Қапшағайда депутаттың көз алдында жас қыз суға батып кетті
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қапшағай су қоймасында жас қыз суға батып кетті. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлім етті.

Қайғылы жағдай кезінде жағажайда Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек те болған. Айтуынша, қызды судан куәгерлер алып шыққан.
— Жағалауда қауіпсіздікке жауапты ешкім болмады. Құтқарушылар, бейнебақылау камералары, құтқару құралдары, медициналық қызметкер жоқ. Су қоймасының жағасы жеке кәсіпкерлерге берілген. Қызды судан куәгерлер алып шығып, алғашқы көмек көрсетуге тырысты, — дейді ол.
Депутат жағажайлардың кімге тиесілі екенін анықтап, заң талаптарын бұзғандарды жауапқа тарту үшін тексеріс жүргізуді талап ететінін жеткізді.
Полиция департаменті қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
— Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер құтқару техникасының және кезекші құтқарушылардың бар-жоғын, демалыс аймағының белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін анықтайды, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Қапшағай су қоймасының жағалауында 11 жасар баланы тоқ соғып, көз жұмған болатын.