«Қар барысы, барсың ба?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 24 желтоқсан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады

«Қар барысы, барсың ба?» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газеті хабарлап отырғандай, Әнұран сөзі авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жұмекен Нәжімеденовтің қайта жарық көрген прозалық шығармалары таныстырылды.

«Жұмекен Нәжімеденов - тек поэзиясымен ғана емес, сонымен бірге, бірнеше прозалық шығармаларымен де танылған қаламгер. Оның қаламынан туындаған «Ақ шағыл» романы 1973 жылы, «Кішкентай» романы 1975 жылы, ал «Даңқ пен дақпырт» романы 1977 жылы жарық көрген. Енді жазушының аталған роман­дары «Өлке» баспасынан «Жасөспірімдер кітапханасы» сериясымен қайта басылып шықты»,-деп жазады басылым.

Жалпы, баспа директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкеновтің айтуынша, Жұмекен Нәжімеденов - дарынды ақын әрі жазу­шы ретінде кеңінен танымал болған тұлға. Және биыл қа­ламгердің 80 жылдық мерейтойына орайластырып романдарын жеке кітап ретінде қайта басып шығаруды көздедік. Бұл кітаптардың бір ерекшелігі, әр кітапта әр роман туралы зерттеу мақалалары қоса беріліп отыр екен. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Нәжімеденов кітаптары таныстырылды» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Шетелдегі музейлерде біздің талай құн­дылықтарымыз қайтарусыз жатқаны шындық»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында. «Егер біз ұрпағымыздың болаша­ғына алаңдаған, тарихтан тағылым алған ұлт болсақ, сол экспонаттарды сұратуымыз керек. Кезінде Эрмитаждағы Тайқазанды да елге қайтардық емес пе? Ендеше, елара­лық келісім жасап, жәдігерлерімізді неге алдырмасқа? Шетелде біздің қандай құнды­лық­тарымыз бар? Алдымен АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан Метропо­ли­тен музейінен бастасақ. Метрополитен - әлемдегі зиярат жасаушылары жөнінен төртінші орында тұрған атақты музей. Бүгінде музей топтамасында 2 миллионнан астам өнер туындасы бар, соның ішінде біздің тарихымызға қатысты мол дүние сақ­талған. Тікелей қазаққа қатысты бол­маса да, біздің бабаларымыздың тәбә­рік­тері бар. Сақтардан, ғұндардан, қыпшақ­тардан, алтынордалықтардан, моғолдар­дан, мәмлүктерден қалған мол дүние осы музейде сақтаулы тұр».

Бұл өзекті тақырып Мәжілісте өткен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­медиұлының үкіметтік сағатында көтеріліп, депу­таттар шетел музейлеріндегі қазаққа қа­тыс­ты құнды жәдігерлерді елге қайтаруды талап еткен еді.

«Әлемдегі көптеген музейлерде, мәселен, Лувр, Британ музейі, Британ кітапханасы, Метрополитен музейі, Эр­ми­тажда біздің мәдени құндылықтары­-мыз бар. Қазақ хандарының хаттары, руна жазбаларының ескерткіштері, қалалардың карталары, Кенесарының қылышы, Бөкей ордасы ханының суреті, Абылай ханның заттары секілді жәдігерлер шетелде қойыл­ған. Осы экспонаттарды біртіндеп қайтару бойынша стратегиялық жұмыс жүргізу қажет. Бұл біздің ұлттық идеямыз болуы тиіс»,-деген болатын депутат Гүлнәр Ықсанова:

«Шетелде біздің қандай құнды­лық­тарымыз бар?» деген сұраққа жауап бере отырып басылым авторлары «Алдымен АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан Метропо­ли­тен музейінен бастайты. «Метрополитен - әлемдегі зиярат жасаушылары жөнінен төртінші орында тұрған атақты музей. Бүгінде музей топтамасында 2 миллионнан астам өнер туындасы бар, соның ішінде біздің тарихымызға қатысты мол дүние сақ­талған. Тікелей қазаққа қатысты бол­маса да, біздің бабаларымыздың тәбә­рік­тері бар. Сақтардан, ғұндардан, қыпшақ­тардан, алтынордалықтардан, моғолдар­дан, мәмлүктерден қалған мол дүние осы музейде сақтаулы тұр»,-деп жазады басылым. Шетел музейлерінде қазақ ұлтының тарихына қатысты қандай құнды деректер бар екендігі «Айқын» газетінде жарық көрген «Жат жердегі жәдігерлер» деген мақаладан оқи аласыздар.

«Соңғы он жылдықтар ішінде ел аумағында тіршілік ететін қар барысының саны едәуір қысқа­рып, қазір 110-130 басты құрап отыр. Ал әлемде 4500-7000 қар бары­сы бар болса, оның 70-90-ы Ресейді, 2000-2500-і Қытайды, 150-500-і Қырғызстан аумағын, 20-50-і Өзбекстан аумағын мекен етеді»,-деп жазады бүгін «Айқын» газеті. Расымен де, қазақ фаунасында толығымен жойылып кету қаупі алдында тұрған қар барысы бүгінде үлкен мәселеге айналып келеді. Олардың азаюына түрткі бола­тын басты себеп - аңшылық. Заңсыз браконьерлер олардың өздерін де, жемтіктерін де (аулап жейтін тұяқты аңдар) жойып жіберуде. Уақыт өткен сайын тауға жа­йы­латын үй малы көбейіп, таулы аймақтарға жолдар, спорт кешендері, курорттар мен тағы да басқа нысандар көптеп салынып жатыр. Онда барушылардың кө­беюі де тау-тасты мекен ететін бұл аңның азаюына, олардың тіршілік ететін аумағының қысқаруына әкеп соқтыруда. Себебі қар барысы - адамдар көп жүретін жерлерге жоламайтын тау тағысы. Оған қоса қасқырларға құрылған тұзақтар да жығылған үстіне жұдырық болып отыр. Барыс пен оның тіршілік ететін ортасын сақтап қалуға бағытталған тиімді іс-шараларды әзірлеу үшін оны ұзақ уақыт бойы мониторингтен өткізіп, зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру қажет. «Қар барысы, оның тіршілік жағдайлары Қазақстанда да өзге елдердегі сияқты өте аз зерттелген. ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Зоология институты 2012-2014 жылдары тұңғыш рет барыстарды мақсатты түрде зерттеумен айналысқан болатын. Ол кезде жыл сайын мемлекет бюджетінен 5 млн теңгеден бөлініп отырды. Экспедициялық зерттеулер нәтижесінде олардың мекендейтін жерлері, тіршілік ететін ортасы, қоректік базасы, сондай-ақ жағымсыз факторлардың әсері зерттелді. Фототұзақтардың көмегімен негізгі ошақтарды мекендейтін ілбістердің саны анықталды. Соның нәтижесінде, қазіргі Қазақстан жерін 110-130 барыс мекендейді деген тұжырым жасалды. Жоба іске асырылған жылдары қар барысының экологиясын мониторингтеу ісінің негізі қаланды. Алайда қазіргі таңда мемлекет мұндай ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыруды тоқтатты. 2014 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бастамасымен Қазақстандағы ілбістерді сақтап қалу және зерттеу жоспары әзірленген болатын. 2015-2020 жылдарға арналған жоспарды дайындауға біз де белсенді түрде атсалыстық. Онда тау тағысын қорғауға бағытталған іс-шараларға қоса, тиісті ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған-ды. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін Зоология институты жанынан Барыстарды мониторингтеу орталығы ашылды. Бірақ 2015 жылы мемлекет тарапынан қаржы бөлінген жоқ. Келер жылы жағдайдың қалай болары тағы белгісіз. Қар барыстарын зерттеу ауадай қажет және еліміз үшін өте маңызды. Осыны ескере отырып, біз Қазақ географиялық қоғамынан көмек сұрадық»,-деген басылым бетіне ойын білдірген ҚР БҒМ ҒК Зоология институтының кіші ғылыми қызметкері Алексей ГРАЧЕВ. Бұл мәселе туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Қар барысы, барсың ба?» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

«Экспресс-К» басылымының жазуынша, Қазақстанның құқық қорғау органдары қамау мекемелерінде орын алатын заңсыз әрекеттерді ашық жариялайды. Бас прокурордың орынбасары Нұрмаханбет Исаевтың сөзін назарға ала отырып, басылымның хабарлауынша, прокурорлар үш жыл ішінде 47 істі сотқа жіберіп, сотталушыларға күш қолданған 82 полция қызметкерінің өзін қамауға алғызған. Бұл туралы басылымда жарық көрген «Институт нездорового питания» деген мақаладан оқи аласыздар.