Қапшағайда 11 жасар баланы ток соғып, қаланың электр желілеріне тексеру жүргізілгелі жатыр
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Осы жылдың мамыр айында Қапшағай су қоймасының жағалауында 11 жасар баланы ток соғып, ол көз жұмды. Бұл жағдайға кім жауапты және оқиғадан кейін қандай шаралар қолға алынбақ. Бұл туралы Kazinform тілшісі анықтап, білді.

Электр желілері кімге тиесілі ?
Марқұм баланың туысы бұған дейін бейнеүндеуде бала салбырап тұрған сымды байқамай қалып, оны ток соққанын айтқан еді. Айтуынша, бұл электр желілері жеке демалыс аймағына тиесілі.
Алайда демалыс орнының өкілдері бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын және қайғылы жағдай олардың аумағында емес, көрші аумақта болғанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр.
Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Жансұлтан Оңалбаевтың Kazinform агенттігіне берген жауабында қайғылы оқиғаның Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында орналасқан жекеменшік нысанның №1 құрылыс аймағында болғаны айтылған.
— 2003 жылғы шекараларды бөлу актісіне сәйкес, аталған аумақта орналасқан электр желілері азамат Т.-ның меншігінде, яғни желіні күтіп ұстау сол азаматың мойнында, - деді әкімнің орынбасары.
Қайғылы оқиғадан кейін қандай шаралар қолға алынды ?
Қонаев қаласы әкімдігінің мәліметінше, оқиғадан кейін меншік иесі жақын маңдағы электр желілері тіректерін қауіпсіз аймаққа көшірген. Сонымен қатар шомылу маусымы басталғалы бері жергілікті атқарушы органдар Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, жағалау аймақтарын, оның ішінде жеке демалыс базаларын үнемі аралап, тексеру жұмыстарын жүргізіп келеді. Демалыс аймақтарының иелерімен және демалушылармен қауіпсіздік пен санитарлық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қалаға қарайтын №5, №6 және №7 жағажайларында 36 құтқарушы тәулік бойы кезекшілік етеді және бейнебақылау камералары орнатылған.
Жақын арада Қонаев қаласының әкімдігі барлық жағалау аймақтарында, соның ішінде жеке меншіктегі аумақтарда инженерлік инфрақұрылымның, оның ішінде электр желілерінің техникалық жай-күйін жоспардан тыс кешенді тексермек. Оған уәкілетті органдар мен электр энергетикасы саласындағы мамандар тартылады.
Қара жамылған отбасыға көмек
Қаза болған баланың отбасына көмек көрсетіле ме?. Бұл сұраққа Жансұлтан Оңалбаев бала Алматы қаласының тұрғыны және сол жерде тіркелген болғандықтан, Қонаев әкімдігі тарапынан көмек көрсету қарастырылмағанын айтты.
Су айдындарындағы қауіпсіздік
Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті жаз мезгілінде, әсіресе кәмелетке толмағандар арасында, су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді алдын алу шаралары жүзеге асырылып жатқанын хабарлады.
ТЖД бастығының орынбасары Ермек Момбаевтың айтуынша, шомылу маусымы басталар алдында арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Осы жоспарға сәйкес рейдтер күн сайын, тіпті түнде де өткізіледі. Бұл жұмыстарға департамент, әскери бөлім қызметкерлері және еріктілер жұмылдырылған. Мониторинг үшін жылу камералары мен дауыс зорайтқыштармен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) пайдаланылады. Демалыс және мереке күндері алдын алу шаралары күшейтіледі.
Биыл облыс бойынша шомылу рұқсат етілген 7 коммуналдық және 96 жеке жағажай жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар 87 қауіпті учаскеде 100-ден астам ескерту белгісі орнатылған. Қапшағай су қоймасындағы коммуналдық жағажайларда бейнебақылау камералары орнатылып, тікелей орталық диспетчерлік пунктке қосылған.
Айыппұл мен ескертулер
2025 жылдың басынан бері су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 46 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 633 052 теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар шағын көлемдегі кемелерді пайдалану ережелерін бұзған және тіркеусіз жұмыс істеген кәсіпкерлер анықталып, оларға да айыппұл салынған.
Одан бөлек қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені және ішімдік ішкені үшін 38 адам полиция тарапынан жауапқа тартылды.
Инфрақұрылым қауіпсіздігі
Агенттік сауалына жауап берген Төтенше жағдайлар департаменті электр желілерінің жай-күйі тексеру департамент құзыретіне кірмейтінін хабарлады. Алайда қауіпсіздікке қатысты заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, уәкілетті органдар мен әкімдіктердің қатысуымен арнайы комиссиялық тексерулерге ТЖД мамандары қатысады.
— Жағажайлар мен көпшілік демалыс орындарына жақын орналасқан электр желілерінің, трансформаторлық қосалқы стансалардың, әуе және кабель желілерінің техникалық жағдайына жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті органдар тиісті нұсқамалар беріп, апатты учаскелердің жұмысын тоқтатып, нысан иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, — деді Ермек Момбаев.
Сонымен қатар ТЖД мәліметінше, шомылу маусымына дайындық аясында халық көп жиналатын демалыс орындары мен балалар жазғы лагерьлерінің жанындағы су айдындарының түбін тазалау және тексеру жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта 41 демалыс орны тексерілген. Алайда ТЖД өкілі жекеменшік нысандардағы электр желілері мен инфрақұрылымды тексеру тек меншік иесінің өтінішімен немесе келісімімен ғана жүзеге асырылатынын түсіндірді.
Қайғылы оқиғалардың статистикасы
2024 жылы облыс аумағындағы рұқсат етілмеген орындарда 15 адам суға кеткен, оның 12-сі — Қапшағай су қоймасында. 2023 жылмен салыстырғанда қайғылы жағдайлардың саны 21%-ға азайған, сондай-ақ балалар өлімі тіркелмеген.
Бүгінгі күні су қоймаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 13 құтқару бекеті жұмыс істеп тұр. Бұл бекеттерде 70-тен астам қызметкер, 31 жүзу құралы және 45 суасты құрал-жабдықтары бар. Бұдан бөлек 47 қоғамдық құтқарушы арнайы дайындықтан өткен.
Еске салайық, бұған дейін Қонаевтағы демалыс аймағында ток соққан 11 жасар бала қайтыс болғанын жазғанбыз. Бұл дерек бойынша Қонаев қаласының полиция басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады.