Қапшағайда катермен адамды қағып өлтірген азамат 2 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қонаев қаласының соты Қапшағай су қоймасында демалушының қаза табуына байланысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.
Сотталушы катерді басқарып, жалға беру қызметін көрсету барысында су көлігі қауіпсіздігін өрескел бұзып, соның салдарынан 23 жастағы ер адамды мерт қылды.
Оның әрекеті Қылмыстық кодексінің 344-бабының 2-бөлігі бойынша сараланды.
— Тергеу барысында 2025 жылғы 2 шілдеде сотталушы катермен су қоймасының акваториясына ымырт уақытта, шектеулі көріну жағдайында әрі жолаушылар саны да рұқсат нормадан асып кеткені анықталды. Соның салдарынан ол шомылып жүрген азаматты қағып кетіп, ол алған жарақаттарынан қаза болды, — делінген хабарламада.
Мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушыны 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, сондай-ақ 3 жыл мерзімге су көлігі саласында қызмет атқару құқығынан айыруды сұрады.
Сот үкімімен кінәлі азамат 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, сондай-ақ 2 жыл мерзімге су көлігі саласында қызмет атқару құқығынан айырылды. Сотталушы сот залында қамауға алынды.
Үкім заңды күшіне енді.
Айта кетелік Қапшағайда депутаттың көз алдында жас қыз суға батып кеткен еді. Сонымен қатар Қапшағай жағалауындағы жер телімдері тексеруден өтіп жатқаны туралы да жазған едік.