Қантты 3,6 есе, тұзды 5 есе азайтады: мектепте тамақтанудың жаңа стандарты әзірленді
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 1 қыркүйектен бастап мектептерде дұрыс тамақтану бойынша халықаралық ұсынымдарға сәйкес әзірленген тамақтанудың жаңа стандарты және перспективалық мәзір қолданысқа енгізіледі. Толығырақ Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтып берді.

- Маңғыстау облысындағы тамақтан улану оқиғалары ерекше алаңдаушылық тудырды. Бұл тәсілдерді реформалау қажеттілігін көрсетіп отыр. Балалар болатын объектілердегі қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында біздің министрлік мемлекеттік бюджеттен қаржыланатын балалар объектілерін мемлекеттік бақылауды күшейту жөніндегі жаңа тәсілдерді әзірледі, - деді Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында.
Енгізілетін негізгі түзетулер:
- балалар болатын объектілер үшін ерекше мәртебе беру;
- объектідегі ағымдағы жағдайды дұрыс бағалау үшін алдағы тексерулер туралы алдын ала хабарламаны алып тастау;
- объектілерді санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келтіру мақсатында мониторингтік сапарлар жүйесін енгізу.
- Биыл 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында дұрыс тамақтану бойынша халықаралық ұсынымдарға сәйкес әзірленген тамақтанудың жаңа стандарты және көп нұсқалы үлгілік перспективалық мәзір қолданысқа енгізіледі. Тамақтанудың жаңа стандарты дұрыс тамақтануға бағытталған, атап айтқанда семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа аурулардың даму қаупін азайту мақсатында қантты 3,6 есе тұзды 5 есе дейін азайтуды көздейді. Бұл норма инфекциялық емес ауруларды, атап айтқанда, балалардағы семіздікті 15%-ға дейін, қант диабетін 20%-ға дейін, артериялық гипертензияны 18%-ға дейін және басқа да созылмалы ауруларды 15%-ға дейін азайтуға ықпал етеді, - дейді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, тамақтану стандартында ас блоктары жоқ шағын жинақталған мектептер үшін мәзір көзделген, алғаш рет мектеп тағамдарына қанағаттану деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін жеуге жарамсыздық индексі (тәрелкедегі тамақ қалдықтары) ұғымы енгізілді.
- Тамақтанудың жаңа стандарты білім беру объектілері мен мектепке дейінгі балалар объектілеріне қолданылады. Тамақтану стандартын енгізу мақсатында қазіргі уақытта Білім және денсаулық сақтау басқармаларының, мектеп әкімшіліктері мен тамақ өнім берушілерінің қатысуымен оқыту семинарлары өткізіліп жатыр,- деп толықтырды А. Әлназарова.
Бұған дейін министр мектеп асханаларында жиі бұзылатын заң бұзушылықтарды атады.