшылыққа ала отырып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруді жалғастырады. Мақсат өзгеріссіз қалады — барлығына тең, қауіпсіз және тиімді емдеу.
Айта кетсек, кейінгі 3 жыл аралықта Қазақстан қант диабетіне шалдыққандарды емдеу үшін 157 млрд теңгеден астам қаржы жұмсады. Бұл қаржыға негізінен дәрі-дәрмек сатып алынады.
Биыл көктемде жастар қант диабетіне көптеп шалдығып жатқаны туралы хабарлаған едік.