Қар, жел: Тағы екі автожолда қозғалыс тоқтатылды
Күн райының бұзылуынан тағы екі автожолда қозғалыс шектелді, деп хабарлайды Кazinform QazAvtoJol компаниясына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, қар мен жол бойының көріну нашарлығына байланысты «Көкшетау – Рузаевка» күре жолының екі учаскесі жабылды. Бірінші учаске – Ақмола өңірінің шекарасынан Рузаевка ауылына дейін (СҚО территориясы). Екінші учаске – Көкшетау қаласынан СҚО шекарасына дейін (Ақмола облысының территориясы).
Еске салайық, бүгін кешке, сағат 20.00-ден бастап Ақмола облысында «Көкшетау – Атбасар» трассасында көліктің барлық түріне қозғалысқа тыйым салынды.
Сондай-ақ сағат 22.00-ден «Астана – Көкшетау» автожолында («Астана – Щучинск – Көкшетау») шектеу енгізу жоспарланып отырғаны айтылған болатын.
Бүгін СҚО-да алғашқы қар жауғанын жазған едік.
Синоптиктер, ертең, 23 қазанда күн райының бұзылуына байланысты 17 өңірде ескерту жариялады.