Қаңтарылған жүк көліктеріне қатысты дау: көлік иесі 10 тәулікке қамалды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Петропавлда полицияның талабына бағынбаған жүк көліктері иесінің ісі сотта қаралып, әкімшілік жаза кесілді.
Істі Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты қарады.
Соттың мәліметінше, бірнеше жүк көлігі ұзақ уақыт бойы «Астана-Көкшетау» республикалық маңызы бар автожолының 479-480-шақырымында, Петропавл маңында тұрған. Соның салдарынан жол жабынына зақым келіп, шөккен.
Полиция қызметкерлері көлік иесіне жүк көліктерін жол жиегінен алып тастау туралы заңды талап қойған. Алайда ол бұл талапты орындамаған.
Сот отырысында құқық бұзушы автокөліктерді алып кетуге кілттердің болмауы, жүргізушілермен байланыс үзілгені және техникалық ақаулар кедергі болғанын айтты. Дегенмен ол сотқа мұны нақты дәлелдермен растай алмаған.
Соттың пікірінше, көлік құралының меншік иесі оның сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ жол қозғалысына кедергі келтіретін жағдайларды дер кезінде жоюға, оның ішінде техникалық ақауы бар көлікті жөндеу немесе эвакуациялау бойынша шара қабылдауға міндетті.
Жаза тағайындау кезінде сот құқық бұзушылықтың сипатын, істің мән-жайын және азаматтың бұған дейін де ауыр салмақты жүк көліктерін пайдалануға байланысты әкімшілік жауапкершілікке бірнеше рет тартылғанын ескерді.
Сот қаулысымен ер адам Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 667-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Петропавлға кіре берісте үш күн бойы 30 шақты жүк көлігі қаңтарылып тұрғанын жазған едік.