Қапшағай маңында ҚР Құрлық әскерлеріне қарасты инженерлік бөлімшелердің оқу-жаттығу жиыны өтуде (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы маңындағы Қапшағай суқоймасының жанында орналасқан «Жағалау» оқу полигонында ҚР Құрлық әскерлеріне қарасты инженерлік бөлімшелердің оқу-жаттығу жиыны өтуде.
None
None

«Бұл шараның мақсаты - мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығын шыңдау, оларды далалық жағдайда бірлесіп соғыс қимылдарын жасау әдістеріне үйрету», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысы басқармасының инженерлік қызметінің аға офицері, подполковник Данияр Әлиасқар.

Оның айтуынша, жиын барысында дұшпан басып алған аумаққа инженерлік барлау жүргізу, мина бөгеттерін жасау, мина алқаптарынан өтетін өткел жасау әрекеттері қарастырылады. Сонымен қатар, су арналарынан өту шаралары да ұйымдастырылды.

«Практикалық дәрістерге 400 әскери қызметші, 100 техника мен қару-жарақтар тартылды. Сонымен қатар, 200 келіден астам инженерлік оқ-дәрі пайдаланылды», - деді Д. Әлиасқар.

Айта кетсек, Аэроұтқыр әскерлері - ел Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының резерві.

Аэроұтқыр әскерлерінің арнайы мақсаттағы дербес инженерлік-саперлік жасағы 2003-2008 жылдар аралығында Ирак Республикасында бейбітшілік және қауіпсіздікті сақтау бойынша Коалициялық күштер құрамында бітімгершілік миссияны атқарған болатын. Бітімгершілеріміздің кәсіби біліктілігі мен жауынгерлік шеберлігі шетел мемлекеттері мен Коалициялық күштердің қолбасшылығы тарапынан жоғары бағаланды.

Үстіміздегі жылы 27 шілдеде басталған оқу-жаттығу жиыны 21 тамызға дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум